👈 қаріп өлшемі 👉

  12.02.2022
  53


Автор: Абдрахман Асылбек

Ауыл көріністері

1. Таң
Нұрландырып өңірді,
Алтын арай төгілді.
Шаруалар шып-ширақ
Шықты тысқа көңілді.
Шымшықтары шиқылдап,
Таңғы тыныс ұйқыңды ап,
Түрегелді төңірек
Тамылжыған күй тыңдап.
Қозы, лақтар маңырап,
Енесіне жамырап,
Түндіктері түріліп,
Шалқыды бар шаңырақ.
Егін толы еңісте,
Бақша толы жеміске.
Қоралы қой қаптады
Жасыл жайлау өріске.
Жанданып бар тіршілік,
Келе жатыр күн шығып.
Жұрттың бәрі жұмысқа
Жұмылысты құлшынып.

2.Түс
Белеңдегі бедеге
Барады ұшып бөдене.
Күн дегенің күйіп тұр,
Шығып ап тас төбеге.
Шын шыжыған уақта,
Шыдай алмай шуаққа,
Шыбындап та шөл қысып,
Шұбырды мал суатқа.
Бүйірі шығып биелер,
Маң-маң басып түйелер,
Көлеңке іздеп көлбеңдеп,
Керегеге сүйенер.
Саябырлап шұғыл іс,
Болды түскі үзіліс.
Қайда барсаң көңілді
Көз тартады құбылыс.
Сәл де болса салқындап,
Әзілдесіп, аңқылдап,
Жанары оттай жарқылдап,
Отырған жұрт ән тыңдап.

3. Кеш
Ел оралып егістен,
Мал оралып өрістен,
Маңырайды қозы, лақ
Енесімен көріскен.
Ақсақал үй айналып,
Ат ақырға байланып,
Отырады тамаққа,
Көңілі бір жайланып.
Сүті пісіп күрпілдеп,
Ірімшігі іркілдеп,
Ұйықтап кеткен баласын
Түртеді ана тұр-тұр деп.
Жастар асқа қарай ма?
Құмарлығы тарай ма?
Тартып берді топталып
Мәдениет сарайға.
Би дегенің балқиды,
Күй дегенің шалқиды.
Жарасты әні жастықтың
Кешкі ауада қалқиды.

4. Түн
Құрбақасы құрылдап,
Шегірткесі шырылдап,
Көк жүзінен қарайды
Жұлдыздары жымыңдап
Маң төбеттер әупілдеп,
Хабарлайды қаупін көп.
Қосылады көл жақтан
Әуенімен әупілдек.
Тау жақта өзен күркіреп,
Ағып жатыр жыр тілеп.
Қырғауылдар ұшады
Анда-санда дүркіреп.
Қыз бен жігіт жаяулап,
Бара жатыр баяулап.
Солғын сәуле төгеді
Қыр басынан ай аунап.
Келіп қалды таң таяу,
Тербетеді ән баяу.
Түнде-дағы дүние
Ұйықтамайды, мәңгі ояу.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы