12.02.2022
  406


Автор: Абдрахман Асылбек

Әдептілік әліппесі

1
Атам менің әманда
Әдепті жан бол деген.
Асыл сөзі санамда –
Жасы үлкенге жол берем.
Алдын орап кісінің,
Кесіп өтпей көлденең,
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп, қол берем.

2
Атам менің әманда
Кішіпейіл бол деген.
Асыл сөзі санамда –
Мақтанбауды жөн көрем.
Өзімді мен өзгеден
Санамаймын жоғары.
Әуес боп жел сөзбенен
Көпіргенім жоқ әлі.

3
Атам менің әманда
Әділетті бол деген.
Асыл сөзі санамда –
Жүрем әділ жолменен.
Қалдыратын ұятқа
Жалған сөзге төзбеймін.
Жеткізетін мұратқа
Тек шындықты көздеймін.

4
Атам менің әманда
Бол дейтұғын бауырмал.
Мынау байтақ ғаламда
Қаншама дос, бауыр бар.
Ақ, сары деп, қара деп,
Бөлуіңді білмеймін.
Жаралған сол бала боп,
Барлығың да бір деймін.

5
Дейтін атам әманда
Мейірімділік – борышың.
Қадірлі қарт адамға
Берем ылғи қол ұшын.
Орындаймын табанда
Тілегінің бәрісін.
Кейде ауырып қалғанда
Әкеп берем дәрісін

6
Атам менің әманда
Бол дейтұғын тілалғыш.
Асыл сөзі санамда –
Алып жүрмін кіл алғыс.
Үлкеннің де кішінің
Айтқан тілін аламын.
Істеп бәрін ісінің,
Көңілдерін табамын.

7
Атам менің әманда
Бол дейтұғын бірлікшіл.
Бірлік болса адамға –
Бақыт дейтін тірлік бұл.

Жұлдызшада бесеуміз,
Ойын-сауық құрамыз.
Гүлдей жайнап өсеміз,
Тату-тәтті тұрамыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу