Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  142


Автор: Светқали Нұржан

Қаратаулық қыршынның қазасында

Маңғыстаудың жыршы ұлы, Қаратаудың қыршыны Қыдырбай Тұрмағанбетұлының әруағына бағыштадым.
Автор.

Күздің түні.
Сөнген күнді бұлт үрлеп
Қайта жақпақ;
Мен қараймын күлкім кеп.
Алқа-салқа омырауынан Аспанның
Жұлдыз-түйме үзіледі біртіндеп.
Бір түймеге мен де кенет бас салдым,
Жұлдыз емес, мөлт-мөлт еткен жас тамды,
Жас тамды да жанып кетті күл-күл боп.
Мырс-мырс еткен күлкі естілді сыртымнан,
Жалт қарасам, шығып кетіп ырқымнан —
Қаратау тұр езулерін жиыра —
Әр әжімде бір үрейлі сыр тұнған.
Күбірледім әруақтарға сиына —
Жегі-жел кеп еніп еді миыма,
Ұры-самал үркіп шықты ұртымнан.
Сол самалдың ызғары өтті киімнен,
Алқымда тұр кеудемдегі түйір дем.
Құрғап қалған құм таңдайды шөл қапты.
Қаратауым еріндерін шүйірген,
Суытып ап қошқыл өңін жел қақты,
Сұқ саусақпен көрсетті де мен жақты,
Қара Аспанды түртіп қалды бүйірден.
Сол-ақ екен келді Аспанның қытығы,
Киіп алып түймесі жоқ күпіні.
Күлді дейсің аспан сонда селкілдеп,
Күмірә боп өлетіндей бітімі.
Бәрі сенен! — деп Самалды Жел тілдеп,
Самал қашты сай-салаға желпілдеп,
Бүгін түнде құритындай тұқымы.
Көкжиектің кірпігіне қан жағып
Ай да шыққан — көз бұлауға қамданып.
Шыға сала — қолды болды Ай бейбақ,
Ең болмаса үлгере алмай таңданып.
Бабаураған дауыс жетті:
"Бәй-бәйлап!.." —
Қара Аспанның шықты өңіне қайғы ойнап –
Бір күрсінді өзек-тінін Зар жарып.
Күрсінді Аспан,
Демін алып кеңірек —
Кенет мүлде кетті өзгеріп төңірек.
Құлап түстім тас кеуектің астына,
Жасын-саусақ бір шерткенде мені кеп.
Мойынынан құшақтап ап тас қыла,
Қаратауды бауырына басты да,
Жылап қоя берді-ау Аспан еңіреп...
Жөнелді бұлт тартқылап Ай-көкпарды...
Тас кеуекте мен отырмын жоқ-барды.
Көк өксігін жуыр маңда басар ма? —
Жаңғырығып Дауыс тағы кетті әлгі:
"Саған не бар!? —
Жанарыңа жас алма,
Ештеңе айтпа. —
Шын перзентін қашанда
Туған жердің жоқтайды өзі!" — деп қалды...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу