Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  122


Автор: Светқали Нұржан

Жылқы қырғыны

30-жылдар қазақ даласындағы жылқыға да нәубет болып төнді.
Баспасөзден.

Ат — ер қанаты
Халық даналығы.
...Үрейден үркіп тантырап,
Жатырды далам қалтырап.
Азаматтары жаяу қап,
Қазанаттар кетті арқырап.
Бұғып кеп тексіз — татылар,
Жеткізбей ереуіл атына;
Ағаларымның қанатын
Қиды да кетті қапыда.
Жұртына жарқын жол қарар
Адыра қалды ордалар.
...Қанаты қиылған сұңқарды
Кезі келсе жапалақпен қара құзғын олжалар!..
Тұяқтарында ай жанып,
Кешегі жүрген бәйгі алып —
Сыдыру арқа, сылу төс
Шарагөз алмауыттарым
Айдалып жатты, айдалып.
Жал-құйрықтары сүзіліп,
Жанары көкке үзіліп — 
Қасапханаларға жосылды
Қанаты қанды аққулар сынды тізіліп.
Шайқалды көлдің тұнығы,
Бұзылды елдің шырығы.
Айқара алдан ашылды
Қанды қақпанның құлыбы.
Жұлынды жаны — жұлыны,
Үзілді тамыр, сіңірі,
Қидасын кәрі жілігі.
Түсті де Зауал құрығы,
Құландар құсап құрыды —
Бабамның мінген күлігі,
Қамбар Атаның түлігі,
Су тағы — суынның құлыны.
Қыланды қосып баранға,
Айдады қасап — қамалға.
...Жошыдан шошып кер құлан
Төгілді барып аранға.
Қаптаған кілең күлтекі
Ұмытып обал-сауапты,
Қарамай адал-арамға
Айналып кетті бәрі аңға.
Бүркетін қаны — ұртында
Құл болды далам құлқынға.
Қорқаулар жортты — Жерімнен
Құлан шатыс буданның
Тұқымын тұздай құртуға.
Құлаған құздан тарпандай,
Секірген шыңнан арқардай
Күйшілер кетті зар — таңдай,
Құдай-Пенденің алдында
"Ақсақ құланды" тарта алмай.
Қолында балға, келдектер,
Құдайы қанға шөлдеткен —
Қасапханадан қарсы алды
Жеңдерін түрген жендеттер!
...Маңдайына мола жазбаған
Пырақтарын жүректеріне жерлепті ел...
Артық-ты бұдан қан майдан,
Шығушы ед барып жан қайдан?!—
Тигенде шойын нән балға
Жұлдыз — төбел, ай — маңдайдан.
Құзғындар даусы ұласа,
Масайрады күлік біткен қорланғаннан жыласа.
Тұлпарлар сәл-пәл теңселіп,
Шырқырап барып құласа.
Қан исі шыққан асхана,
Қан исі жұққан баспана,
Қан исі бұққан астана. —
Мұндай да болды масқара.
Безеріп жатты тас қана.
Тарлық етті ғой туған жер
Жендеттерінен басқаға.
Ит болып өңшең қабаған,
Адамдық өшті санадан;
Жендеттің көзіне шапшыды —
Жанары күнге қараған,
"Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған"
Қайран қаз мойындарымның
Сағағынан атқақтаған қара қан!
Тап келді сондай жұтты жыл,
Жүйрікті көрге тықты зіл.
Абайла, жұртым, жалдаптан,
Қабағын қара қан жапқан
Жендеттің көзі қып-қызыл!
Ерігенменен қалың қар,
Ішілмей қалған қағым бар;
Пісілмей қалған сабам бар,
Кінәсі кімде? —
Табыңдар!
Қапастарыңды аршып ал,
Әлі де мүмкін бар шығар
Заманын күткен залымдар?!
Шабылмай қалған сайлысы,
Алынбай қалған бәйгісі —
Құлагерлерін жоқтаған
Жаңғыра бере ме қырымда,
Ақан Серінің қайғысы?!
Қол салып құтсыз қонақтар,
Асылын жатқа тонатқан —
Құланға қазған арандай
Арса-арса болған алап бар.
...Иегін артып биеме,
Үйіріме тағы тие ме —
Томар бас торы шолақтар!?
Уақыт, маған есеп бер! —
Тұлпардың бағына кес еткен,
Далама тұлға болар ма,
Томар бас тұғырдан туған есектер?!.
Тұқымыңды құрту жау ісі,
Тектіңді тыну тауысып.
...Естіледі әлі Даламнан —
Шыңғырған шерлі Құлынның
Еміс те еміс Дауысы...

23.12.1989 ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу