12.02.2022
  123


Автор: Абдрахман Асылбек

Сурет

Мені көріп алыстан,
Бір топ бала жүгірді.
Сол бетімен жарысқан
Мені қоршап үлгірді.
– Ағай, ағай, бері кеп,
Түсіріңіз мені тек.
– Ағай, ағай, мені де
Түсіріңіз көбірек.
Осылай сан-сапалақ
Жауып кетті өтініш.
Ашылды тез аппарат,
Мұндай жерде не тұрыс?
– Асықпаңдар, төз, бірақ,
Саспағын, – деп, – саспағын,
Аппаратты көзеп ап,
Сыртылдата бастадым.
Деген едім жалма-жан:
– Түспей қалған кім екен?
Анадайда Алмахан
Оңашалау тұр екен.
Бұртиды ол өкпелі:
– Жеке түскім келмейді.
Жалғыз жүрсем шеткері,
Мені ешкім көрмейді.
Жалғыз кіммен ойнаймын?
Жалғыз ішім пыспай ма?
Жалғыз нені ойлаймын?
Жалғыз зәрем ұшпай ма?
Барлық бала сол замат
Қателерін түсінді.
Алмаханды ортаға ап,
Суретке бір түсірді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу