Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  96


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТҰРМЫС ТОЛҒАУЫ - ЕКІНШІ ЖЫР

Күмісті айыра алмай қалайы деп,
Көңіліңе дақ салдым-ау талай рет.
Өзге емес,
Өр көңілім
Бұл заманның
Сайраған бұтағында Абайы боп.
Ақындық – тағдырымның сыйы маған
(Шын өнер барған сайын қиындаған).
 Ақындық аспанында биік боп тұр,
Абайдай болу деген қиын маған.
Алатау шыңдарында мекендедім,
Топшымды жетілдірдім, бекемдедім.
Қымызға құмар болдым, (шын мəнінде),
Арақты жүз грамдап көтермедім.
Қаймығып қабағыңнан ыға білдім,
Аға боп, болдың менің мұғалімім.
Тағы да Біржандай боп домбыра алып,
Астында əн шырқадым құба қырдың.
Айттым мен Баяндардың, Қозылардың
Əндерін ту аспанға созылатын.
Көңіліне ұяладым, қияладым,
Түстім мен тұрымтайдай көзі бардың.
Ешкімнен көргемін жоқ аласарып,
Орады, қарсы алды таласа бұлт...
(Тастаған Құрқұдыққа Шəкəрімді,
Қалдығы НКВД-ы Қарасартов).
Соңымда жүрді менің солай бола,
Қозғады өздеріне қолайлы арна.
Кеселім тиді сонда келсаптай боп,
Жазықсыз жүрген сонда Тоқайға да.
Өзінше саясатқа кесектеліп,
Жүрді олар қауесеттен өсек теріп.
Туғанда егемендік өміріміз,
Қалды олар кəдімгідей есек болып.
Қаптаған жан-жағыңнан қауіпті ой,
Бояуын баттастыра жағыпты ғой.
Болса да азаматтық адалдығың,
Кейітіп жүрегіңді ауыртты ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу