12.02.2022
  100


Автор: Абдрахман Асылбек

Сотқар

Дәулетхан даладан
Бөлмеге келді де,
Отырған манадан
Жанатты көрді де:
– Тұр, кәне, төсектен,
Немене, есек пе ең?
Тәштиіп, қарашы,
Білмейді шамасын! –
Деп, әбден сыбады,
Досы әрең шыдады.
Онымен тынбады,
Дәулетхан шындады.
Ұмтылды заматта,
Сол кезде Жанат та
Қайрап ап намысты,
Жағаға жабысты.
Еліріп екі ер,
Шоқысты, қағысты.
Бірінің басы істі,
Бірінің жағы істі.
Даурығып Дәулетхан
Көтерді дауысты:
– Ойбай-ай, басым!
Жұлынды шашым!
Таяқ жеп Дәкең,
Сөйледі әрең:
– Сені әлі көрем.
Қолыңда өлем.
Осылай шекісіп,
Отырған беті ісіп.
Көріп қап Нұралы,
Мәнісін сұрады:
– Ой, саған не болған?
Түсің боз қуарған.
Дәкең тез тірілді,
Қайтадан ұрынды:
– Қышыма, қотыр,
Сықсима, соқыр.
Шұбар, шотыр,
Жайыңа отыр!..
Тағы айқай, тағы шу,
Оңай ма табысу?
Тентектің тағы
Істі бір жағы.
– Ойбай-ай, ішім,
Қирады тісім!
Тұншықтым, түсін,
Көп екен күшің, –
Деп әрең құтылды,
Бірақ, тез құтырды.
Дәулетхан енді
Қанатқа келді:
– Кітапқа тиесің,
Кепкамды киесің.
Мен саған қазір
Танытам иесін! –
Деп Дәкең Қанатты
Еріксіз қаратты.
Тағы айқай, тағы шу,
Қиын ба қағысу?
Қаймығар Қанат па?
Тыңдатты заматта.
Дәулетхан әуелгі
Шырқады әуенді:
Ойбай-ай, қолым,
Қайнады сорым.
Тарылды демім,
Ауырды белім.
Тізе мен сирақ
Қалды ғой қирап.
Мен енді қойдым,
Таяққа тойдым,
Шығардың жанымды, –
Деп Дәкең жалынды.
Сотқарға сол керек,
Байсалды бол дер ек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу