Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  93


Автор: Құл-Керім Елемес

АЛАҚАН

Түн пердесін ысырғанда шапырашты Аспан,
Көзін ашты есінеп Күн шашырап тастан.
Өбісіп жас сәулемен өрле-еп кеткендей,
Шамқарады шағыр шың шашын ақ басқан.
Көкжиектің сәл-л үсті қызыл-ақтанып,
Буаз тұман барады жүзіп, аттанып.
Жұлдыз шықтар жымиып көзін ашады,
Шалғын беті бурыл бу қызымақтанып.
 Шөккен мұнар балбұлы үлбір етегі,
Сұйық әйнек секілді дір-дір етеді.
Көзбен ғана өбісіп көріктенесің,
Қарсы бассаң ғайып боп ділгір етеді.
Шуақ сүртіп көк көзін айықтырады,
Үп еткен леп шөп басын жәй-й ықтырады.
Жүрек-гүлдер Аспанға ауыз аша ма?
Жоқ,
Құйттай алақандарын жәйіп тұрады.
Тотияйынға етегін малып қойғандай,
Ғайып кезген кеме – Жер алып қой, қандай?!
Торғын-тоты бояуға тоғытып алып,
Күреңіткен күндізге жәйіп қойғандай.
Ғайып кезген кеме – Жер алып қой, қандай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу