Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  98


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ШЕКАРАДА

Отанымның ең шетінде тұрмын мен,
Достарыммен бірге ойнап,
 Бір күлген.
Ары қарай жалғыз қадам аттасам,
Болар едім дүниені бүлдірген.
Жаңылдырып əкетсе егер жаңсық ой,
Жүрер едім азап шегіп қаншама ай!
Ары қарай адым емес,
Бір елі.
Артық баспау...
Көрсетілген заң солай!
Ар жағында бөтен өңір,
Басқа ен.
Басқа бұлақ,
Басқа өзен,
Басқа көл.
Бəрі мені жат көреді, жасқайды
Желкемнен ап, лақтырып тастайды.
Жазы қыстай,
Қысы қандай білер ек?
Бұталары қанжар болып тілер ет.
Тұнық ауа көмір қышқылындай боп,
Топырағы толған темір тікенек.
Иті көрсе астына илеп жеп берер,
Ал адамы иттен дағы жек көрер.
Өмір бойы көзтүрткі боп өтер ем,
Атын алып «тыңшы» деген шеттегі ел.
Жаңсақ басып Отанымнан кетуім,
Демек, басқа жат бір елге өтуім.
Тыныштықтың қадірлерін танымай,
Бұл өмірдің тозағына жетуім.
Туған жердің ең шетінде, тұрмын мен,
Туыстармен бірге ойнап,
Бір жүрген.
Шексіз жерде талай жүріп шекімеу –
Шекарада нық басуды білдірген.
 * * *
Адамда екі көз бар көретұғын,
Екі аяқ бар баратын,
келетұғын.
Ерекше көргендерін құшақтайтын,
Екі қол бар алғанын беретұғын.
Екі өкпе бар еркінше дем алатын.
Екі өкпе бар еркінше дем алатын
Екі бүйрек бар тірлікке көне алатын.
Екі мүше жетеді айта берсе,
Мұндай жайға еріксіз сенеді ақын.
Түзу жүру – өмірде жол асылы,
Осы бағыт бақыт құс қонатыны.
Туғанынан топырақ жамылғанша,
Адамда бірақ Отан болатыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу