Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  140


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

КИЕЛІ АЙМАҚ

Киелі аймақ!
Киімшең туған балаңмын,
Терімде менің исі бар сіңген даламның.
Қосағашың да құрмет тұтқан
Моласын,
Ұланымын,
Шақантай батыр Бабаның.
Алаңдап өткен!
Алаң да алаң, алаң Күн!
Алаңдап жүріп, алыстап кеткен балаңмын.
Аралап жүрген самалындай Арқаның,
Аялап сүйген өзің де асқақ бар əнім.
Жорықты сүйген еріткен майдай терлікті,
Шақантай батыр сыйлаған екен ерлікті.
 Шарынға қарай шарболатыменен қуыпты,
Шағанобадан шаң көтеріп келген Дербітті.
Білесің бе оны, білесің бе оны, Киелім,
Батыр Бабамды сүйетіндей сені сүйемін.
Əкеме менің бұйырмаған сенен біруыс топырақ,
Арманым жоқ қой,
Өзіңде қалса сүйегім.
Оралсам саған, алпыс екі тамырымменен егілем,
Жолығып қалып қазақтың шекпен киген шерімен.
Қайран да қайран, қасиетті байтақ аймағым,
Шəкəрімнің нақақтан қаны төгілген.
Шыңқожадай батырдың шынтағы қалған, аймағым,
Төлеудей тұлпар ақынның ұрпағы қалған, аймағым.
Саған келсем болды, түседі еске қайдағым,
Қалқып алып қылқыған сүт бетіндегі қаймағын.
Киелі аймақ! Киімшең туған балаңмын,
Тұрағы болған Тоқайдай туған ағамның.
Атағың шыққан сутегі Атом бомбадан,
Амалым қанша, Алаңмын соған, алаңмын.
Киелі аймақ!
Сенде Ай мен Таңсық аттары,
Жасымнан-ақ жүрекке сіңіп жатталды.
«Қозы мен Баян» моласы тұрған кезіңде,
Басталады сенен əлемнің махаббаттары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу