Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  122


Автор: Светқали Нұржан

Бөлтірік жыры

Ананың айдаһары бар,
Мынаның самұрығы бар,
Менің кімім бар ?
Есенғали.

Сен бөрісің, ағасы,
Мен — бөлтірік,
Тісім шықпай ішімнен келгем тынып.
Апанымнан бір күні сығаласам,
Дуылдасып жүр екен ел жең түріп.
Кетіп қапты замана көші ілгері,
Ере алмасам, атанам не үшін бөрі?..
Жанықтым мен содан соң,
Азу үнін
Көк түріктің тіліне көшіргелі.
Дырдуға алаң болмай-ақ, әзілге алаң,
Жаза басып, деместен жазым болам —
Бір сөз айтқым кеп еді адамдарға —
Құранның да өзіңде жазылмаған.
Сол-ақ екен, сойылдап ел желкеден,
Қуалады ит қосып өрден төмен.
Кердең, керең зарымды ұқпағасын,
Ырыл шықты кеудемнен — көрден терең.
Мынау елдің ашылып кекті араны,
Шырақ алып ізіме коп қарады. 
Жанарлары қан-талақ — Зәнталақтың
Дыбыстары миымды жеп барады.
Ғайса, Мұса, Буддасы, ал бірінің
Алласы бар — басатын жан дірілін.
Ешкімі жоқ мен бейбақ көкке қарап,
Қара аспанның жалаймын қанды іріңін.
Ортасынан қуғасын жұрт жабылып,
Күніменен ел көшкен жұрттан ұлып;
Сыртқа жүнім қомпайтып, шарасыздан
Кірем кешкі Шаһарға бұлт жамылып.
Жаным жүдеп қараймын, көз боталай,
Біз бас сұғар қуыстар аз ба, қалай?..
Иріледі алдымнан түнгі қала —
Қабыршағы жылтылдап аждаһадай.
Жүрегімді жыртқанда ұран-түрен,
Түрткісі кеп тағы да тұрар түлен.
Апанымда жарамды жалап жатам,
Ұғыса алмай қаптаған бұралқымен.
Ит даусынан жасырып тұрағымды,
Жалтақтаймын жан таппай қылар үлгі.
...Бәз даладан көне бір апан көрсең
Ей, Бөрі аға! — Түре жүр құлағыңды...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу