Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  106


Автор: Светқали Нұржан

Күзгі алтын

Ай сәулесі шықты жағып шөптегі,
Айналаға алтын зерін төккені.
Ойнақ салып жүрген сынды көп пері,
Жарқылдайды алтын шағыл бөктері.
Түйекеш - түн алтын түйме шекпені,
Алтын шуда бура - тау түр шөккелі.
Ай астында алтын жалды көк бөрі,
Аңдып отыр шыққандарды шеткері.
Алтын жұлдыз Құс жолы — аспан өткелі,
Алтын құйрық құлын шауып өткені.
Әр дыбысын алтындап күй шерткені —
Сексеуіл — қол,
Жол — домбыра шектері.
Зергер-Айдың ісін қара көктегі —
Шәйі бұлтқа алтын шұғыла шеккені.
Алтын үнді құстар ұшып кеткені —
Артында жаз,
Алыс алда көктемі.
Алтын дауыс құстар ұшса қырымнан,
Кірпігіме алтын шықтар тығылған.
Әр жолында - сиқыр сәуле құбылған,
Құстың даусы естіледі жырымнан.
Сағынышпен астасады күзгі арман,
Жанарымнан жас қашады - сыздар жан.
Аңсатқанда алтын бұрым — қыз - жалған,
Көкіректе құс даусынан із қалған.
Кірпігіме қонақтаған алтын шық
Енді маза берер ме екен,
Жан тыншып.
Кеудеге ұя салып алған сар шымшық
Ән салады,
Жүрегімді сәл шымшып.
Сағыныштан жыр сарғайды.
Сарғайтқан
Күзгі алтынның буы болар әлгі айтқан.
Жыр сарғайса — мәуесі әбден төгілсін,
Көп ұзамай күзгі егіндей орылсын.
Шекеге алтын телпек киіп қоңыр шың,
Күзгі жырды күңірентсін,
Қол ұрсын!
Айтсын желге қанша екенін нарқымның,
Саусағымнан сауылдаған алтын құм.
...Бүгін суға қармақ салсаң — Мен кепіл,
Алтын балық ілігеді. Көр де тұр! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу