12.02.2022
  223


Автор: Абдрахман Асылбек

Көйлек хикаясы

Арман таңнан заулайды,
Тайбурылдан аумайды.
Төбешіктен қарғиды,
Көк шалғынға аунайды.
Ала өкпе боп ес кетіп,
Етек, жеңі бос кетіп,
Арман үйге алқынып,
Оралады кештетіп.
Әппақ көйлек көк болған,
Көп түймелер жоқ болған.
Шынтақтары сырылып,
Шашына шаң, шөп қонған.
Бірден бәрін байқаймыз,
Байқап, басты шайқаймыз.
Болған жайды айтады
Ақырындап, айқайсыз:
– Қуып едім көбелек,
Бөгет болды бөгелек.
Іліп кетті ербеңдеп,
Етегімді ебелек.
– Ал, көйлегің неге көк?
– Көк болған соң керемет.
Жарасып тұр емес пе?
Әппақ болып не керек?
Қысылмайды, күлмейді,
Бояғаным бұл», – дейді.
Анасының күнде оны
Жуатынын білмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу