Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  860


Автор: Құл-Керім Елемес

ҚАРЫНДАСЫМ

(Гауһарға)
Айналайын, қарындасым,
Сен ағаңның арындасың.
Ағаң саған арнап салған
Ардақ әнін орындасын.
Айналайын, қарындасым,
Басыңнан бақ арылмасын.
Пейілі кең, қарағым-ай,
Пейілің еш тарылмасын.
Ілмей ешті назарыңа,
Іліндің ел назарына.
Ұқсатамын өзіңді, ерке,
Айгүлім мен Базарыма!
Олар менің өзім еді,
Айтылмаған сөзім еді.
Екеуі екі – қос қанатым,
Екеуі екі – көзім еді.
Айналаңа шуақтысың,
Кім алқамас шуақтысын.
Мен үшін сен, қарағым-ай,
Сол екеуі сияқтысың!
Жолатпадың қайғы-мұңды,
Кірлетпедің айдыныңды.
Сағынсам мен саған бардым,
Базарым мен Айгүлімді.
Айналайын, қарындасым,
Кім сағынбас қарындасын.
Не тілесең тілегіңді,
Тәңір Иең орындасын!
Қарындасым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу