Аңыздар ✍️

  13.02.2022
  88


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ШЫҢЫРАУ

(Аңыз)
Байжігіт күйінің ізімен
Өн бойына күш толған,
Өміріне қысталған.
Аңыздарда тамсантқан,
Шыңырау деген құс болған.
Туралы ол қыран құс,
Кең даламда жүр аңыз.
Егер білмек болсаңыз,
Абыздардан сұраңыз.
Құлағымда саз үні,
Мұңды, жырлы наз үні.
 Мұны қазақ
кез келген,
Біле бермес абызы.
Күйшілерде нар тұлғам,
Заманада жарқыл əн.
Байжігіттің қолымен
Домбырада тартылған.
Алдыңа əкеп көнені,
Ұлы бабам өнерлі.
Шыңыраудың тұлғасын,
Күймен сомдап келеді.
Со-на-у!
Ерте заманда,
Дүн-дүние аманда.
Керемет құс Шыңырау
Саған да жұмбақ, маған да.
Күштілер жоқ тегінде
Бетін оның қайтарған.
Алыптығы Алып-ақ,
Мөлшерлеп те айта алман.
Тек айдаһар қауіпті,
Болып оған жауықты.
Бір ғасырда Алып Құс,
Бір жұмыртқа тауыпты.
Бел-белестен аса алған,
Белгі ме екен қашаннан.
Жұмыртқа жұтса айдаһар,
Елу жылға жасарған.
Кəрі айдаһар құлшынды,
Жасаруға ұмтылды.
Бəйтерекке салды ұя,
Жұмыртқалап бір күні.
Қызыл жартас қасында,
Сол Бəйтерек басына.
 Ұябасар шайқады,
Жұмыртқасын астына.
Жұмыртқасын шайқады,
(Артта талай ай қалды).
Жемсаудан ас арылып,
Қалғанында байқады.
Алда əлі тұспалы
Бір жұмыртқа құшқаны.
Айдаһардан секем ап,
Ұябасар ұшпады.
Ұрпақ оған қадірлі,
Басты ұясын сабырлы.
Асықпады таулар мен
Аралауға адырды...
Жартасты ін-үй қылып,
Жатты айдаһар ұйлығып.
Жұмыртқадан үмітті,
Есінейді иіріліп...
Ашыққан соң Алып Құс,
Қанаттарын қағып құс.
Ұшты ұядан еріксіз,
Бойды кернеп алып күш.
Кетті аспанды еңсеріп,
Тұрды терек теңселіп.
Тұлғасына таңғалды,
Оны қалың ел көріп.
Қанаттарын қаққанда,
Күннің көзін жапқандай.
Көлеңкелер үлкейіп,
Қалғиды аспан ақ маңдай.
Қалың орман жерді үлкен,
Түйекиіктерді үлкен....
Бір жегенде бір таудың
Аңын түгел жейді екен.
 Тікті көзін қияға,
Мұңды ойын тұл ала.
Ол осылай тояттап,
Ұшты асығыс ұяға.
Зар жылады өмірі,
Құлазыды өңірі.
Тояты əбден болғанмен,
Толмады оның көңілі.
Көздеріне қан толды,
Ыза кернеп дал болды.
Жұмыртқасын айдаһар
Жұтып жатқандай болды.
Телім-телім, телім боп,
Жегендері желім боп.
Кетті қатты мазасы,
Дегбірінің шегі жоқ.
Жігері өрт боп жағылды,
Қанаттары қағылды.
Сағынышы ғажайып,
Сағым болып ағылды.
Шыңыраудың шыдамы
Таусылды.
Қан жылады.
Ондай кезде адамның
Көзінен қан шығады.
Телім-телім, телім боп,
Жегендері желім боп,
Қатты кетті мазасы,
Дегбірінің шегі жоқ.
Кедергі қандай жолдағы,
Белгісіз тылсым ол дағы.
Келгенде жақын болған жер,
Қайтқанда бітіп болмады.
 Осынша азап шеккенде,
Осындай күйді шерткенде.
Демін алмай заулады,
Ұясына жеткенше.
Күйші бабам толғанып,
Домбыраны қолға алып.
Шыңыраудың күйімен,
Жатты арманы жолданып...
Алатұғын еркіңді,
Лаулататын өртіңді.
Байжігіттің қолымен,
«Шыңырау» күй шертілді.
Шықса дағы əрі де,
(Жатыр өнер нəрі де).
Талай заман өтсе де,
Тартылады əлі де.
Жүрегіне даритын,
Тыңдайтыны əр үйдің.
Күй тілінен білеміз,
Шыңыраудың тарихын.
Күй тілімен жанды күн,
Көңіл тербеп сəнді мұң.
Ұқтырады домбыра,
Ұлы құстың тағдырын.
Қанаттарын жайды үміт,
Қасірет пен қайғы қып.
Шертілді күй шымырлап.
Бұрауымен1 Байжігіт.
Құбылдырып құба түз,
Айтылады мың аңыз.
Ұғам десең бұл күйді,
Домбыраны тыңдаңыз.
1 Автор домбыраның құлақ күйіндегі «сол бұрау», «сыңар бұрауды» айтып
отыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу