Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  122


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БАТЫРЛЫҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Мен онда сəби едім, бала едім,
Ұйқыдан оянбаған санам менің.
Үйге бір қонақ келді дегеннен соң,
Ағайдың тілін алып шам əкелдім.
Пəлендей жарық болсын үйде қайдан,
Айнала қалың жыныс ши мен тоған.
Шамды да жаққызбады əлгі «қонақ»,
Қап-қара көзілдірік кигендей маң.
Алған жер көзбен шолып, күндіз көріп,
Жол тапқан итке естілмес сылдыр болып.
Ел жатқан мезгіл еді ептілікпен,
Білдірмей жетіпті үйге түн бүркеніп.
Ағаймен екеуінің қыбырлары.
Бітпеді.
Түсініксіз сыбырлары...
Тағы да сəби көңілім біле алмады.
Қайсысы қайсысынан сыр ұрлады.
Осылай демін алмай түніменен,
Сөйлесіп жатты екеуі күбірменен.
Кім білсін.
Əлде неден сақтанады,
Егер де дыбыс шықса дүбірлеген.
Іргеде жатыр тынбай бұлақ көшіп,
Жасаудай жағасында құрақ өсіп.
Далаға дел-сал болған ауық-ауық,
Қояды үйде жатып құлақ тосып.
Тыл, – дейді,
Ақтар, – дейді,
Майдан, – дейді
Сақтану керек осы жайдан, – дейді.
Əсілі меньшевикті жеңу үшін,
...Көп керек құрал-жабдық, сайман, – дейді.
 Сен оған абыржыма саспа, – дейді,
Бұл сырды көрінгенге ашпа, – дейді.
Біздің жол қашан дағы Əділдік жол,
Олардың ойлағаны басқа, – дейді.
Қостайды бізді қазақ, мыңдап əлем,
Бəрібір жеңіс бізде шындағанмен.
Халықтың еркіндігі, – деді рухпен,
Ұқпадым қанша оны тыңдағанмен.
Кетсе де кейде маған түк естілмей,
Қойды бұл əңгімесі түгесілмей.
Жауларға талай-талай соққы берген,
Жерін де айтып жатыр күрестің кей...
Үйдегі таусылмайтын бұл күбірден,
Менің де кетті ашылып ұйқым мүлдем.
Естіліп сыбырлары қызық-қызық,
Əзерге тыйып жаттым күлкімді мен.
Сонымен кірпік қақпай жаттым да алдым,
Батыл жоқ, келсе дағы жақындағым.
Соншалық кішкенемін, ең болмаса
Кез де емес, тартып мінер аттың жалын.
Қарайлап алды дағы жан-жағына,
Бір кезде шақпақпенен шам жақты да.
Ағамның жауырынан қағып қойды,
Əзілдеп əлденені қалжақ қыла.
Сонан соң, көзі түсті маған келіп,
Нұрланды жылы жүзбен ағам төніп:
Ишарат еткеннен соң атып тұрып,
Мен оған түрегелдім сəлем беріп.
Таңғалтты,
Мені, оның жүдеу өңі,
Таңғалтты,
Жерге мылтық тірегені.
Таңғалтты
Тобарсыған еріндері.
 Таңғалтты,
Оқ салғышы беліндегі.
Қорқыныш ойлар келіп тітіркендім,
Болмады одан басқа бітіргенім.
Жетпеді ойым оған қандай «қонақ»
(Нендей іс сəби кезде бітірер кім?)
Жел қаққан бет əлпеті қоңырланған,
Ғажайып екен нұрлы көңілі таңнан.
Кірлеген үстіндегі киімі де,
Шаң басқан сақал, шашы – қою орман.
Жанынан жанға жайлы күй ұғылып,
Көзінен күннің жарқын нұрлы күліп.
Ақырын баппен ғана созды қолын,
Ашқандай жыр құшағынан жылы үміт.
Көтерді мені келіп иығына,
Қондырып күлкі құсын миығына.
Шертілді шешен тілдің ырғағымен,
Арналған бір мен деген күйі мына.
– Əкең кім?
Айтшы, кəне, – деді келіп.
– Барыз дедім біртүрлі тебіреніп.
– Қайда қазір?
– Өлген...
– Ендеше сен, –
Деді ол, əңгіме айтты шежіре ғып,
– Əкең сенің – Ұлы Отан ұғасың ба,
Жылға емес, кететін бұл мың ғасырға,
Еңбек, Күрес, Еркіндік барлығы да.
Жарасқан төнкерістік тұлғасына.
Пайда боп тебірену жанымда тың,
Мен оған түсінбестен таңырқадым.
Бұл кезде, əлгі қонақ айтты тағы:
– Болады сол мəңгілік жаныңа күн.
Өнері нұр боп жанған қолындағы,
Ол ерен батырлықтың жолы мəңгі.
 Көрмеген, тарих бойы естімеген,
Ол – Халықтың айтатын соны əні.
Ол – шұғыла қараңғы түнді қуған,
Ендігəрі баспайды күнді тұман.
Жылағанды
Уатып қамқор болған.
Ол – азаттық өмірден мұңды қуған.
Ол – күрес, ол – шуақты жеңіс күні,
Жердегі құлпыратын тегіс гүлі.
Ол – қамқоршы жетім мен жетпегенге,
Ол – жайқалған диқанның егістігі.
Ол – нұрлы өмір барлық ел адамына,
Ол – сəт сапар сəбидің қадамына.
Барлық адам ақын боп кетсе дағы,
Таусылмайтын шабыт – ол қаламына.
Саған əке сондықтан, сендейлерге,
Құнар – ол.
Жатқан дəнге өнбей жерде.
Көрсең де дауылдарды, жауындарды,
Оларға ырық беріп сөнбей, өрле, –
Деді де оқиғаны түсіндірді,
Жаныма азаматтың күшін құйды.
Айтылған бұл батырдың сөздерінен,
Ұққандай болды əйтеуір ішім сырды.
Айтылған ақыл сөзін құп алдым да,
«Əке» деп Отанымды қуандым да.
Есейдім.
Бақыты үшін Туған елдің
Ерекше сапқа тұрдым ту алдым да...
Өтті қыс.
Ұлпа қарлы мұз боп бөккен,
Қоштасты қырмен талай қыз бет көктем.
Ғарышқа қара қостан сапар шегіп,
Өтті жыл,
Өтті айлар тізбектеп Күн.
 Мен содан көрмедім сол партизанды,
Айтқаны от боп жанды шарпиды əлі.
Ол маған бірінші рет ұқтырған-ды,
Бүгінгі «Нұр Отандай» партияны.
Ойласам ізгі жанды партизанды,
Жанымда күрескерлік шалқиды əні.
Біз үшін, ұрпақ үшін болыпты-ау,
Күн сүйген күреңітіп жүдеу өңі.
Өктем сөз,
Өткір ойлы,
Өр үндері,
Желқақты, тобарсыған еріндері...
Бүгіннің, келер күннің қамы екен-ау,
Сондағы оқ салғышы беліндегі...
Өтсе де көп жыл шықпас естен мүлде,
Шаң басқан киімдерін шешкені де.
Қамы үшін қара бастың емес еді-ау,
Қау болып сақал-шаштың өскені де.
Көрсеткен шын бақыттың соны жолын,
Ол десем, қазір таппас көңіл толым.
Мен үшін ең алғашқы Педагогсың,
Үйреткен Əліппе ғып Өмір томын.
Ойлаған қазағымның бақытын көп,
Мен оны ұмытуға уақытым жоқ.
Бақытсыз уақытқа батыл жүрген,
Айтамын дəуірдің шын Батыры деп.
Жоғалтып байсалдықты, сабырымен,
Ол десе шулайды Отан бағы мүлдем.
Шайқаста шаһит болса, онда бүгін,
Бөлер ем қызыл гүлге қабіріңмен.
Жуды-ау!
Сумен емес, термен өңін,
(Табиғат төзімдікті берген тегін)
Құлыптас орнатар ем атын қашап,
 Білмеймін.
Қайсы жерге жерленгенін!
Қастерлі дəуірімнің досы еді,
Көктемгі көңілімнің хошы еді.
Өшпес от өлең – оған Ескерткішім,
Көп мезгіл тебіренткен осы мені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу