Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  116


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

РОССИЯ

«Россия жуылып тазармаған»
Деген еді
Лермонтов казармадан.
 Аянбастан қарумен, қаламмен де
Алып қалды Ер ұлдар ажалдан сан.
Қазір ғажап жуылып, тазарғаннан,
Көрем көркем тұлғасын ғазалдардан.
Мəртебесі үлкейді
Конгресте,
Сата алмайды жалдаптар
Базарлардан.
Россия!
Кешегі Сібір емес,
Россия – Ошағы ұлы Кеңес.
Россия ...
Кең байтақ ырысты Жер
Россия ...
басқа елдің бірі емес!
Ұл-қызының білеміз ер екенін,
Ұлағаты ұлғайған Жер екенін.
Орыс тілі тірліктің тілі болды,
Болған берік ұйтқысы берекемнің.
Халық болып туысқан өне бейім,
Достық жайлы бүлкілдер көмекейім.
Хас сұлу боп көрінер орыс қызы
Киген кезде қазақтың төбетейін.
Біздің достық ұстатып азаларын,
Кетіреді дұшпанның мазаларын.
Олжас жазса орысша отты өлеңді,
Татьяна айтып жүр қазақ əнін.
Өнерінен өшпес от тауып жанға
Орыс əнін айтамыз сауықтарда.
Билерін де билейміз,
Көки берсін,
Не демейді күндестер жауыққанда!
* * *
Жамандықты көргенде арынды шақ,
Іркіледі.
 Боламын жарым құрсақ.
Қуанамын
Жақсылық құшақ ашса
Ең алғашқы танысқан жарым құсап.
Көңілсіздік орнаған құрысын жай.
Кез келгеннің жүрсінші түрі сынбай.
Құшақ ашса жақсылық,
Шаттанамын.
Көп жылдан соң кезіккен туысымдай.
Орнай берсін адамның үйіне күн.
Жоламасын көңілді күйіне мұң.
Жаманшылық бір қарыс жақындаса,
Əкем жаңа өлгендей күйінемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу