11.02.2022
  148


Автор: Құл-Керім Елемес

САНАҒА ТҮСКЕН СӘУЛЕ немесе БІРЖАН ПОЭМАСЫ

Түн.
Қара түнек-ті...
Енесің түсіме.
Бұлдыра-ап шабасың,
Құлыным, кісінеп...
Түнекті тілгілеп
Жанасың – Жанатым!
Майысып, балбырап,
Балауса қанатың!
Зымқап сені өбеді,
Зымыран қиялым.
Жанымның жаңбырын
Жаныңа құямын...
Асылып, алаулап,
Арсалаң қағасың.
Мөлтек жас – маржанды
Мойныма тағасың...
Дүсірлеп тулайды
Кеудеңнің «пырағы».
Жанған ол жанарың –
Жаныңның шырағы!
Сағынған сарығынды
Көзіңнен көрем мен...
Әкең мен, өйткені –
Төрдегі төрең мен!
Өбемін, өбесің.
Сарығың тарайды...
Саумалап береді,
Сам – анаң арайды.
Сүт – сәуле сорғалап,
Иійді жұлдыздар...
Емесің, елігім,
Тарайды түнгі ызғар...
Күлесің, жылайсың...
Жылама, құлыным.
Намыс-ау жылауы,
Ақынның ұлының!
Қуаныш «Хақ» деген
Ұшады арқалап...
Сыңғырға құлағын
Түреді шартарап...
Ағызған уызын,
Алдың ақ нұр – егін...
Анаң тұр ұшпаққа,
Ұшырып «жүрегін»...
Көсегін көгертер
Көгілдір мекеннің
Ұлысың. Құлыным,
Егейі есеннің!
Ауылға жөнелттім,
Ар болып өссін деп.
Сағымға шомылып,
Сәулені кешсін деп!
Енді сен, елігім,
Жаңа өмір бастадың.
Сан жаққа самғатар
Қаражол – қасқа ағын...
Бірімен жұлдыз боп,
Ағасың... былайы.
Тағы – күн тақымдап,
Тұнығы, ылайы...
Лайына малтығып,
Тұныққа жуасың.
Кетіліп, бекіліп,
Беліңді буасың.
Қатайып қанатың,
Мұртың да қаулайды.
Жаныңның жасыны
Өртейді, лаулайды...
Лаулайды тұнық Ай,
Лағылын себелеп.
Теңізі тербер-ді,
Албыран «көбелек»...
Көбелек теңізде
Ұшса алға ұшағың,
Армандар әлемі
Ашады от құшағын...
Құшағы от әлемде
Жалындап жанасың...
Қызығың «құлындап»,
Нағыңнан танасың...
Танасың, сезіммен
Күресіп күні-түн...
Сығалап сыртыңнан
Үлбірек үмітің...
Шаңыңа шалдырмай,
Еске алмай ештерді,
Бөрідей жортасың,
Бозала кештерді...
Қондырып кеудеңе
Кішкінтай күніңді.
Жарық қып тұрасың,
Тас қара түніңді!
Идіріп, күйдіріп,
Өзегіңді от демің...
Жамырап жарыққа
Гүлдейді көктемің!..
Гүлдейді гүл ғалам
Мәуелеп бағыңда.
Сарнаған әуезің
Сіңеді сағымға...
Сағым жыр себелеп,
Күй тартса құла құм,
Тоты Жер төсейді
Жапырақ – құлағын...
Өйткені, бағызы
Бабадан – Үйсіннен,
Абыз – ар – далаға
Ән сіңген, күй сіңген...
Күйлердің кіреуке
Көзінде жылтырақ,
Хағандарды емізіп
Әфсана – жыл тұрад...
Көгілдір елеске
Көз алдың көлкиді...
Хан қызын қаумалап
Қырық «гүл» толқиды...
Қорқыт көлде отырса,
Қобызын қоздатып,
Асан баба өтеді,
Маясын боздатып...
Жарқылдап жасыңдар,
Өртенсе от алап,
Жаңғыртар Жалғанды
«Жанбота» боталап...
Жанботам, сөйтіп сені
Арбар-ды ақ алап...
Далаға байланып,
Далаңды өт бағалап!
Тіл – дала, діл – дала,
Әрі қарт, жас әрі...
Сонда өсіп бойжеткен,
Ғасыр – қыз қас ару...
Ай – жүзі ол албырап,
«Далаға» тиеді...
Хақ беріп даладан
Бала да сүйеді...
Сонда өсіп, сонда өту
Тәңірінің сыйы еді.
Рухы ұшып, тән қалып,
Саудырар сүйегі...
Бұл теңеу, даланы
Ұлт атаң деп түсін.
Ғасыр – қыз аруды
Ұлт анаң деп түсін...
Куә Күн көзінде
Аңыздар анталап,
Өмірдің дерегі
Жатады қаншама!
Батқан күн мысалы –
Қанды арай өшеді...
Мүмкін түнге оранып
Елестер көшеді...
Елестер көшінде
Сырғыған сұмдық бар...
Айтқанында әкеңнің
Мүмкін бір шындық бар!..
«Жиырма бір», жоқ, мүмкін,
Жүзінші ғасыр бұл...
Жеткізе алмаған
Жетесін ғасыр құл!
Жетеді, жетті, әне!
Керемет біз күткен.
Әр ана – ғасырдан,
Ән самғап үздіккен...
Тыңда ұлым, шерт, кәне!
Алдыңа ап далаңды...
Хаққыңа бағын да,
Бағың біл ғалымды!
Шерт, шерден қайғы аунап,
Харамның оғы ұшсын...
Ғасырлар әнімен
Ғазалың тоғыссын!
Тоғыссын ән еміп
Уыздап таңдайың.
Әнде қал мөлдіреп
Тұп-тұнық таңдайын!..
Қастерлі мекенде,
Қайғы көп қазалы...
Ән баба – даланың
Қанаты, ғазалы!..
Тұнықты тұйпалап,
Желмая желгенде...
Ғазалын ұғасың,
Шерден де, желден де...
 
Құлыным, қыр барып,
Жуынып тұныққа,
Ән кешіп,
Күй кешіп,
Жыр кешіп,
Нұр кешіп...
Жүргеніңді ұмытпа!
Сөйт!
1993
Үрімші – Құлжа




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу