Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  140


Автор: Құл-Керім Елемес

АТА ӘЛДИІ

Көрдім қанша ұлыны,
Жұрттан асқан ғылымы.
Кеше олар да мендей бір,
Қарттың болған құлыны.
Атасының ап тілін,
Анасының ап тілін,
Олар да сөз ұққан соң,
Қонған солай бақ – ғылым.
Бата берсе атасы,
Бата берсе анасы,
Немересі өспей ме,
Болып жұрттың данасы.
Әлди,
Әлди,
Әлди-ай!
Мен батамды берейін:
Үстем болсын мерейің.
Фарабилер секілді,
Қас биіктен көрейін.
Атаң сенің Абылай,
Бар қазаққа хан болған.
Оның қылған ерлігі,
Аңыз болған,
Ән болған...
 Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Үш ноянның біреуі,
Шапырашты Наурызбай!
Солардай бол, құлыным,
Ізімен жүр ұлының.
Айбаттанып айдарың,
Желкілдесін тұлымың,
Құлынымның құлыны!
Әлди,
Әлди,
Әлди-ай!
Жиреншедей шешен бол,
Нұрсұлтандай көсем бол.
Хақ қолдасын ісіңді,
Қайда жүрсең де есен бол!
Хақтың сөзін қолдана,
Жыр жазатын толғана,
Баласағұн,
Иассауи,
Абайдайын бол дана!
Елдің ісін ар ұстар,
Өткен талай арыстар.
Күтуде алда сені әлі,
Сен ашатын ғарыштар!
Әлди,
Әлди,
Әлди-ай!
Сұраса елің, сүйікті ер
бол да жаның қиып бер!
Алда сондай тұр күтіп,
Сен шырқайтын биіктер.
Малды мен-ақ бағайын,
Отты мен-ақ жағайын.
Қас биікке шық та сен,
Қанатыңды қақ, Айым!
Қас биіктен көрейін,
Қас биіктеп мерейім.
Керек десең жанымды,
Қазір жұлып берейін!
 Біл адамдық қақыңды,
Хақ нұрласын затыңды.
«Қаңғыбасы пәленнің» -
Деп, естіртпе атыңды!
Әлди,
Әлди,
Әлди-ай!
Қойғандай көр қазылып,
Қойған тағдыр жазылып...
Қара қылды қақ айыр,
Қарсы келсе қазылық.
Жолың болсын жортқанда,
Жолыңды өзің жорт, таңда.
Әр сөзімде мән жатыр,
Ақылымды қортқанға.
Жалғасымсың, еркем, сен,
Мен де өртенем өртенсең.
Мен жалғасам кешені,
Мені жалғар ертең – сен...
Нұрдай аппақ жүрегім,
Жүрегімнің жыры едің.
Қолым жайып Аллаһқа,
Тілеуіңді тіледім!
Әлди,
Әлди,
Әлди-ай!..
2011.03.09




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу