Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  161


Автор: Светқали Нұржан

Бүгінгінің аңызы

Темірханға
Әлқисса, аңыз айтады: сонау бір алыс бағзы заманда, мұсылман шеміндегі екінші Пір — Қожа Ахмет Иассауи жатқан Түркістан топырағынан жердің жұмағын іздеп, сол жерге ілім-білімнің шырағын жақпаққа 360 ғұлама сапарға шығыпты-мыс. "Темір етік теңгедей..." болған шақта фәни жалғанның қызық-шыжығын тәрк еткен Абыздар Маңғыстауға жетіп, бақилық мекен-тұрағын тауыпты...

аңызы жайында қозғалса сөз тиегі,
Әңгімеге арқау ақын сүйегі...
Жер толғатып,
Кіндігіңді нұр кесіп
Туған сені Түркістаның киелі.
Топырақты түрленткенде тер сіңіп,
"Қақ қанатты, қонған шаңды кел, сілік!"
деп бір күні Әзірет Сұлтан өзіңді
Аттандырған Маңғыстауға елші ғып. —
"Тауларынан соқпақ болып түс, ақын,
Әрбір тасын құсы құсап күш, ақын!
Маңғыстау деп аталатын мекен бар,
Бұтасынан бір-бір аңыз ұшатын!
Жаурап жатсаң ізде сол бір таудан ық,
Досына құт бол қашанда, жауға — жұт.
Шайқы, пірлер айтқан маған сәлемді
Жіберіп тұр жыр тіліне аударып...
Мөр боп түссін әр тасына басқан із,
Басқа Заман үшін керек — басқа аңыз!
Қырық шілтен шылауыңа оралып,
Бата берсін Баба түкті Шашты Әзіз!.." —
депті Пірің,
Қадыр Түні түске еніп. —
Бағзы таудың шындарына түстеніп,
Ұшып кеттің, Пір асасы нұсқаған
Жаққа қарай - көктемдегі құсқа еріп.
Сол мекенге талып жеттің, нар аға!
Сегіз жүз жыл салып жеттің араға.
Сәлем бердің қуысында әр таудың
Күңіренген - кіл Әулие Бабаңа...
Өлең — сенің бар дәулетің - жиғаның,
Өлең — сенің өлерде оқыр Иманың.
Қара Түнде, Жел өтінде шам қылып
Ұстай келдің Иассауидің "Диуанын"...
Артына — аңыз, алдағыға ісі үлгі —
Маңғыстаудан көрдің ғажап Мүсінді.
Шыңырауынан — қайта тумас Марғасқа
Әбілһаят суын саған ұсынды. —
"Мынау ғалам бос метейдей тұр қаңсып,
Керек, деді ол, таңғы шөпке тұнған шық." —
Арман Ару кірпігіне қамалған
Алдың сосын жанға дәру нұрды аршып.
Құмыр бұлбұл жырлап бақша, бауы үшін,
Кезді нұрың бәз даланы, тау ішін.
Ғұмыр атты - Жалғыз Сәттік Сәуледен
Шығардың сен Ұрттам Демнің Дауысын.
Шығып Түнде Зау Заңғарға ай күлген,
Кей Заңдарға өз қолымды қойдым мен. —
"Лә илла-һу иль-Алланың..." жалғасы:
"Шайыр — расул пайғамбарға!" — деймін мен.
Деген едің:
"Әз інілер шамды алса..." —
Оны алатын бойда мысқал әл болса,
Сол бір Нұрды біз де өтерміз серт ұстап,
Бір қуыста күңіреніп қалғанша!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу