Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  176


Автор: Абдрахман Асылбек

Бүгінгінің шындығы

Бабам ертегі айтыпты
Ұшқыр кілем жайында.
Бір сәтте ұшып қайтыпты
Барар жолды айында.
Ертеңді ертек етіпті,
Сөзін тізіп маржандай.
Бабам солай өтіпті,
Көкке ұшуды армандай.
Айға ұштым мен бүгін,
Таңдандырып әлемді.
Үзіп тартыс теңдігін,
Кеттім кезіп әлемді.
Көз ұшында құлдырап,
Ілесе алмай ай қалды.
Зымыраным зыңғырап,
Күн шеңберін айналды.
Емес енді жер тегі
Кеңістіктің кіндігі.
Кешегі айтқан ертегі –
Бүгінгінің шындығы.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу