Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  335


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖЕТІМ БОТА

Айналадан табылмай бар таңдауы,
Жетім бота боздап тұр арқандаулы.
Енесінен айрылған бейбағым-ай,
Көрінгенге қоймайды жаутаңдауды.
Көрінгенге дəметіп емінеді,
Көңілінің табардай емін өзі.
Қайыс ноқта басында қатып қалған,
Қайта-қайта үзердей шегінеді.
Жасы іркіліп мөлдіреп қос жанарға,
Толған тұма суындай тостағанға.
Ширығады айналып ши түбірді,
Жалғыз адам сияқты достан ада.
 Өлетіндей бір күні арығы асып,
Ағаш болған денесі арып-ашып.
Сіңіріне ілініп жүрген ептеп,
Сүзек болған баладай қаны қашып.
Айналадан табылмай бар таңдауы,
Жетім бота боздап тұр арқандаулы.
Көңіліне күткендей бір жұбаныш,
Көрінгенге қоймайды жалтаңдауды.
Болса дағы иесі бөлетін ой,
Соған лайық бақытты беретіндей.
Айрылған соң ақ сүттен аузындағы,
Болмайды екен қамқорлық енесіндей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу