Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  129


Автор: Светқали Нұржан

Таң қауызын жарғанда

Көз көгермей жүрсем де, сөзге де ермей,
Сүре алмадым ғұмырды өзгелердей.
Айды арылтып тастаппын, жыл жеңілтіп,
Тейім жұмсақ болса да тезге көнбей.
Отыздың да орманын отап келем,
Адастырып жастықты кезбе желдей.
Бір Мұратқа жеткізбей мақсатым мың,
Бос қапылдым, болмасқа бас қатырдым.
Ұқпайсың деп сөзімді тасқа ақырдым,
Ал тас, жырын мақтады басқа ақынның.
...Төлегеннің ғұмырын жұтып алып,
Абай өлең бастаған жаста тұрмын...
Мойыныма артқанда түн білегін,
Жұлдыз саулап жүзімнен бүлдіремін...
Қауызында жүректің мұң қалады,
Шымшық көзді мұзындай сүмбіленің.
Өте шықты жүдеп жаз, сыңсып көктем,
Орман — тұттай, кеп-кеше бүршік төккен.
Арманымның сағымын сипап қалдым,
Ұстай бере қолымнан сусып кеткен.
Тыншытты еппен әуенін елжірек тал,
Тек жүрек бар кеудемді ыршып тепкен.
Итсигектер шеккенде изенге айбат
Солды қурай — үрейден бизар бейбақ.
Сусиды кұм, сыңсиды қоян сүйек,
Ал нарпоздар кірпікке мизам байлап.
Мизам-сезім шырмаған тағдырларға
Қарап тұрып қамығам үй-жанды ойлап.
Күн саусағы берсе сан бояуды аршып,
Түн қашады — төбеңді ояр жаншып.
Күллі Аспанды қамайды Кірпігіне,
Таң қауызын жарғанда оянған шық.
Қазынамды әлдері жеткенше алып,
Бағымды отап жүрген кім кетпен салып?..
Шық-тағдырлар күнәсіз мөлтеңдейді,
Жапырақтың жүзінен кеткенше ағып.
...Жылан бұққан бұтаның төбесінде
Бозторғай тұр шырлаған - неткен шабыт?!.
Мына тамшы - үн құлай ма, құламай ма?
Жұтар ма екен мұны да жылан-айла?
Таң қауызын жарғанда оянған шық,
Дірілдейді таба алмай қылар айла.
...Төлегенді оқысам түңілемін,
Үңілемін содан соң ұлы Абайға...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу