Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  148


Автор: Светқали Нұржан

Жұматай жайлы Жаназа-жыр

Кемпірқосақ тұрған тұсты нұсқадым,
Анау тұрған әпкесі деп Ләйләнің.
Жұмағұл-Шора Сағадиұлы Жақыпбаев.
Мына жалғаннан Жұмағұл-Шора да өтті деп,
Жартастар қалды көз жасы сора бетті іреп.
Сора бетті іреп көз жасы
Жартастар қалды,
Көз жасқа қарық қылады қарт аспан мәңгі.
Бауырын жоқтар ақынмен астасар әнім,
Өтежан құсап қайғымды тасқа шағамын.
Айтпай да кеттің, Жұмаға, қайда беттедің? —
Тойға кеткенің беймәлім, қойға кеткенің.
Қыршаңқылардан бизар боп қасынып тепкен,
Асықпай жүріп, сен болдың, асығып кеткен.
Иектемекші болған бір ерді ұрып жаққа,
Қой бағып, әлде, кеттің бе Белқұдық жаққа?..
Інілерді ертіп өзіңнен өлең үйренген,
Аламандарда жүрсің бе Кенежиренмен?..
Жидебайдағы тойшымен кеңесе жүріп,
Бозжігітінен үзді ме жеңешең үміт?..
Жердегі безіп қаптаған өлермендерден,
Кеткендей айға қыз - Ләйлә — өлеңнен келген;
Елесіңді, аға, сағынып айдан іздегем,
Отыр ма екен деп сырласып Ләйлә қызбенен.
Аспанға ұмтылған мен болдым жердегі бұзық, —
Кемпірқосақтың алдым мен өрмегін үзіп.
Ұрса ма деп ем, көзіне мұң ұйып түрлі
Ләйләнің ару әпкесі жымиып күлді.
Ол-дағы көрдім демеді, жан аға, сені, —
Қайта қарасам аспан да жалаңаш еді...
Жалбыздың жұпар исіне құнығып барып,
Алқара шашты көктемге тығылып қалып
Шықпай қойдың ба? —
Мың сайрам молаңа түстенді,
Таңқурай ағып, тағы да долана пісті енді...
"Қаламгерге" кіріп келмейсің балпаң да басып,
Біздерге сарқыт бермейсің шампаннан ашып.
Есенин құсап — жыр жазған парсыға бармай,
Үндістан жайлы толғап ең Ән шығарардай.
Сүймейміз енді сені, аға, борықтай беттен,
Шаганэ тап боп,
Чагинің жолықпай кеткен...
Миыма кейде аласың елес боп еніп,
Елестің сөзін жүрмін мен кеңеске жорып:
"Ақын көрдім елден бөлек нұсқасы,
Бірдей келген ұзыны мен қысқасы.
Семсері бар жылына бір қайралар,
Сомдап соққан Исфаһанның ұстасы..." —
Деп едім бірде, — "осылай өлең құрайым",
"Екінші жолын өзгертші, енеңді ұрайын..."
Сол жолды өзгерт.
Қалғаны "шикарно", — деп,
Боз қасқа жырдың Маңдайын сипады Жүрек.
Қарасақ та енді қай жаққа көреміз жоқтық, —
Естімей кетті көп болды — енеміз боқтық.
Орнатпаса да өзіңе қазағың мүсін,
Зайда-жар жазды Жоқтаудың ғажап үлгісін.
Топанша ағып барады тоқтаусыз жалған,
Ақындар неткен бақытсыз — жоқтаусыз қалған.
Топан ішінен көрем де елесіңді, аға,
Ене алмай қалған жетімдей ересидаға;
Қоңыр ымыртта оралып көмескі үн — сезім,
Жүрегімменен тыңдаймын Елестің сөзін:
"Қойнына мәңгі мені де шақырды далам,
Мен болам, бала, — далаңда Ақырғы Қаған.
Тәңір-Құтқа "Зам" ғып түбінде қоям бәріңді —
Елхан мен Гоуан, Саид пен Нояндарымды.
Бассыздық түбі, нанбасаң, сұраңыз — құрдым,
Біз — неоимпериясын құрамыз жырдың.
Ақындар ғана ойлайды халқының қамын,
Ойлаған татпақ, әрине, әркімнің дәмін.
Сен де тат дәмін шамаңша,
Бірақ біл әлді,
Әлін білмеген ақыры сұлап тынар-ды.
Ашының өзін ей, ноян, мұңыңа шақтап жұт,
Жүргендер барда — ақындар жығылар шақты аңдып.
Аранды ашсаң — сына боп жақындар жатың,
Мейірім төкпей болмайды ақындарға ақын.
Алгеуде болу біз үшін фәни заңы деп,
Назырқата да бермендер Фаризаны көп.
Күйсіз қыранды тар жерде қинар бөктергі,
Салбурынға алып шығар ма ед Иранбектерді.
Маңғыстау барсаң — тудырған талай хас өлең,
Темірхан атты айтарсың — "адайға" сәлем.
Кейде ерік беріп алған жөн жырау-шабытқа,
Құлағың тігіп жүргейсің Раушановқа.
Ақындарды ақын, демесін, дұрыс күтпепті,
Ашықбаев пен сыйлай гөр Тыныштықбекті.
Өлеңмен ғана әр ақын тапсын Тәңірін,
Шәкизада мен, қайда жүр, Ақсұңқар шұлым?.."
Осыны айтып Жұмағам көшені бойлап,
Жыргүлікке арнар Ертеңнің кешенін ойлап
Баратқан сынды болады. —
Үміт пе, тегі,
Содан соң мұлғын тұманға сіңіп кетеді.
Жүректің қылын жұлдырып қара дауылға,
Мен қалам жалғыз
Құлзымның жағалауында.
Аққуға мекен боларда — жағалау күз кеп,
Тұрамын тағы жан-жақтан жан ағамды іздеп.
Кетіпті жұртын қалдырып шерулер көшіп,
Таппадым Онон жағалап,
Керулен кешіп.
Қарағорымнан сұраймын — Шыңғысхан жатқан,
Шах Жаһан жатқан іздеймін Үндістан жақтан.
Ганг мен Жамна бойынан іздеткенімде,
Жолықтым қайтқын құстардың тізбектеріне.
Құс жолы жатты шаңытып — Тәңірдің жолы,
Жолдағы құстар бейне бір Бабырдың қолы.
Ұстатқанымен қолыма Бабамның мөрін,
Олар да маған айтпады ағамның жөнін.
Құлағын түріп жүректің тыңдатқанымда —
Рубабтар үнсіз Ташкеннің гүлбақтарында.
Самархан шәрде шығармай тәмәм үй үнін,
Кернейлер — келді демеді Сағадиұлын.
Мешіттер мүлгіп, меһраб, алаң бос қалған,
Күрсінеді тек мұнара Жалаңтөс салған.
Ағамды жоқтап, жайымды бәріне айтамын,
Таба алмай тағы, далама кері қайтамын.
Кәрі байтағым күтеді.
Күмбірлеп маған
Күмбездер көңіл айтады,
Жүр-жүрлеп далам.
Табамын деген боп шығып —
ұлы үміт жалған,
Мен кетердегі төрімде ілініп қалған —
Нала мен мұңды шанаққа егіз қондыра,
Қосылып жоқтау айтады қобыз, домбыра. —
Содан соң мен де торығып, ауыр сын жаншып,
Зіл-батпан зарды отырам қауырсынға артып.
Зіл-батпан Зардан қауырсын тайып кеткенде —
Жыр-құсым ұшты қанатын жайып дәптерге.
Алғай да қарғам — таңдайға нәр шылап қаннан —
Қауырсынымның түбінен тамшылап қалған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу