Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  81


Автор: Құл-Керім Елемес

ХАҚ ЕРКІ

Иір де қиыр Кеген суындай керге аққан,
Кегежім кейіп кері тартады кербаққан.
Бөрі – мың ұлып мидың мың түкпірлерінде,
Үрей кеп ішті тіміскілейді көр жақтан...
Көр жақтан келген үрейдің үні тым қатты...
Көрші шал кеше кеселдің кебін тыңдапты...
Ауылды басып Ай астыменен аяңдап,
Түйе көш өтіп баратса керек құндақты...
Шағала шаңқан киінген өңкей бір әппәқ,
Түйе көш шеткі отауда аз-кем тұрақтап,
Алып кетіпті жалғыздың жалғыз тұяғын –
Талпынған әрең екі аттап, қайта бір аттап...
Шу-у ете қалды ел, сөгіле таңның танабы,
Жас емес, көзден жатқандай қызыл қан ағып.
Оларша қойған тасемшек тағдыр иімей...
Ескі ұғым солай түсініктегі манағы...
Ескі ұғымша әлгі: «отаудың өртеп оттығын
Күл ғып тындырған тағдырың – жасын от-тұғын!..»
Бірақ бұл теріс таным, ей, пенде, бар, жоқ қу
Хақ еркіндегі іс, болмасын оған боқтығың!
1998.12.22




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу