Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  106


Автор: Құл-Керім Елемес

АДАМНЫҢ ІШІНДЕ ШАЙТАН БАР

І
Адамның ішінде шайтан бар.
Шәкірті, достары бар тағы...
Белгісі – болмайды шайтанда ар,
Арсыздыққа адамды тартады.
Жәннәтқа балатып Жалғанды,
Жәннәтті бағады далдалап.
Татырға тарттырып талғамды,
Жатқандай қылады бал жалап.
Пенделік шыңында шырқатып,
Тәңірге бұрғызбай бетіңді,
Ібіліс суымен сырқатып,
Аузыңа құяды өтіңді!..
Нәпсінің жінігіп уымен,
Арыңды балталап кетеді.
Ақылсыз сезімнің буымен,
Жүректің түбіне жетеді...
Шайтан бар ішінде адамның...
Шәкірті, достары бар тағы...
Құдайы ол құлықсыз наданның,
Қаруы – Аллаһқа ортағы!..
ІІ
Адамның ішінде шайтан бар,
Шәкірті, досы бар тағы...
Белгісі – болмайды шайтанда ар,
Қаруы – Хаққа ортағы!
Не қылсаң да ерік береді,
Ғаламды жібер төңкеріп.
Желпініп желікке ереді,
Өңешін тесіп өң-көрік...
Атақ пен даңқ ауылына,
Айтақтап самғаттырады.
Нәпсінің байлап бауырына,
Шамаңды шаң қаптырады...
Ар ісін жерге жеті ұрып,
Нәпсіні сүйікті етеді.
 Арлының арын кетіріп,
Арсызды биіктетеді.
Сылып ап жүзден ұятты,
Ашық та шашықтатады.
Көрінгенімен миятты,
Иманнан қашықтатады...
Ол білгі ғалым, дәнішпан...
Астында жердің білмесі.
Орағытады алыстан,
Сөзінің шәлкез жүлгесі...
Ол қараүзген хас дарын,
Тұрмаған бірде құлап қап.
Аңдамай ойдың астарын,
Арбалып қалар құл аппақ.
Шәриғатқа ағып тұрады,
Аузынан ақ гүл себелеп.
Ол – жынның жаққан шырағы,
Шырмалып қалдың...
Не керек?!
Шайтан бар адамда осындай,
Ол – жақын жаның жарындай.
Ол – жақын жаның досыңдай,
Ол – жақын жаның арыңдай!..
Байқаңдар!
Адамның ішінде шайтан бар!..
ІІІ
Ішінде шайтаны бар адам –
Зауықтан зауалға қараған,
Қалпынан қасірет тараған,
Жарығын жалмаған қара адам!
Ішінде шайтаны бар адам –
Құзыры құрттаған парадан,
Ақылы айныған сарадан,
Көрнеуді көрмейтін хар адам!
Шайтан бар адамның ішінде –
Шайтанға шәкірттігі үшін де,
Ғаламды жаратқан күшінде,
Қақы өлер Тәңірінің ісінде ...
 Шайтан бар адамның ішінде –
Шайтанға арбалғаны үшін де,
Әуейлер әулие пішінде...
Шайтан бар адамның ішінде...
Шайтан бар адамның ішінде...
2002.3.25




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу