Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  80


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

* * *

Көк шалғындай романс тау жағы,
Құс қанаты талатындай аумағы.
Екей менен Есқожадан таралған,
Ақындар мен батырлардың ауданы.
Ел мен Жерін қорғап келген аянбай,
(Одан қалған кездері жоқ аялдай).
Араласам гүлдері – Жыр, тоғайы –
Найза болғандығын айтам баяндай.
Солар жайлы айқайлаймын жар сала,
(Өмір жайлы өркен жайған қаншама).
Бабалардың аруақтарын ардақтаған деп білем,
Кімдер мені қолын соғып қарсы алса.
Ұлыларға бесік болған бұл аудан,
Ғасырға тəн сый-құрметтен нұр алған.
Таратқанда əр аймаққа байлықты,
Тəңірімнен еншісіне Жыр алған.
Дастарқаннан татқам талай бал дəмін,
Бабалардың жалғап жүрмін арманын.
Ұлы кеуде дəл тұсында жұлдызсың,
Ұлы жырау атындағы ауданым.
Құтылғандай тірліктегі бораннан,
Құшағыңда гүл құшақтап болам əн.
Келген сайын Қарасайға бас иіп,
Бата алғандаймын Жамбыл бабамнан.
Осында отыр оқырманның керімі,
Осында отыр хас өнердің өрімі.
Осында отыр көздерінде күн нұры,
Жаттап өскен жақсы өлеңдеріңді.
 Жаман өлең жазбасымды білесің,
Жақсы жырда бар менің де үлесім.
Ауылыңда қотарылған бұл ойдың,
Авторы өзің – Жамбылымдай ұлы есім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу