Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  144


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

АЛҒАШҚЫ ƏН

(Лирикалық ой)
Жаныма шабыт беріп келеді от боп,
Өткен күн қызығы бар керемет көп.
Ойнаған шырымталдың бұтағында,
Қалды-ау бантиктерің көбелек боп.
Қайран шақ!
Ұзапты ғой асыр салған.
«Ат» мінген сүліктей ғып жасыл талдан.
Ақ керіш сол кездегі барма деші,
Мөлдіреп мені қимай жасың тамған.
Сарқурай, шырмауықты шақ күрке ғып,
Деуші едің: «Деміңді алып жат бүркеніп».
Майысып саусақтарың жасаушы едің,
Пілқұлақ жапырақтан аткөрпе ғып.
Адамсып сонда өзімше түрегеліп,
«Тұлпарды» ерттеуші едім бірегей ғып.
Ұстап ап шырылдауық шегерткені,
Ұсына беруші едім шүрегей ғып.
Сүйрікті суырып ап, балық көріп,
Қызыққа иен тегін қарқ болып.
Ең жүйрік ақбөкен деп мақтанушы ем,
Алдыңа көбелекті алып келіп.
Сен оны «қазанға» асқан болып,
Жүргенде,
Естілуші ең жақсы əн болып.
Біздегі тіршілікке таңғалғандай,
Ақ сары айналатын аспан торып.
Қарамай болғанына бұған ұят,
Жылқымды жусатушы ем жыланқияқ.
Оралып,
Тəтті «ұйқыңнан» оятушы ем,
Осқыртып тұлпарымды құлан тұяқ.
 Сен онда ылдым-жылдым түрегеліп,
Реттеп тал бойыңды бірегей ғып,
Іздедің жамылышқа жапырақты,
Көре сап күн көзінен кілегей бұлт.
Мен оған тұра бердім батырсынып,
«Тұлпарды» ойқастатып жасыл шыбық.
Секілді түкті кілем жүрген жерім,
Табанда жапырылды сасыр сынып.
«Ақ үйдің» түскенімде кермесіне,
Лезде дайындадың жер несібе.
Кім білген, ол күнде аяулымның
Бұл күнде жар боларын жерлесіме.
«Тұтқын» ғып, топтап алып талдың бүрін,
Көкесін танытқанда қан жыңғылдың.
Қададың орден етіп өңіріме,
Қаулап бір шыққан жаңа жамбыл гүлін.
Қызықтап мұнымызға өтеді жұрт,
Жолынан қалып бізге төте жүріп.
Кейде мен «жылқышы» боп оралғанда,
Отырыдың қуыршақты бөпе қылып.
Сен дағы басқалармен ойнамадың,
Мен дағы басқалармен ойнамадым.
Сен барып «өрешеге» құрт жайғанда,
Кездер-ай!
«Шопан» болып қой бағатын.
Қолыңа ақселеуді ине қылып,
Борлатқа отырғанда түйме іліп.
Бозінген ботасына ноқта іздеп,
Шаруақор бола қалдым «үйге» кіріп.
Ұялап жанымызға етенелік,
Осылай «отбасы» боп кете бердік.
Ешкімнен қысылмай-ақ іздеп жүріп,
Біріміз бірімізді жетеледік.
Осындай адал, сəби күнімізде
Мəз болып жүрді ата-ана үйімізде.
 Бір құртты бөлісіп жеп,
бір оқулық
Тең болып пайдаланды жиі бізде.
Етегін Сарыжайпақтың күнде шолып,
Балапан құшағымыз гүлге толып.
Жүрдік біз,
бір партада тізе қосып,
Мектепке барғанда да бірге болып.
Сен басқа балаларға ұнаған күн,
Олардың бергем талай «сыбағасын».
Кейіннен кек алуға келгендерге,
Шырылдап,
мені аяп жылағансың.
Екеуі бір-ақ үйдің баласы деп,
Басқаның жүрдік біздер таласы боп.
Сырт көзге шындығында секілді едік,
Көлдегі қатар жүрген қараша үйрек.
Ұялап жанымызда етенелік,
Бірімізді біріміз жетеледік.
Сəби кезден басталған достығымыз,
Артқа тастап ол күнді кете бердік.
Сен онда менен бетер зерек едің,
Шығарғыш есептерін Березеннің1
.
Сені іздеп, қақпа алдында иттен қорқып,
Сəулесін сан жамылғам терезеңнің.
Оқудан ешқашанда қалмайтынбыз,
Тапсырма орындаудан талмайтынбыз.
Кей күні бақсы тауық шақырғанша,
Сөйлемнің мүшелерін талдайтынбыз...
Ол кезде екеумізде кекілді едік,
Өткізген өмірге еш өкінбедік.
Бірыңғай сұрақтарға жауап берген,
Сөйлемнің мүшелері секілді едік.
1 Бесінші сыныпта оқитын математика оқулығы.
 Осындай күн тізбегі өте берді,
Арманның ақ шуағы жетеледі.
Арамыз еш қалытсыз.
Бірімізге –
Біріміз бола бердік етенелі.
Сұңғақ бой, сұқсыр жанар, өстің гүлім,
Солқылдап тілерсек те қос бұрымың.
Кездессем күлкі ұялап тұратұғын,
Көзіңде куəсіндей достығымның.
Мен де өстім арайланып, ақ құбалық
Жаныңнан таусылмайтын шаттық алып.
Сəбилік сезімменен ақтарылып,
Сан рет араладық бақты барып.
Ақбұлақ есіңде ме қызыл талды,
Қызғалдақ секілді еді жүзің мəңгі.
Жүдегіш кеудемдегі жүрегімде,
Үміт-ау, ұмытылмай ізің қалды.
Ішкен соң үйіміздің шайын қанып,
Бірлесіп емтиханға дайындалдық...
Өре алмай жасыл шашын жалбыратып,
Сая боп тұрды бізге қайың қалғып.
Жамбыл гүл болмаса да омырауда,
Өсетін қызғалдақ бар соны бауда.
Мектептің қош айтысып партасына,
Жеттік біз соңғы күнгі қоңырауға.
Сауықта домбырамен күй беріп те,
Əн айтып,
өлең оқып, биледік те.
Бұл кезге дейін кейбір сабақтастар,
Тербеткен бөпелерін, үйленіп те.
Бізде де лаулап жанды сүйіспендік,
(Сезімде бұлай болу тиіс дедік).
Бірақ та бəз құрбылар сияқтанып,
Көлеңке бұрыштарда сүйіспедік.
 Көкорай кілем тоқып, қияқты өріп,
Қыр гүлін сыйлаған ем жиі ап келіп.
Болмаса театрға барғанымыз,
Еріннен сүюді біз ұят көрдік.
Өзіңнен өмір жайлы жылуды алып,
Өлеңмен кеттім алғаш шұғылданып.
Сырт көзге қарапайым көрінсең де,
Көріндің маған Үміт-ау, сұлуланып.
Жүректі өртендіріп келеді от боп,
Сол күндер қызығы бал керемет көп.
Қар қанат бантиктерің шашыңдағы,
Қалды ғой Қарадөңде көбелек боп.
Біріміз бірімізге сыр беріп кіл,
Кездессек оңашада күрмеліп тіл.
Күн күліп жүзімізден ұяңдандық,
Келешек шағымызды қиялға алып.
Шабытпен мезгіл құсы тізбектелді,
Шақырып арт-артынан қыз-көктемді.
Сол кездің шежіресін шертіп көрсек,
Құрбылар болмапты-ау, бізге өкпелі.
Сен дағы маған қызды жолатпадың,
Мен дағы саған жігіт жолатпадым.
Алдады сезім-түлкі,
бір-ақ білдік,
Біріміз бірімізді жоғалтқан күн.
Жайластың сиыр бүйрек тауыңды асып,
Төріне басқа жанның бауыр басып.
Келеді ұмыттырмай, күліп нұрдай,
Кездерің о бастағы ауылдастық.
Көрініп сол кездегі əр таң ыстық,
Бұл күнде ойланамын арпалысып.
Келеді жыр қырмызын жайқалдырып,
Махаббат көңілдегі бал тамызып.
 Бірақ та сенен аулақ жезөкшелік,
Мен дағы жүргемін жоқ кезеп сөз ғып.
Өзің деп соққан мына жүрегіме,
Орнаттың сағынышты ерекше ғып.
Қаншалық болмаса да жан жазықты,
Аңсаумен бір өзіңді əн де шықты.
Көңілімнің ауыр-ауыр күрсінісі,
Күйзелген күзгі суық таңға ауысты.
Ол менің – көктемім ғой гүлі қалың,
(Оған мен өмір бойы ризамын).
Оралмас он сегізім сыйлап өткен,
Ол менің – мəңгі айтылған тұнық əнім.
Ол əнім қанша айтсам да сарқылмайды,
Көзінен қарындастар жарқылдайды.
Бірақ та қанша сұлу болса да əндер,
Ешқандай ол əнімнен артылмайды.
Бұл əнді айта алады пəк гүл ерін,
Бұл əнді байыта алады ақ нұр сезім.
Бұл əннің қасиеті сонда жатыр,
Аяулы он сегізім – авторы оның.
1958 жыл, Шəуешек-Үрімші




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу