Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  106


Автор: Құл-Керім Елемес

СЫН...

Ақын болсаң ақ, хақ һәм зерек болғай!
Ақындары ем тартатын ерек толғай.
Хақты хақтар Хақ беріп жырлар жазсам,
Қайрандарға қалдым мен керек болмай.
Қырқындатып, қыздатып, қатындатып,
Жырға әйел қосқансып затын батып,
Жыр жазуға жалғандық бек әуеспіз,
Жаһаннамға түсірер ақынды атып.
Жапырақтатып, шөптетіп, шөңгелетіп,
Өсекті, өтірікті дөңгелетіп,
Желектінің алысып етегімен,
Желөкпелеп, желпінтіп, жеңгелетіп...
Құйқылжытып, құйылтып, сорғалатып,
Төмен қарай тамақтан жорғалатып,
Қорғағансып намысты қоңын ашып,
Бет пердесін жалғаннан қорғалатып.
 «Сүйем сені, сүйемін, күйемдетіп»,
Саған ғана басымды иемдетіп.
«Сен ғанасың өмірде, сен болмасаң,
Қалар болды, – дегізтіп, – жүйем кетіп».
Етек жақтан бір ғана шыға алмайтын,
«Жыр» деп мүлде басқаны құп алмайтын,
Бір сөз айтсаң шыны бар ұға алмайтын,
Айтуды әсте Хақ жайлы құп алмайтын.
Айтсаң болды Хақ жайлы «жыр емес» деп,
Ақылына Хақ емес, жын елестеп,
Мүфти, имам дегенді «тұлға емес» деп,
Құранды «ертек немесе құр елес» деп.
«Өз тағдырың өзіңнің қолыңда» деп,
«Бала белде, ал қатын жолыңда» деп,
«Дүниені белінен жаныштап өт,
Айың оңда, ал Күнің солыңда» деп.
«О дүние» дей қалсаң, «кім көрді» деп,
«Өткіз қане ойнаумен күндерді» деп.
«Өзіңді-өзің таны деп, таң атқанша,
Атыр қане сауықпен түндерді» деп,
Десең «жаса құлшылық», «тазамын» деп,
«Бұрқырата осылай жазамын» деп,
Иман жайлы ұят пен бір тіл қатпай,
«Қасиетті (жалғаннан) қазағым» деп.
Шақырғанды хақ дінге «ағымда» деп,
«Осы болар бұзылған нағында» деп,
«Бұзып жатыр халықты, сүзіп жатыр,
Жою керек көзін тез уағында» деп.
Мұсылмандық жүріске қарап көріп,
Әйел көрсе көйлекті араб көріп,
«Болды бұлар бұзатын ұлтты» десіп,
Есінде жоқ бұзғаны арақ беріп.
«Лирика» деп ат қойып жырға бұзық,
Кісіліктің жіптерін ырғап үзіп,
Қайран қазақ халқымды-ай қорлап бітті,
Жатқан иман орнында нұрға жүзіп.
«Жыр бердік» деп халыққа у ұсынып,
Көсемісіп, әзілқой қуы сынып,
Өзі ғана білгірі, данышпаны,
Елдің биік көтерер туы сынып.
 Аңқау елдің арамза ақындар-ай,
Болу керек еді ғой затың да арай.
Тұнығыңды өздерің лайлайсыңдар...
Қайран Мұқаң,
Әй, қайран Қасымдар-ай!
Қайран Абай,
Әй, қайран Шәкәрім-ай!
Иман нұрын уыстап шашарым-ай!
«Ақынмын» деп бәлсінген бәтшағардың,
Бар қылығын бетіне басарым-ай!
Қайран Ахмет,
Әй, қайран Баласағұн!
Білерлерім кім биік, аласа кім.
Сендер білген шындықты Хақ білдіріп,
Жаздым аз жыр оқысын қаласа кім!
Қаласа кім Хаққа хақ бетін бұрсын,
Қатесіне қай кімді өкіндірсін.
Жырыменен Хақ берген хақты жазып,
Хақ жолына әз халқын бекіндірсін!
Дұрысы ақын сөйтуі ақындығы,
Хақта онысы Хаққына жақындығы.
Неге жаратылғанын түсініп һәм
Бақылауда болмысты басымдығы.
Тудырмаса екен бұл сөзім егес.
Сезіміңді мынаны сезіне кеш:
Ақылыңды аңдай біл, Хақты құлға
танытатын сол!
Әсте сезім емес!
Сезім нәпсі,
Сезу ол ақыл* жақын,
Сезген құлға сезімнен ақыл жақын.
Сезуді әсте сезіммен шатастырмай,
Хақтап өтер Хаққысын ақылды ақын!
Ақылдыға шындықтың сыры мәлім,
Біліп қайтпау қылмысын ұрыға мін.
Ақындықта ақылды ауызға ұрып,
Сезіміңмен шектелсең құрығаның!
2011.9.5
* Ақылға жақын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу