Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  194


Автор: Светқали Нұржан

Мінәжат

(Мұстафа Шоқайдың аруағына бағыштадым)

Түйе қомын бесік қылып өсіп едім ат жалында,
Маң даланың кәрлі қара тауларының шатқалында.
Ырылдадым бөлтіріктей талай қыстың қақпанында,
Қызыл аяқ қарды кештім Мешіндердің Ақпанында.
Мезгіл желі жасырам деп, орғыл құмды жүз күреген —
Арт жағыма бұрылсам - ақ қардағы қан ізді көрем.
Шілде көрем сан қуырған тәнімізді табаға сап,
Сол шілдеде шаққан бізді Сарыүйек пен Қарағашақ.
Тамырымды кептіргенде тандыр аптап қанды қақтап,
Жататын-ды сандырақтап шымшық үнді тал жылап қап.
Көктем менің жадымда жоқ.
Есте Қыс пен Шілде қапты.
Мезгіл желі соғушы еді бірде баяу, бірде қатты.
Жел сарнайтын: дүмше молда оқып тұрған қате аяттай,
Бұлт желетін иесі жоқ Алтын Ерлі ақай аттай.
Өткенім мен кеткенімді, десем - дағы қарғай алман,
Қалай бүгіп қалмақпын мен жұлындағы зарды оянған.
Айтарымды айтып өлем, деп серт бергем, әсте бүкпей,
Тынши алман жанарымның түбіндегі тасты ерітпей.
Сәби кезгі суреттер көзден жатыр өтіп айқын,
Мен алғашқы көрген шаһар шандақ шашқан Жетібай - тын.
Тауда жүріп, таста өскені — бойындағы бар айыбы,
Сәл жатырқап қарсы алғанды біз сықылды жабайыны.
Жүрегіңді жыртып жеген — құлағыңның құртын жеген
Аждаһа - көз мұнарасы күні - түні зіркілдеген.
Сатылатын құл баладай ішіндегі жат қорғанның,
Атасы өзге көп міллеттің мекеніне тап болғанмын.
Сол шаһардың отырғанмын мектебінің партасында,
Ол күндері Қазақстан СССР - дің картасында.
"Күн сәулелі болашақ" бар — мақсатымыз біздің айқын,
Жыр жаттаймыз "Одақ жайлы — мәңгілікке мызғымайтын".
Үміт таңын көрсетпекке күн шашатын күліп қанын,
Мың ұққанмын:
"Құрыштардың қалай, қайтіп шыныққанын".
Тиісті пән мұғалімі тұрар еді түбіжіктеп,
"Алашорда" сөз боп қалса:
"Шеттерінен құбыжық!" — деп.
"Ылғи залым!
Оқымаңдар! —
"Зар заманның ақындарын!" —
Келешектің келбетінен
Зәресі ұшып аһ ұрғанын!.."
Кейін ұқтым күнде әжемнің айтып жүрген нақылдарын,—
"Халқында күн қалмайтынын,
болмаған күн ақында — мұң!"
"Құрбақа ойнар құлағында, құдығына құлан құлап" , -
Осыны айтып гөй-гөйлеген әжем байғұс тынар жылап.
"Бола алмайтын ергіз де — екі, Тегінде екі теке атпаған"
Айналамды — әжем айтқан ескі сөзбен Кекеп бағам!

Сол нақылға, сол жырға да жаудай тиді - ау қырсау надан,
Жыртық күрке көкірегіме сол жырлардан нұр саулаған.
О Заманда Дулат, Мұрат — Тарихтың күнәлі ұлы,
Ой - санамның қожайыны — орта мектеп мұғалімі.
"Байтұрсынов?.. Шоқаев па?! Атай көрме атайыны!" —
Мен сені алғаш сонда естігем О, Мұстафа Шоқайұлы!
Қарғауға бар болғанменен, заң жоқ еді боқтай - тұғын,
Ұстаз ақыр "Күн көсемге" теңеу таппай тоқтай - тұғын.
Өшкен қазір ел есінен — "Коммунизм елесімен"
Көз - санасы тұманданып шығаратын өлесі дем ...
Кірпігіне жас қонақтап — тұрған талдай тұт ұялап,
Тек "пленде" болған шалдар сені айтатын құпиялап ...
Көре - көре көп нәрсені бой мұздады, қан суынып,
Өтті жылдар тұсымыздан ай тұяғы шаң суырып.
КазГУ бардық, кездік сосын өзің көрген Алматыны,
Біз де атандық Алматының пәтері — күл жарлы ақыны.
Сәуір желі қызғалдақты шығаратын үрлеп қырдан,
Онда Алматы Ташкент құсап Астана боп гүрлеп тұрған.
Салтанатты сәттер өтті. Қайда ондайда өлең жазу?! —
"Қазақстан — Ресейге өз еркімен!.." — деген жазу,
Алатаудың бауырына ақ мәрмәрмен әдіптелген.
Жыр селдеді: "... алып берген, Октябрь деп жарық берген ...
Құбақан мен ептіге айтпай, барлық сырын тектіге айтып,
Әлі есімде, Момышұлы дәл сол күні кетті қайтып.
Кім біледі — қайда көзі? Ыржаңшыл жұрт ойға мезі,
Мәре - сәре болып жатты өз құлдығын тойлап өзі.
Бақыт масы — талибтерміз, аудитория — сахнамыз,
Бал жинаған аралардай білім жинап жатырамыз.
Бұл КазГУ - де сан Абыз бар.
Профессор ағамыз бар. —
Көңілдерге аламыз нәр,
Еріндерге жағамыз бал.
Шанқан шаттық шалығымен
Баратындай жұрт — қайынға,
Сұрақ қойып құртпайын ба —
"ұлтшылдар" мен ұлт жайында ...
Жасын түсті құрт қайыңға ...
Сонда ағамыз түтеп кетті.
Алды кенет қара түндік күліп тұрған бітеп көкті.
Күркіреді жазғытұрғы шығарғандай бұлт сойқан үн,
Талай таяқ жегізді ғой тыныш жатпай "тұрт, сайтаным!.."
"Қайдан алдың айтшы, кәне, сен олардың деректерін!?
Кім әңгіме қылып жүрген — "Алашорда төбеттерін?!"
Қоламтаны қаузамаңдар мәңгі - бақи өшкен үннен,
"Саясаттың сілімтігін" шығарыңдар естеріңнен!
Аймауытов, Жұмабаев?! — Өшір, ойбай, өшір атын!
Қажет емес бізге ешқандай кер жазушы, кесір ақын!
Батсын күні Шәкәрімнің, Міржақып пен Халел, Жанша?! —
Өрте, құрт, жырт, көзге түскен арттарында өлең қалса!
Құдіретті атаң - анаң — партияның арқасында,
Отырғаның шықты ма естен — университет партасында?!
Олай болса - енді ешқашан ұмытпастай үйретеміз,
Жұлынын үзіп ұғымыңның, қабырғасын күйретеміз.
Бөкейханов, Шоқаев па?! — Шеннен шыққан қате, айыбы!"
Сені сонда тағы естігем О, Мұстафа Шоқайұлы!..
Алғандай-ақ жанымызды жын иектеп, малғұн тырнап,
Біздің курс төбесінде ұзақ тұрған шаң бұрқылдап ...
Сезе - сезе көп нәрсені ой мұздады, жан суынып,
Өтті жылдар тұсымыздан күн - қияғы қар суырып ...
Күзгі көлдің қамысындай суылдайтын Мезгіл Лебі,
Бұл күндері ер боп кетті сол кездегі ездің көбі.
Кетті деп пе ең әлгі ағамыз СССР - мен қатар өліп?
Тәуелсіздік таңы атқалы болып алды Академик.
Сол баяғы кербез кейіп: Төре-тыртаң, қожа-сылаң,
Тартып қойып жүріп жатыр Бостандықтың бозасынан.
Ұстаздардың бәрі сондай болса өмірде қала ма мән?!
Екі - үш ағай бар-ды тағы. — Мен оларды қараламан.

Деп: "мына бір қазақтардың бәрі — керең, бәрі — соқыр," –
Кіл күмәнді, кіл тұманды жерде ғана дәріс оқыр.
Әжептарқы бет - ауызы, қашан көрсең ісіп - кепкен,
Желтоқсанның ызғарына тоңбай тұрып үсіп кеткен.
"Зачетымды" қойып беріп қара тұман қабақтарда,
Сен жайында талай айтқан. — Тыңдамауға тағат бар ма?
Міллет үшін жанын қиған — жиылсын деп жат айылы,
Мен сені алғаш сонда құқанмын О, Кемеңгер Шоқайұлы!
"Ел аумасын қонысынан, тек көгімде тырна көшсін,
Мың сайрамдар өз аспанын өзі ғана жырға қоссын!"
Осы ой сені жатқызбапты. — Зар бар баста көген жайлы:
"Өз төрінде өзі қожа болсын халқым" деген қайғы.
Жерімді аман ап шығам деп,
Ібілістің ойнағынан,
Елімді аман ап шығам деп,
Әзәзілдің ойранынан,
Кірпік қақпай алысыпсың:
"Міне, иманым! Қайда - Құран?!
Енді мәңгі тоқтасын, —
деп, — қырда — қырғын, ойдағы лаң!"
Өлмеп еді айға атылып —
қай арыстан, қай қабылан?! –
Сен болыпсың о, Мұстафа, қанат ұрған айға қыран.
Таңдай бар-ды тындағанның қабырғасын қақыратқан,
Маңдай бар-ды жырта қарыс — еншіге алған Сократтан. 
Азу бар-ды сол маңдайда — Кіргізетін Ұлт Ақылын,
Азу бар-ды Піл Терілі Түйсікті де жыртатұғын.
Сонау жұлдыз арманыңа тор-тұманын құрды Арапшы,
Отаның мен Қотаныңа иелік қып Құл — Қарақшы.
Басын езіп өзектерді кеулеп жатқан жұлын - құрттың,
Орыстың да, немістің де "бас жендетін" ұрып жықтың!
"Қарақшыға" естіле ме тозаңытқан Үркер үні,
Көзге ұрынбай тұрушы ме ед Аз халықтың Үлкен ұлы!
Сені кеше, Үркер ұлы, "Қарақшыға" кім теліді? —
Нысанаға ап құртып тынды замананың Құлтемірі.
"Ұлтым" депсің, "Түркім" депсің. —
Ұлтың сені қарғады кеп,
Бұл да еншісі Ұлылардың — бақыты кем, Арманы көп!
Естіледі әлі күнге кәрі айтағы пінә-қырттың,
Қазір енді сен жайында бәрі айтады мына жұрттың.
Мезгіл желі әлі ызғарлы.
Жалбарынам Жаратқанға...
Өзің жайлы Аңыз қалды сол тұманды қабақтарда...
Шері — шексіз, ойы — түпсіз,
Ұқтырмайтын ғұлама сыр,
Ұлан - асыр жұмбағы бар ғасыр болды - ау — мына ғасыр ...
Сенің Қара Түндеріңнің
Ізі жатыр Дәптерінде —
Туған Жерді әлдилепсің
Жүрегіңмен Жат Төрінде.
Білінген соң сенің кірпік ілмейтінің
Елің үшін,
Жауларыңа керек бопты мәңгі тыныш
Өлі Мүсін ... 
Жүрегінің орнында Гүрзісі бар
Өктем Мұжық —
Мүсініңнен үрейі ұшып, молаңды да кеткен бұзып...
"Азаттық бер Еліме!" — деп күні-түні Мінәжат қып,
Сенің Ұлы Тілегіңмен жетіп еді бұл Азаттық!
Бірақ Тақ пен Атқа мінген —
Туған "ерлер" "октябрьден" —
Өз Ұлты мен Өз Ғұрпына жаман тиді жат жебірден.
Құран емес, қыли заңға қолын ұрған
Антын сатып, Ата-баба Даңқын сатып,
өзін туған Халқын сатып —
Бір халықты мың жалмаған,
Өткенінен үлгі алмаған
Билікті алды тағы тартып өңкей миғұрт — құлдар надан.
Әлде тағы шықты ма алдан
Сендер кешкен Мұндар заман?
Қаңғырап жүр күллі арлы адам. —
Ертеңімді кім барлаған?
Өркенімді қылам күмән — тұншықтырды тұманды маң,
Тап-тап берді — шақпақ па енді
"Іштен шыққан шұбар жылан?.."
Ел мен Жерді аманаттап Әулие мен Машайыққа,
Әлде біз де саған ұқсап жат өлкеге қашайық па?..
Сен де кеше ойын Құлдың оқыдың да мойын бұрдың.
Ең соңғы рет Маңғыстаудан аттаныпсың –
Кейін білдім.
"Үш жүз алпыс әулие" мен Пір Бекетке сиындың да,
Қаңбақ болып еріп кеттің аспанды ұрған құйын құмға.

Сен немесе баяғыдай қанатыңмен көкті құшып,
Мәңгі Жұмақ Мекеніңе періште боп кеттің ұшып ...
Мен білемін, Алашұлы, Сен де мұны теріс деме! —
Ұлтжанды адам өлгеннен соң айналарын Періштеге!.
Ерлер өтті — Жүрегін — кек,
Қарықтырып шырайын — от ...
Ұлтсыздар жүр кеудесінде
Ар Бейнелі Құдайы жоқ.
Ерлер өтті ...
Аққу — пиғыл, бұлбұл үнді, арыстан — бас...
Ұлттық Намыс оянбаса —
Адами да Намыс болмас! ..
Мен де жүріп келатырмын
Жерлеріңмен аялдаған,
Жанға тұрақ таптырмайды —
Өлі Дала — Оянбаған!..
Бұлбұлдардың көмейіне
Зар боп тамып Дарақтағы үн,
Елестейді бәз Даланды қимай жылап баратқаның.
Мұздай мөлдір, тұздай ауыр —
Мына таудың тасы бөтен. —
Әлде сенің Жанарыңның тамып қалған Жасы ма екен?!
Шөбі күрең, суы қызғылт —
Мына маңның сәні бөтен. —
Әлде менің Жүрегімнің ағып тұрған
Қаны ма екен?..

21.09.1999 ж. Ақтау қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу