Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  128


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

Құлан ақынның толғауы

Арғы атамнан теке атқан,
Теке атқанда жеке атқам.
Көк тұлпармен құйғытып,
Көкжелкеден жете атқам.
Жүйрік те жететін,
Мергендік те жететін,
Батылдық та жететін,
Батырлық та жететін,
Шапыраштың ұлымын.
Елім еді қуатым,
Жерім еді мұратым.
Осылардан құралған,
Менің ұлы ұятым.
Ұғатұғын алысын,
Білетұғын жарысын.
Жібермейтін ешкімге,
Жүректегі намысын,
Шапыраштың ұлы едім.
Күміспенен күптелген,
Алтынменен апталған.
Ар-намысым өлшенбес
Теңгемен де қатталған.
Жалт қаратып даланы,
Таңдандырар дананы.
Ар-намысым бойымда,
Бағалыдан бағалы.
Алмалытау білетін,
Үшөзен де білетін,
Үшқоңыр да білетін,
Шапыраштың ұлы едім.
Күңіренді қобызым,
Күмбірледі домбырам.
Ақ самалдай ақын ем,
 Бұтағына орманның
Бұлбұл жырын қондырған.
Ажал тапты Қара жер,
Алмалытау ала бел.
Адыра қап бəрі де,
Арып-ашып барады ел.
Қарақұсы Қазақтың,
Қанға толды, Аллам-ай!
Қалмақтардан мазақтың
Бəрін көрдік, Аллам-ай!
Жүргенімше жауыма,
Құлдық ұрып табына.
Құлан едім, құм кезіп
Тартайыншы тауыма...
Қалмақтың салған жарасы-ай!
Қан сасыды дала, сай.
Ұрпағыңа медет бар,
О, Қарасай, Қарасай!
* * *
Толғауын естіген соң Құлан ақын,
Наурызбай келді Іледен бұлап атын.
Бауырында Алмалытау сайыс салды,
Тобымен торғауыттың құралатын.
Наурызбай кірді топқа жалғыз барып,
Жаулары қашты айбаттан андыздалып.
Нақақтан өлген қазақ төлеуіндей,
Сайыстан жатты жерде қанды із қалып.
Тағат қып бір мезетте тұра алмады,
Қолында күрзі, найза құралдары.
Ала аты астындағы жұлдыз болып,
Наурызбай «Қарасайлап!» ұрандады.
Емендер алып тұлға теңселеді,
Халықтың көтеріліп еңселері.
 Мұндайда «А, құдайлап», кім қуанбас,
Мұраты іске асып жеңсе елі.
Жас батыр «Қарасайлап!» ұрандады,
Сиынып, медет қылып бір Алланы.
Қарғадай қалмақтарды іліп түсті,
Қас батыр Шапыраштың қырандары.
Айдарлы бастар жатты домаланып,
Шаштары итсигектей додаланып.
Көк тымақ бастарында быт-шыт болды,
Қалмақы етіктері о да қалып.
Жарсудан кетті Əйтей тобын бастап,
(Даңғара батылдықпен соғылды асқақ).
Қолында көк сүңгісі көз ілеспей,
Ерлікпен жүр ерекше
Оң мен солын жасқап...
Батыры Харен деген қалмақтардың,
Ұғынды сайыстағы салмақтарын.
Ілеге қарай қашты сасқанынан,
Кешіл мен келеңдері алдап бəрін.
Наурызбай бет түзеді Үшқоңырға,
Талқандап тастайтұғын күш қолында.
Əкесі Құттымбеттің ақылымен
Парасат пайда болды іскер ұлға.
Ойлады бес еседей қолы аздығын,
Ойлады тіске басар жол азығын.
Ойлады босып кеткен қазақтарды,
Жұмысы емес қой бұл аз күннің.
Ел сүю, жерін сүю ол мəңгі ұғым,
Ардақтау биік мақсат солған гүлін.
Батырды кектендірді бар қазақтың
Ақтабан шұбырынды болғандығы.
«Алқакөл сұлама» боп жол созылды,
Сұмдық-ай, сонда сұлап қол созылды.
 Көбейді өлім деген қисабы жоқ,
Құлаққа күй естілді сонша мұңлы.
Наурызбай Үшқоңырдан алған беттен,
Қайтпады.
Ойрандап кеп салған беттен.
Утнас деген ойрат тайпасының,
Тобыры арта түсті жан-жақтан кеп.
Осында Харен деген батыры да,
(Басында қорғалайтын шатыры да).
Осында Харен ұлы Қаскелең де,
Өзінше айбат шегіп шақырды да.
Қаптаған құмырсқадай Харен қолы,
Жеңуде мүмкін емес əрең оны.
Шақырып жекпе-жекке онан кейін,
Наурызбай масқара етті бар елге оны.
Əкенің намысы үшін Қаскелең де,
Көтерді Наурызбайға босқа кеуде.
Батырдың соққысына шыдай алмай,
Құр босқа мазақ болды босқа елге.
Шерткендей соғылған жел күй өктемін,
Ботасын іздегендей түйе өткенін.
Жем болып ит пен құсқа өлексесі.
Таптады ат тұяғы сүйектерін.
«Таптаса ат тұяғы несі қалды»,
Демеңдер (Онда халық өші бар-ды).
Тас байлап мойынына Ілеге əкеп
Тасталған қазақтардың өшін алды.
Осылай жиылған соң қасқалары,
Шабуыл арт-артынан басталады.
Бас кеткен соң кеуде де ерік барма,
Батырға басын иді басқалары...
Бағынды қазаққа енді қалмақ келіп,
Қосылды тобырымен аңдап көріп.
 Айтылып əмірсайқын малмендесі ,
Үзілген арқан жағын жалғап келіп.
Бір жақтан бұрынғыдай жасқап елді,
Айдыны аңызға бай тастап келді.
Шұбыртып қалың қолын Балқаш жақтан,
Чамал хан Үшқоңырға бастап келді.
Ентігін баспай жатып айқасты кеп,
Арындап екі жақ та шайқасты көп.
Аттардың тұяғының екпінімен,
Шайнады лапылдатып жай тасты от.
Бұлт болып көтерілді жерден шаң да,
Жатқандай күн тұтылып көрген жанға.
Сүрінді мінген аттар көзі көрмей,
Жолында андыздалып өрген малға.
Өзінше айқасқандар батыл бəрі,
Қан болды жусаны жоқ татырлары.
Лап қойды «Қарасайлап» ұран салып,
Қаһарлы Шапыраштың батырлары.
Наурызбай ала атымен ойқастады,
Жауларын іліп тастап ой тастады.
Атанған тажал мерген Əйтей батыр
Көзге атып құралайды жай баспады.
Есмəмбет,
Қараш,
Кашке,
Дəулетбайлар,
Бөлек пен Қаумет, Қабыл – дəулетті ойлар.
Ел үшін еңіреп туған жас батырлар,
Ертеңгі мұрат үшін əулетті ойлар.
Жауынан ешқандай да аянбады,
Күшімен білегінің баяндады.
Наурызбай қуып жетіп Чамал ханды
Тұрмастай сұлатты да, аяңдады.
 «Уһ!» деп бір демін алып сабыр тапты.
(Болса да қаншалықты ағын қатты).
Бой жазып болашақтың қырқасына
Былайша байсалды үнін дамылдатты.
Ойланды Наурыз батыр тебіреніп,
Ел жайлы, заман жайлы еміреніп.
Қазақтың қанға батып тұншыққанын,
Қиналды екіленіп желін еміп:
«Қалмақты жау болса да өлтірмеңдер!
Жығылса қарсы алдыңда
– Сен, тұр – деңдер.
Қан төгу қанжар алып болмасын еш,
Чамал хан болсын соңғы өлтірілгендер!
Уа, ғұмыр, тіршіліксіз жоқ татымың,
Келмейді екен тағы боққа құның.
Адамдар арасында бұдан кейін,
Қан төгу деген мəңгі тоқтатылсын!
Өмірге адам қажет, халық керек,
Заманға өшпейтұғын жарық керек.
Өз жерін өзі қорғау қазақ үшін,
Күндердің күндерінде тарихқа бет.
Құлақ сал!
Батырмысың, баламысың,
Данышпан жаратылған данамысың.
Заманға адам керек! Қазақ керек»
Далиып жатқан байтақ далам үшін.
Ойымды сендер үшін зерделедім,
Маңдайда ыстық терді берген едім.
Жалғанда немене ыстық деп сұраса,
Туып-өскен Жерім мен Ел дер едім.
Мен енді оқталып, оңдалайын,
Халықтың табу қажет ең қолайын.
Болмасын бұдан былай шапқыншылық,
Батырдың ең соңғысы мен болайын».
 Наурызбай осыны айтып көкжиекке
Көз сүзіп, сəл ойланып көнді дертке.
Аяңдап жүре берді ала атымен,
Айтылған құлақ салып көп тілекке...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу