Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  139


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

АЯУЛЫ ƏН

Зағижанға
Тербейсің жүрегімді теңіздейін,
Аяулы Əн,
Сені аңсап,
Сені іздеймін.
Жатсам да, тұрсам дағы жабырқаймын,
Жаратқан жаратылыс егіздейін.
Аяулы Əн!
Сені кімнен сұрап білем?
Мазалай береді осы сұрақ кілең.
Көңілді желпіндіріп таң сəріден,
Көктемгі гүл бақтарға құлақ түрем.
Əуенің мұңайғанды тыңайтатын,
Əуеде күн айтатын,
Түн айтатын.
Адасып қалған жастық кездерімнен
Аяулы əн!
Өзің ғана сыр айтатын.
Қайдасың, кеттің бе, сен, Əн еліне?
Қиналдым келтіре алмай мəнеріңе.
Тулатқан жүрегімді аяулы əнім,
Туған жер табиғаты тəн өзіңе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу