Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  110


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖАМБЫЛ КҮЙІ ТОЛАССЫЗ КҮМБІРЛЕГЕН - БЕСІНШІ ЖЫР

Жамбыл жылы басталды.
Жамбыл жылы,
Нөсерлейді қазақтың жаңбыр жыры.
Нөсерлесе Қазақтың жаңбыр жыры,
Шуақтана төседі жанның нұры.
Ғасыр жылы басталды,
Ғасыр жылы.
Қанат қағып қаламнан ғасыр жыры,
Жамбыл тауы бауырында тəй-тəй басқан,
Тəу етеміз тəкаппар тасыңды ұлы.
Жамбыл жылы – жанымның думандары,
Көтереміз көгілдір тудан да əрі.
Көрсете біл өнерді ұлы тойда,
Жержүзінде қазақ боп туған бəрі.
Айқай, шіркін!
Өлеңнің дарабозы,
Дарқан жатқан лайық далама өзі.
Əкесі оның – Екейдей ұлы атадан,
Ал, Анасы – қазақтың қаракөзі.
 Жамбыл жылы – қызыққа далам тұнып,
Жасылданған бұтақта жаңа əн күліп.
Жетісудың барлығы сия болса,
Ормандарын ұстаймын қалам қылып.
Дəстүрімнен, салтымнан мол мұра алған,
Құсбегідей қолына қондыра алған.
Бəз біреудей қолына шоқпар алмай,
Жəкем менің, қолына домбыра алған.
Есімінде сайраған таңғы бұлбұл,
Қасиетті халқымның əн-жыры тұр.
Жиырмасыншы ғасырдың Гомері емес,
Жыр боп туған Қазақтың Жамбылы бұл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу