13.02.2022
  116


Автор: Абдрахман Асылбек

Қызық хикая

Арманым құмар-ақ
Көруге астықты.
Әр нәрсе сұрап-ақ,
Ішпейді ас тіпті:
Айтшы сен, папашым,
Нан қалай өнеді?
– Егістік даласын
Көргенің жөн еді.
– Онда, тез барайық, –
Ұсыныс ұнап тұр.
Қар еріп, қарайып
Қалыпты қырат-қыр.
Трактор аңызды
Тынымсыз жыртып жүр.
Құрт іздеп,
Жаңа ізді
Торғайлар түртіп жүр.
Сеялка себелеп,
Шашып жүр тұқымды.
Тұқым бұл керемет
Тілейді күтімді.
Дән енді аз күнде
Жайқалып шығады.
Арманым мәз мүлде,
Байқаймын, ұнады..
Біраз күн өткенде,
Тағы да келдік біз.
Құлпырған көк белде
Егінді көрдік біз.
Толқиды алтын дән,
Сабағы бас алып.
Асқақтап шалқиды ән
Даламыз жасарып...
Жаз өтіп, күз келді,
Пісті егін – телегей.
Комбайн түзде енді
Қалқиды кемедей.
Қалқиды алшаңдай,
Астықты орып жүр.
Ақ дәнге маржандай
Шанағы толып жүр.
Сансыз көп машина
Оған тез жетіп жүр.
Дәнді алып асыға,
Қырманға кетіп жүр.
Байлыққа ел бөленіп,
Жиды мол өнімді.
Қызыққа кенеліп,
Отырдық көңілді.
Арманым мәз тіпті,
Тағы да сұрады:
– Осынша астықты
Енді не қылады?
– Тоқтама,
Ұқ, балам,
Шығасың жолға сен.
Жайыңды ұқпаған
Ұғасың сонда сен.
Мол астық үйілген –
Алдымыз тау қырман.
Жан біткен сүйінген,
Тамаша ән-думан.
Қимылға қараңдар,
Қағылмас қас тіпті.
Тазалап,
Жарандар
Артып жүр астықты.
Көліктер зырғытып,
Қаланы бетке алды.
Қоймалар тұр күтіп,
Астық та кеп қалды.
Алды тез қабылдап
Әуелі диірмен.
Айналды ақ ұнға
Тау астық үйілген.
Жетті енді қап-қап ұн
Зор наубайханаға.
Иленді әппақ ұн
Түсті де шараға.
Сан түрлі нан болды,
Пісті де табада.
Сан түрлі дәм болды,
Бөлініп салаға:
Бауырсақ, баламса,
Печенье, пряник,
Қалаш боп қаланса –
Тұрды Арман қуанып.
Келер күн болғанда,
Дүкенге жөнелді.
Дәмді де мол нанға
Кенелді ел енді.
Әр үйде береке –
Жаюлы дастархан.
Әр үйде мереке –
Ұлы той басталған.
Ұқты енді Арманым
Астықтың салмағын:
Еңбекпен дән барын,
Дән болса, нан барын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу