Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  217


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕКІ ЖҰЛДЫЗ

Халық əртісі, əнші қарындасым
Мақпал Жүнісоваға
«Екі жұлдыз»!
Шырқалды əні, шырқалды.
Желпіп өтіп бетегені, шыршаны.
Алатаудың аспанында қалықтап,
Арғы бетте аралады қырқаны.
Ғашықтардың жанарында мөлтілдеп,
Ғарыштағы жұлдыздардай еркіндеп.
Аспанында қанат қағып Үстірттің,
Ақжайықтың арнасында толқын боп.
«Екі жұлдыз» тұрып алмай аспанға,
Ақша бұлт боп қонақтады асқарға.
Үйіріліп иірім боп Ертіске,
Гүл боп өнді Арқадағы тастарға.
Бұлбұлдардың үні болып таңдағы,
Нұрын шашты,
Гүлін ашты жан бағы.
 «Екі жұлдыз» ертеңі боп елімнің,
Алматы мен Ақмоланы жалғады.
«Екі жұлдыз»!
Күлімдеген көктемім,
Көктемімде көңіл күйім көп менің.
«Екі жұлдыз»!
Биіктетіп көтерген,
Мақпалымдай – Аспаның да жоқ сенің.
«Екі жұлдыз» – көктегі үн.
«Екі жұлдыз»!
Жүректегі мақтаным,
Көктеменің гүлдеріндей аппағым.
Қазағымның ғарышында
ғаламат,
Сол Жұлдыздың бірі өзіңсің – Мақпалым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу