Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  69


Автор: Құл-Керім Елемес

ТАҢДАУ

І
Ісімен Хақтың тіреусіз тұрған шатырдың
үстінен құлап, астына түскен пақырмын.
Бір шындық бұл да – тәнімнің тегі топырақ,
Рухым ұшып, топырақ болам ақыр күн...
Рухымды ұшқан періште қоршап ап кетед,
Жеті аспан асып илаһи жарық жаққа өтед...
Аллаһ алдында құл екенімді айта алсам,
Бардың Иесі бас айналардай бақты етед!..
Қайта түсем де қабірден табам тәнімді,
Жаңғыртпан бірақ жалғанда салған әнімді.
Қабірім кеңіп, Жәннәт саңылауы ашылат...
Мына жалғанда мазмұндай алсам мәнімді!..
Рас!
ІІ
Хақсыздың рухы осы аспаннан-ақ керіге ұшып,
Кірген бетінде-ақ қарабеттеніп көрге ұшып,
Саңылаулап тозақ оты ұрып содан, қабырға
айқасқанша бір алқымдап тұрмақ Жер қысып...
Астамсып басқан алдыдан шығып Жер күші,
Жалқындап тозақ, алқымдап тұрмақ көр қысып...
Астағфираллаһ,
Ол күннің бетін аулақ қыл!
Сен де ойлан хақсыз құдайсып кеткен өр кісі!..
«Өлем» деп қалма, өлмейсің мәңгі – ол анық.
Жәннәт,
Тозақтың жарқырап жатыр жолы анық...
Аллаһым берген таңдауды бізге, ал, таңда!
Қалмауың үшін қан жұтып, отқа оранып!..
2002.3.19




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу