Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  104


Автор: Құл-Керім Елемес

КҮЗЕТ

Қадір түні – қадірлі түн, мың айдан да сауапты!
Кірсіз,
Мінсіз сексен жылдық құлдықты ойла, сауатты!
Екі әлемі жарқыраған нұрлы иманмен гүлдеген,
Сексен жылға адамзатты ырысты ету бұл деген.
Періштелік тазалыққа бір-ақ сәтте өту бұл.
Сексен жылдық мінсіздікке бір-ақ түнде жету бұл.
Бұл қалауды білген құлды жіберетін шүлен ғып,
Бұл не деген мейірімділік,
Бұл не деген шүлендік?
Тал бойынан жоқ ететін тауба еткеннің кесірін,
Бұл не деген жарылқану,
Бұл не деген кешірім?
Бұл не деген рахымдылық,
Бұл не деген мейірім?
Шатастырма бұл мейірмен ата-анаңның мейірін!
Хақ сыйлаған бұл қадірлі отыз күндік жарықта,
Оразаңды тұттың ба шын, онда айналдың жарыққа.
Шүбәланба, болды солай, Хақ нұрына кенелдің!
Қалпың бұзба, халың сақта, сенсің бірі кемелдің!..
Сонда бұл түн қандай жарық, қазыналы түн еді?
Мұндай сыйды тұрған сыйлап адамзатқа Кім еді?!
Ойлан бауыр,
Орныңнан тұр, бұл дүние жалған-ды!
Қанша ақылды шайтанға еріп, нәпсісіне алданды.
Тырдай мынау дүниені өтсең дағы аралап,
Көзіңді енді соқыр ет те, харам жаққа қарама.
Тіліңді ме, тіліңді жұт, өсек, сыбысты ұмыт та,
Өзіңді ұста дініңе еніп – мұсылмандық тұнықта.
Сеніміңде серік қоспа – Хақтан басқа жоқ тәңір!
«Бар» дегендер болмақ оттық, табынам деп жоққа құр.
«Хақ!» деп қана құлдығыңда берік болсаң нағында,
Шүбәланба, ой-қой бауыр, кіреріңе Ғадынға!
 Ал ендеше күзетейік Оразаның соңғы онын,
Болмайық та ұйқы ұйытқан, нәпсі мінген тоңмойын!
Ұйқы деген ұры халық, ал күзетіп Нұр сыйын.
Ұйқы өлтіріп, құры қалсаң өксігенің бір тиын!
Жетері хақ даргайыңа Сен салғанға сабырлы ер!
Оят та онда, о, Аллаһым, мүминіңе сабыр бер?!
2011.8.26




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу