Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  116


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҚАРА ЕРТІСІМ ӨЗЕНІМ ЕҢ

Ақын Нүкеш Бөдіғұловқа
Ғұмырың тірліктегі тым тарылса,
Болады бүршік пайда мұң талына.
Қаршығасы көп елден ұшып едік,
Қанатымыз қатайып Сұңқарлыға.
Мақсаттың ұға білдік не екенін Біз,
Аңсаған ұя болып мекеніміз.
Таланттың қарлы тауын аса білдік,
Таныссыз, талайлының жетегінсіз.
Жүректен жаға білдік жолға алыс от,
Біріміз бірімізге қолғабыс боп.
Өссекте ақын болып,
жеке жүріп
Өмірді бастап кеттік жолбарыс боп.
Бəйгеден анда-санда дараланып,
Жыр жаздың жүрегіңнен қалам алып.
Дариға-ай, сол жүректен үзілдің ғой,
Дал болды бұл күндері дала налып.
 Туыстар бара жатыр аңыздалып,
Шығыстан атқан сайын таң қызарып.
Мен қазір ойсоқты боп кеткендеймін,
Оңтүстік астанада жалғыз қалып.
Нүкеш-ау!
Шыныменен кеткенің бе?
Қосылмай айдыны үлкен көп көліңе.
Өзіңнен самал тілеп жүргенімде,
Өксідім сарыуайым өпкеніме!
Құдай-ау, қалай қиям қарағымды,
Бірге өскен туысымды бала күнгі.
Қалайша уақытсыз қалдың тоқтап,
Қара Ертіс өзенім ең дара ағынды.
Оқ тиді қалай сенің жүрегіңе,
(Тегінде қақысы жоқ жыр өлуге).
Суытты-ау сұстылықпен ыстық қанды,
Не дейін, не дейін мен,
бұл Өлімге!
12 қараша, 1999 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу