Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  260


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

* * *

Жырым-жырым өңірің
Алып Далам!
Күннен-күнге күйіңе қанып барам.
Тұлпар едің тусыған күндерің де,
Тулақ бопсың!
Ат бопсың арықтаған.
Аймағың бар...
Беу, Далам гүлдеп өскен,
Қанаттарын кең жайған мүлде көктем.
Торықтырды кеңдігің амалым не,
Топырағың тозаңнан күл боп кеткен.
Мақұлықты бұл күнде сезікті еткен,
Мотор үні жайылып кезіп кеткен.
Жайлап келген сан жылғы жайылымнан,
Дуадақ пен безгелдек безіп кеткен.
 Бұрынғыдай бүлдірген терілмейді,
Бұталардың қалыпты темірдейі.
Қояндыда қоян жоқ,
Бұл күнде қоңыз қалған.
....Үкі тұрмақ,
жапалақ көрінбейді.
Арылмаған еді-ау,
аң қырыңнан,
Бүгін түк жоқ.
Не пайда жан шырылдан.
Шалқар көлің айналған ақ тақырға,
Мұң ұғамын қаздардың қаңқылынан.
Бұландыда бұлан да,
бұғы да жоқ.
Бізтұмсықтар бүр іздер бұғына кеп.
Керіштау да кетіліп бітіпті ғой,
Жылқы жусап жататын ығына кеп.
Тозып біткен шалғыны жақса араның,
Тозаңы шығып жатыр тасты алаңның.
Бір кездегі «Құланды» аталған жер,
Бұл күндері мекені тасбақаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу