Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  71


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

МАҒЖАННЫҢ ЗАРЫ

(Арнаулы əні бар)
«Абақтыда Ай мен Күннен жаңылдым,
Сарылдым ғой, Сарыарқаны сағындым.
Қарлығашым, құлыным деп зарлаған,
Алыстағы сорлы анамды сағындым!»
Жүрегім – у, құр сүлдері жанымның,
Хақ тағала тек өзіңе жалындым.
Мен дегенде таусылмайтын мейірімі,
Ағалар мен бауырларды сағындым.
Əнге қостым күңіреніп жан сазын,
Ауылымды көрмегенге қанша күн.
Тұмалардың тұнық кəусар суындай,
Туған жердің ақ самалын сағындым.
Ақын көңіл арамдыққа жақпадың,
Сұм замана құрды маған қақпанын.
Аярлықтың ортасындай ортада,
Шыбын жанды қояр жерді таппадым.
Осыншалық тағдыр саған не қылдым?!
Айтқаныңа, айдауыңа бағындым.
Аққулары ақша бұлтқа ұқсаған,
Аулымдағы Айдынкөлді сағындым.
 Имандылық ұялаған түсімде,
У боп жатқан мұң-зарым бар ішімде.
Осыншалық азап тартып жүргенім,
Əлде қазақ болғандығым үшін бе?
* * *
Аға деймін жан тартып, жақынсырап,
Ақша емес, жүремін ақыл сұрап.
Жақсылықты жаһанға жаннат санап,
Түңілтеді топас ой, татымсыз зат.
Көңіліңнен табамын көктем таңын,
Қайта оралып, қалықтап, өткен əнім.
Мен аңқылдап жүргенде салқын тартсаң,
Тарқамастай көңіліме өкпе артамын.
Аға деймін жан тартып, жаным қалмай,
Құлағыңа естілсін əнім балдай.
Боз сұңқардай бабыма келер едім,
Бұрылып, деп сұрасаң «халің қалай».
Ойла, аға, ініңмін, жағалаған.
Өмір отын бекерге жаға ма жан.
Кіші болу біреуден айып емес,
Кісі болмау ортаңа жаман одан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу