Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  117


Автор: Светқали Нұржан

Олжас – алжас

Баллада

Жүректің сөзі - ақ алмас,
Ұмтылған шақ еді алды аңсап.
Есімде әлі, ең алғаш,
Алматы жаққа барған шақ.
Осында келіп жиылған,
Сиынған кілең үміткер.
Атырау, Алтай - қиырдан,
Қиылған қыз бен жігіттер.
Өртейтін сынды жай түсіп
КазГу-дің жатақханасын,
Жатамыз түнде айтысып,
"Оятып ұлттың санасын..."
Жастықтың оты мұздар ма,
Кетпесе дауыл сөндіріп.
Кете жаздаймыз қызғанда:
"Қазақты жеке ел қылып".
Жазу жоқ мұқабамызда,
Сол шаққа еніп... қараңыз.
Шатырлап тұтанамыз да,
Пышырлап сөніп қаламыз.
Жігердей өңшең сол жасты,
Шығаруға естен хақым жоқ.
Мақтайтын бәрі Олжасты:
"Абайдан өткен ақын!"-деп.
Албырт ек кілең дауға ие,
Сарабдалы жоқ салуалы.
Кең болады деуші еді Әулие,
Кешіргей, Абай әруағы!
Ізделіп бағзы құдретін,
Жөнделіп көне бәз ұя,
Ауыздарда ылғи жүретін:
"Жас тұлпар" менен "Азия".
Естідік кенет тілеулі ел,
Жарылмай қалды ет жүрек:
"Олжасты күндес біреулер,
Соққыға жығып кетті!"-деп.
Кездескіміз кеп шынымен,
Әлде бір жауды күтініп,
Күпініп жүрдік түнімен,
Жұдырығымызға түкіріп.
Кілең бір жалаң наркескен,
Махамбеттерге ағайын,
Бергенбіз сырттай "Дантес" пен,
"Оразбай иттің" сазайын!
Атандай ерді жылатқан,
Деп жүрдік: "Елде жоқ бірлік!.."
... Сонымен, күткен сынақтан,
Өзіміз таяқ жеп тындық!
Әңгіме емес ол жайлы,
Ер жайлы сол бір әңгіме.
Ұмытуға оны болмайды,
Соңдағы жырым бар, міне.
Жастықтың ісі - ақ алмас,
Жас едік "орысқа" өші көп.
Жадыма сіңді сол Олжас,
"Азаттық періштесі" боп.
Құзында қыран қарлыққан,
Арман да біздің асқар еді.
Қанатына ептеп қан жұққан,
"Періште" қандай асқақ еді?!
Қазақтың Ар мен Бағына
Жіберген ұл, - деп, Хақ - Тәңір!
Жан жолатпаушы ем жанына,
Қимаушы ем жаманатқа бір.
Оралып кенет ғайыптан,
Аңсаған біздер Азаттық,
Санамыз шақта айыққан,
Көтергенде еңсе қазақ тік.
Алжасып кетті сол ағам,
Соқты да жаттың сойылын.
Кетейін сенің садағаң,
Сен мені сөкпе, ей, інім!
Қысқасы, мынау, әңгіме:
Болсаң да, тіпті, Құтпаным,
Жауымсың менің мәңгіге,
Тіліме қарсы шыққаның!
Шыныңды айт бүгін, қасқа өлең,
Қалса да сөніп азат көк.
Жұмаққа бармай басқамен,
Тозаққа кірем қазақ боп! 
Қазаққа тиер қайырды,
Жұмсаса қара басына.
"Абайдан өткен шайырды",
Шаламын садағасына.
Жазғанмен данышпанша өлең,
Ұмыттың, аға, хақыңды.
Баяғы орыстарша мен:
"Алжас!"-деп кеттім атыңды.
Кеттің сен тастап Ұлы Елді,
Тоналды сендік бар кие.
Жат жолға салып жіберді,
Бастағы бөтен тәрбие.
Жауқазын жұртты бейіттің,
Салмақсың қайта астына.
Шырмап ап уы жөйіттің,
Санаңды ақ шел басты ма?!
Сонау бір өткен басымнан,
Жылдарды көрем парақтап,
Көшіп өтеді қасымнан,
Кілең бір қыршын - ары әппақ.
Бұзылып мүлде өңі, үні,
Жатқандай бейне жау тергеп.
Тас талқан болған сенімі,
Бозбала тұрады жәутеңдеп.
Назарын бұрып теріске,
Кетеді ұшып жанымнан.
Мерт болған Аппақ Періште,
Қап-қара кебін жамылған.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу