Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  104


Автор: Светқали Нұржан

Мешіннің қысы

немесе тағы да көне қыстау хақындағы хикая

Ат байлаған не бір сой, не бір төре
Қазығым бұл...
Өмір — жас.
Көңіл — көне.
Сияқты еді тым асқақ...
Төлежіпті
Ескі қыстау панасы — қоңыр төбе.
Шорт үзіліп қалғанша жол — жан-демім,
Жетем бұған бар болса әл-дәрменім.
Қара ошақтың баяны — көне қыстау,
Болашақтың маяғы — Қағбам менің.
Осы арадан Сапарым басталады,
Босағадан Соқпағым қашқан, әні.
Ала шапқын Уақыт харап қылған
Бала шақтың, беу, мұңды — тас қамалы!..
Кәне сәл-сәл, жігіттер, кідірейік...
Күйдіріп тұр жүректі мұңым ойып. —
Мені талай телмірткен терезелер,
Көздеріндей Мүрденің үңірейіп...
"Тентек Дәлу" есімде — Мешін жылы,
Дауыл үні сияқты ед бесік жыры.
Қаңтарлардың қарына өсіп шыққан,
Мен де сол бір кезеңнің өсімдігі.
Бұлт қылшығы азаймай Ай түткенмен,
Қыс хабарын талайлар айтып берген.
...Бауыр басқан нағашым қаза болып,
Өз жұртыма сол жылы қайтып келгем.
Соны еске алсам кірпікті шық басады,
Сәби едім көп нәрсе ұқпас әлі.
Әжеміздің енесі күбірлейтін,
"Құран Карим" алдында, "Мұқтасары"...
Қаратауды жүргендей бұлт айналып,
Сол кемпірден шыққаймыз шырқ айналып.
Біреу келсе түреді кимешегін,
Көрпесімен кітабын қымтай қалып...
Жібере ме білмеймін мәпелеп көп,
Бала кезгі енді ұғам қатені ептеп.
Алдайды әжем:
"Ертең-ақ нағашыңды
Шалқар молда тірілтіп әкелед..." — деп.
Алты жасар мен сонда би едім ғой,
"Ат", — деп жылап жататын, түйе мінбей.
...Қой қораның тастары сөңке бопты-ау,
Сол Мешінгі малдардың сүйегіндей.
Қаһарлы үнмен Ұт келген — қатал мүлдем,
Төрт түлік те кеткен-ді қатар мүрдем.
Атам жүрген қой шулап шанасында,
Ат жүре алмас күртікте атан мінген.
Сол кездегі көз жасым — киелі шық,
Шық тиген жер әлі күн күйеді ысып.
...Бір-бірінің жүнін жеп, түйе құсып,
Қатып қалған жылқылар сүйенсіп.
Қақпан болып сирақтан қапқан қар бар,
Түн баласы айға үріп Ақпан зарлар.
Азу басып алқымға аяз-бөрі,
Тұрмай қалды шөкелеп жатқан нарлар.
Сілекейлеп сәулесін қасқыр-арман,
Ай ұлитын — кірпігі жас шыланған.
Өркешіне бас сүйеп өлген мая —
Күлде қалған аумайтын тас құманнан.
Аяз-сурет салады миға ұғымдар,
Би билейтін түнімен қилы жын бар.
Түтіні өшкен мұржаны қобыз қылып
Бабаулайтын — шөрәлі, шимұрындар.
Кетті қайда сырыма куә түндер? —
Сезімдердің сондағы суатын бер! ...
"Неге өлтірдің малды?!" — деп әкемізге
Қыспен бірге қақайтын Уәкілдер.
Үгітілген үлкеннің түрін көріп,
Жатырасың бұрышта жының келіп.
Өксігіңді жұтасың өзегіңе,
Кіжінулі деміңді діріл жеңіп.
Сұқ саусағы Заманның кезелуде...
Мен, әрине, ол кезде сеземін бе? —
Мұз боп қатқан Өксіктің —
От боп тамып,
Өмір бойы өшпесін өзегінде...
Кеңестердің керелеп Мақтаншағы,
Боз даланың бұзылып мақпал сәні,
Фонтандары мұнайдың — бөріктерін
Атып болмай аспанға жатқан шағы.

Мал қалмады қорада жазға апарар,
Ағай қашты қалаға — аз ба хабар?!
Күні-түні миымды бұрғылайтын,
Қыс қаһарын қыстырмас Аждаһалар.
"Жатқа қимас жер ед, — деп, — әр тұтамы!'
Көкем кейде өзді-өзін қор тұтады.
Шектен шыға бастасақ, шешеміз де:
"Орыс келіп қалды!" — деп қорқытады.
Қанып өскен үлкеннен сан аңызға,
Үргедектеу ұл едік — алағызба.
Әлгі сөзден үрейді үсік ұрып,
Суық соғып өтетін санамызда...
Содан бері озыпты талай Дәурен,
Шыдар екен Өксікке қалай кеудем?
Көне қыстау тұсынан өткен сайын,
Арт жағыма кетемін қарайлаумен.
Кәне, Көңіл Дүрбісі, теріс бұрыл!
Сәби - Елес!
Бері қарай тегіс жүгір!..
...Қанды бұзып жолықты — сан құбыжық,
Қол байырғы орыс пен неміс түгіл.
Өтті жылдар балшықтай илеп мені,
Көп болыпты — басқа арман билеп, тегі —
Қаңтарлардың Мүрдесін аршып алып,
Ақпандардың Сүлдесін сүйреткелі.
Көне қыстау тұсынан дүрмек кеткен —
Жібереді бір ілеп үрлеп беттен...
Мешін жылы сүйекке сіңген суық,
Желтоқсанда сан рет дірдектеткен.

Көңілімнің босатсам шегелерін,
Жел сарнайды кеудемнен неге менің?..
Жылыұшырап қарайды жер түбінен,
Қимастарым жатырған көне қорым.
Сол қорымға мен түбі жетіп өлем,
Көкейімді кеулейді — Жетім Өлең.
Көне қорым шетінде төмпешік бар,
Сыңарым ол — Мешінде шетінеген...
Балалықтың өлтірмей көзде елесін,
Үш мүшелдің ертіппін кезбе көшін...
Азған, малсыз даланы Мешін желі
Қосады Әнге — бірақ бұл өзге Мешін.
Ғұмырымның төленген жарты құны,
Місе тұтпас Заманның нарқы мұны.
Бұл Мешіннен өте алсақ есен-аман,
Болғалы тұр жан олжа — мал түгілі.
Пірәдардай қол берген Піріне кеп,
Мұнда келсем — көзімде тіріледі от...
Түрі бөлек Мұндар көп, мұңы бөлек,
Маған жақын жандардың бірі де жоқ.
Бұтағымда без болып бүршік мұңым,
Көмейіме көмілген тұншықты үнім.
Азаттықтың алғаулы аталасын
Енді маған ұсынбақ — шүршіт-шүрім.
Тереңінде жанымның көл тұндырдым,
Сонау Сәби-Арманды ертіп жүрмін.
Қыстауымды жоқтаймын,
Білмесем де — Кентім кімнің қолында,
Еркім кімнің... 
Қолбасшыдай қираған астанасы,
Шелді көздің тамады тасқа жасы.
...Осы жерде жазыла бастап еді-ау,
Біздік Ғұмырбаянның бастамасы.
Мына төрде жатушы ем жаттап дастан.
Елестерге жолығам аттап бассам.
Менен қалған Үміттің Үзігіндей,
Төбе жаққа тырмысып соқпақ қашқан.
Бұйда сымы үзіліп шулап баған,
Құстар мұңын іргеде су жаттаған.
Ұршық-мұржа сыныпты опырылып,
Бір кездері түтінін шумақтаған.
Сақта! —
Қымбат — Ескінің көзі, — дер ек,
Жатқан кім бар Естінің сөзін елеп.
Нелер келіп, бұл жерден кім өткенін
Кәрі байғыз айтар тек шежірелеп.
Айыққанша көзімнен мына тұман,
Тасқа айналып мен де сәл тұра тұрам.
Бірақ біздей мұңдықты кім түсінер? —
Қораға кеп күбірлеп дұға оқыған,
Молаға кеп дірілдеп жыр оқыған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу