08.02.2022
  343


Автор: Шәкен Күмісбайұлы

БАЛДӘУРЕН ШАҚ ЕДІ

 


 


Оқиға ойламаған жерден басталды. Облыстық оқу бөлімінің бастығы Сарбалаев мені ертеңгісін шақырып ап:



  • Бөлдекбаев жолдас, бригадаңыз дайын. Ақбекет ауданына жүресіз. Соңғы жылдары шеттеу мектептерді ойдан шығарып алдық. Қорқыту үшін емес, көмектесу үшін барасыз. Осы есіңізде болсын,– деді. Қатты қуандым. Туған ауылдан ыстық не бар? Көз алдыма балалық шағым елестеп кетті. Кір жуып, кіндік кескен жер. “Жаңатоған” мектебі. Алты класы бар шағын үй. Мырзаш мұғалім, Бектай дос. Тобылғысайдағы күндер. Бригадир ақсақ Омарбек. Ысылдаған қамшы. Соғыстан кейінгі көтерем өгіздер.
  • Жолыңыз болсын, кідірмей ертең аттанып кетіңіздер,– деді Сарбалаев.
  • Мақұл,– дедім орнымнан тұрып.
  • Байқағайсың, ауыл мұғалімдері ашушаң, айқайшыл келеді.
  • Түсіндім,– дедім Сарбалаевқа. Көз алды- ма Мырзаш елестеді. Айқайшы, ұзын қарындаш Мұқашев мұғалім. Қайткенде “Жаңатоған” мектебіне баруым керек. Қайда екен менің құлындай тебіскен кластастарым?

Толыбайдың даласы көз алдымда көлбеп жатыр. Анау Жанғараштың жалғыз талы. Мына бергі жалпақ алаптың осынау бетінде біздің шөпшілер күркесі тұратын. «Қызыларық» колхозынын пішендік жері. Тектұрмасты жағалай өскен шоқ талдар.


Ойда жоқта Мырзаш мұғалім өңшең ұлдарды түстен кейін мектепке шақырды. Жақында ғана каникулға шыққанбыз. Жанында Омарбек бригадир. Соғыстан жаралы боп оралған. Бір аяғы тізесінен жоқ. Балалар жиналып үлгеріпті. Әркім өз партасында отыр. Мырзаш бізге көзінің қиығымен қарап өтті. Жүзінде ызғар. Орын ауыстырған бала жоқ па деп тексергені.



  • Орынбаев келген жоқ,– деді класс старостасы.
  • Нағашысы көшіріп әкеткен,– деді тағы бірі.
  • Оны жетімдер үйіне өткізген,
  • Түсінікті,– деді Мырзаш салқын үнмен.
  • Қүдайбергенов қайда?
  • Жаңарыққа кеткен. Атасының қолында оқиды екен.
  • Шешесі күйеуге тиіп кетіпті.
  • Балабекова жоқ кой,– деді Мырзаш.
  • Шешесі пермеде. Ауру әжесінің жанын- да. Қырық үйлі жанның табанымен жер басып жүргенінің тіршілігі, ашсақ алақанымызда, жұмсақ – жұдырығымызда. Мырзаш түсін жұмсартпаған күйі Омарбек бригадирге бұрылды.
  • Мен басқармамен келіскенмін. Бұлардың бәрі барады,– деді ызбарлы күйі. Оның бізді қай бағытқа сілтегені, қайда аттанбағымыз беймәлім. Жайын сұрауға ешкімнін батылы бармайды. Әлдеқалай Мырзаштың қою қабағы кіржің етіп, ала көздерінен ашу оты жылт ете қалса, бөлменің бұрышында қалшидым дей бер.
  • Өгізді айдауға икемдерің бар шығар?– деді Мырзаш бізге сынай қарап.– Алтыншы кластар шөмеле салуға жарайды.

Сұраққа қарсы жауап беретіндей бала ортамыздан шыға қоймағаны мұғалімімізге ұнамады ма, кім білсін, шалбарын делдите бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп кетті.


 


 


Енді Омарбек бригадир тілге келген.



  • Балалар, енді сендер өздеріңді жігітпін деп есептеңдер,– деді ол бізге күлімсіреген күйі.
  • Шешелеріңе қолғабыс тигізетін уақыт жеткен сияқты. Ертеңнен бастап Тобылғысайға пішенге атта- намыз.

Балалар бір-біріне қарасты. Жүздерінде қуаныш. Шынымен біз ересек адамдар қатарына қосылдық па деген көлденең сұрақ көз алдымызда көлбейді. Несін жасырайық, көбіміз жетімбіз. Әкеміз соғыста өлген. Бұрыштағы сіріңкенің қорабындай болған ағаш сандықта қатталып жатқан үшбұрышты хат, біздің үйдің шаңырағын осыдан біраз бұрын шайқалтқан. Ба- лаларды біртіндеп шолып өттім. Шешемнің айтқаны айна қатесіз екен. Бүкіл кластағы ұлдардың екеуінің ғана әкесі бар. Бізден көмек сұраған екі әке алдымызда тұр. Ол – Мырзаш пен Омарбек.



  • Балалар, келістік пе?– деді Омарбек аз үнсіздіктен кейін.
  • Жаңатоғаннан көшіп кетсе көріп алдық, түге,– деді Мырзаш жұлып алғандай.
  • Онда Омар марқұмның ұстаханасының алды- на жиналыңдар. Еркек емессіңдер ме? Таңғы тауық шақырған соң-ақ, дайындалып, қаруларыңды сайлап келе беріңдер,– деді Омарбек нықтап.
  • Егер қиындыққа шыдамай, ауылды тапқан- дары болса, менің құлағыма сал,– деді Мырзаш тағы түйіліп.
  • Төменгі класс пен қыздарды мен мия жұлуға апарамын.

Есікке жете артына бұрылған Омарбек тағы да да- уыстап қалды.


 


 



  • Жігіттер, ұйықтап қалмаңдар, жақсылап буынып-түйініңдер.

Құдды осы бөлмеден жұмыс даласына аттанып бара жатқандаймыз.



  • Бәрінен де маған қиын. Өгіз атаулыдан қорқа- мын,– дедім мен. Балалар шу ете түсті. Әркім өз жай- ын айтып жатыр. Мақтанғандары бір төбе. Мендейлер баршылық екен.
  • Көз қорқақ, қол батыр дейтін атам,– деді Мамыр.
  • Үйреніп кетеміз.
  • Ертеңнен бастап Тобылғысайға кететініміз бәріңе белгілі. Бүгін бір ойнап қалайықшы,– деді Жеңіс.
  • Дұрыс-ақ.
  • «Атаман» ойнайық.
  • Жоқ, «Ақ пен Қызыл».

Алтыншы     кластың    балалары     әдеттегідей    өз


«әскерлерін» сұрыптап ала бастады. Көл бойы маса- тыдай құлпырған көк шалғын, қалың қоға, сары қамыс. Белуардан келетін мысыққұйрық, қияқ. Әлдеқалай алыстан осы тұсты байқай қалсаң, көк теңізді белу- ардан кешкен ғажайып адамдарды көретінің анық. Кейінгі жылдары құс атаулы көбейіп кеткен сияқты. Қызылтұмсық шағалалар ұясын қорғап, айқыш- ұйқыш қалықтаса, үйректер көл бетінде жүзеді. Адам қарасынан қорыққанды ұмыт-қан. Мылтық атып үркітетін кім қалды, бұл ауылда. Қырық үйлі ауылдан қырық әке майданға аттанды. Төртеуі оралды. Екеуі ақсақ, біреуі шолақ. Азанбай ғана трудармияда болып- ты. Колесной айдап жүр.



  • Не ойлап келесің?– деді Мамыр менің ойлы күйіме назарын аударып.

 



  • Жай.
  • Ал мен апамның жайына қиналып отырмын, еш нәрсеге құлқым жоқ. Шөпке жібере қоймас. Мырзаш ұрсар ма екен?– Мамырдың домалақ жүзі күреңітіп, қайқы мұрнының үсті шып-шып терлеп тұр.
  • Ой шіркін! Көңілі түсіп, босата қою қайда!

Бұл екі ортада шекараны белгілеген дауыс шықты.



  • «Ақтар» оңға, «Қызылдар» солға.
  • Алдымен ағаш ұстайық, сонан соң, кімнің «ақ»,

«кімнің» «қызыл» екенін білеміз,– деді Жеңіс дау ай- тып.– Әділдік керек.



  • Түу, сен де бүйректен сирақ шығарып,– деді жақтырмаған Мамыр.
  • Міне, таяқша.
  • Сен өлшеп әкелген шығарсың. Алдымен ұста.

Мамыр мен Жеңіс қолдасып таяқ ұшына жеткенде, Мамыр «тфу» деп жерге бір-ақ түкірді.



  • Ал сен-ақ “Қызыл” бол. Тұтқынға түссең, жа- залаймыз.
  • Оны көрерміз. «Ақтар» “Қызылды”ешқашан жеңе алмайды.

Сәлден соң балалар желмен тербелген шөп арасы- на сүңгіді де кетті. Кімде-кім қарсы жақтың адамын тұтқынға алса, ол «Қызылдар» жағына қосылады. Ал қарсы жақтың туын қолға түсіріп, «шекарадан» өз жеріне өтсе, жеңгені. Бұл ойынды ойлап тапқан өзіміз. Тек Мырзаш көрмесін. «Сұмдықты қайта бастадыңдар ма?»– деп жерден алып, жерге салады. Шешеміз де сазайымызды берер.


Жеңіс бастаған топ бала басымыз біріге-ак шаруаға кірістік.



  • Бесінші кластықтар,  шекараны,  туды

 


күзетесіңдер. Біздер жауға аттандык,– деді Жеңіс. Қалың шөптің іші тым-тырыс. Аңдысқан екі топ. Ту күзетуші – мен. Әзірге тыныш. Желмен баяу тербелген көк шалғын. Бірде әлгі Омарбек шыны ма, өтірігі ме:


«Оқ дәрі күзеткен сақшының аузына шүберек тығып, штабқа алып келдім»,– деп еді. Сақ болған жөн. Уақыт қызыл іңірге таяу. Жан-жағыма байыптап қарап қоямын. Маңайдағы шөп басы қыбырламайды. Яғни, қауіп жоқ. Есіме бригадир Омарбек түсті. «Нөсерше себелеп түрған оттың ішінде атакаға шықтық. Жау бет- тетер емес. Бір кезде ұшып түскенімді білемін. Госпи- талда жатқанымда есімді жидым. Сол жолы оң аяғымды тізеден кестіріп, ағаш аяқ атандым». «Шындығында, соғыстың керегі не,– деймін ішімнен.– Адамдар неге бірін-бірі өлтіреді? Бірақ біздікі ойын ғой». «Әкеңнің есімі Бөлдекбай»,– дейді шешем. Анда-санда ашу- ланса ол кісі де қызык: «Бөлдекбайды сен жұттың, мені жесір атандырдың»,– деп менен көреді. Сонан соң кеп еңірейді дейсің. Үйден шығып айдалаға кезіп кеткім келеді. Шешемнің мінезі де тез, қайтымы оңай. Сәлден соң-ақ: «Баласың ғой, әлі түсінесің. Шерімді тарқатқаным ғой»,– деп соп-сомадай қылып мені сүйеді.


Сөйткенше әлдекім арт жағымнан жабыса түсті. Қарсыласуға үлгермедім. Оңқа-шоңқа боп жығылдық. Мамыр екен. Үлкен емес пе, қолымды қайырып, арты- ма байлай бастады. Дауыстауға намыстандым. «Қап» деймін ішімнен. «Жау» асығар емес. Мені бір жағына қисайтып тастап, жан-жағына асықпай қарады. Сонан соң шөп басына байлаған туға қарай еңбектеді.


Не істеу керек? Қапелімде аяғымды қоя қойып ем, ол етпеттей құлады. Жан дәрменіммен туға қарай


 


 


жүгірдім. Барған бетте тудың ұшы аузыма ілінді. Жұлқып қалып ем, шешіліп кетті. Тұра қаштым, Ма- мыр санын бір-ақ ұрды. Тұрып қуса «қызылдың» жауынгерлеріне ұсталып қалады. Еңбектеп қуғанына жеткіземін бе. Мамыр өз шекарасына қарай еңбектеді. Ұсталып қаламын ба деген қаупі бар. Күліп жібердім. Мамырда зәре жоқ.



  • Сен ұсталдың, тоқта,– деді оның алдын ораған Жеңіс.
  • Жоқ,– деді ол.
  • Қарсылық жасама!
  • Қуып жет, әуелі.– Бұл екі ортада «қызылдар» тобы көрінді. Шарасыз Мамыр қолын көтерді.
  • Бастығы қолға түсті. Жеңіс біздікі,–деді біздің жақтың балалары – Былай қараңдар,– деді кенет Мамыр қолымен қиырды нұсқап. Бетімізді Шыңтөбе жаққа бұрдық. Шыңтөбедегі бидайдың миясын отау- дан қайтып, отын арқалап келе жатқандардың ішінде менің де шешем бар.
  • Кеттік!

Бұралаң-бұралаң     соқпақтарды    қуалай    жүгіріп келеміз. Ауылға беттеген шешелерімізбен арамыз жақындаған сайын жылдамдығымызды арттыра түстік. Шешем Нұржамал бір арқа отынды жолдың жиегіне жыға сап, отыра кетті. Құшағын жая қарсы алды да, бетімнен шөп-шөп сүйіп алды. Күнқақты


жүзінде қуаныш табы.



  • Көмектесейін деп келдің бе, құлыным,– деді ол шашымнан сипап. Басымды изедім.
  • Теріскеннің мол жеріне тап болғаным мұндай оң болар ма. Қыстың отын-суын жиып алсақ, жарадық, балам.

 


 


 



  • Мен де көмектесейінші,– дедім жұлып алғандай.
  • Сенің қолыңнан келсе, бейнеттеніп нем бар,– деп күрсінді ол. Көзімнің қиығымен бір арқа отынға қарадым. Шөкелей отырып жіптен үстап, көтермек ыңғай таныттым. Қара тастай зіл-батпан. Қозғалар емес. Намыстанып қайта ышқындым. Бұралып, ырғалып «әуп» деп орнымнан тұрдым. Кеудемді көтере тәлтіректеп кеттім. Онан кейінгісі адам күлерлік. Арба жүретін борпылдақ жолдың үстіне жете етбетімнен түстім. Бір арқа отын үстімнен басып тырп еткізер емес. Ызадан жарылып кетердеймін. Оның үстіне шешемнің сыңқылдай күлгені естілді. Сөйткенше отын да түсті. Үстімді қағып орнымнан тұрып, жан-жағыма ұрлана көз салдым. Әйтеуір балалардан ешкім көрмепті. Ше- шем отынды арқасына сап жатыр екен.
  • Ауыр екен,– дедім мен мойындап. Ол күрсінді де, үнсіз қалды.
  • Ауырдың ауыры әлі алда,– деді содан соң. Түсінбей бетіне бажырая қарап ем, ол орнынан жыл- жып кетті. Ләм деп жауап қатқан жоқ.
  • Қанша күшті болсаң да, Патсайдың мылқау ба- ласына жету қайда?– дедім мен оған ызаланып.
  • Жетіскеннен алып боп жүр дейсің бе ол?–деді шешем күңк етіп.– Ол сияқты тақыр жетім атансаң, сені де көрер ем.– Шешемді қуантқым келді.
  • Әлі жігіт болайын. Сонда бар жұмысты өзім істеймін,– дедім. Шешем үндемеді. Басын төмен тұқырайтып әкетті. Аң-таңмын. Қуантамын деп ренжіткенім бе? Әлдене десем, жарасының аузын тырнап алардаймын. Бір сұрақ алдымнан көлденеңдей берді. Шешем неге жылады?

 


 


* * *


 



  • Әй, Нұржамал!– Терезенің көзінен естілген дауыстан оянып кеттім. Ұйқылы-ояу шешем есікке беттеген екен.
  • Мыналардың ұйқысы қанбаған ба, тәйірі.
  • Енді таныдым. Бригадир Омарбек елді жұмысқа тұрғызып жүр. Шөпке баратыным есіме түскенде апыл-құпыл киіне бастадым. Сөйткенше тыстан ше- шем мен Омарбек кіріп келе жатты.
  • Балаңды әкетуге келдім.
  • Қайда? –деді оқыс саңқ еткен шешем.
  • О, көкшешек саған айтпаған ба? – Нені айту- шы еді?
  • Шөпке барады,– деді түйеден түскендей дүңк еткен Омарбек.– Жалғыз сенің балаң емес, ауылдың бар еркегі.
  • Жібермеймін,– деді шешем.
  • Арпа ішінде бір бидай атанбақшысың ба? Ше- шем естімеген адамша түпкі бөлмеге кіріп кетті.Аздан соң қайта шықты да, киініп алған мені көріп қалшиып тұрып қалды.
  • Балалардан кеммін бе?– дедім мен де бұрқ етіп.
  • Міне, дұрыс,–деді Омарбек– Пау, бейбақ-ау, мына тұрысың не? Баламысың деген,– деді шешем аң- таң күйі.

    • Түсінсеңші, Нүржікен-ау, әке орнын бала басқан заман емес пе?– Шешем сөз аяғын күтпеді.


  • Барғың келсе, бар, кете бер,–деді,– жолың болсын! Дайындап қойған шүберек дорбамды иығыма сап, есіктен шыға жөнелдім. Сәл ұзап барып арты- ма бұрылдым. Омарбек пен шешем әлі көрінер емес.

 


 


Мәмілеге келмей жатса керек. Менің үйге қарай беттегім жок. Сөйткенше:– Міне, еркек деген осы,– деген бригадир Омарбектің мені қуаттаған дауысы естілді. Шешем не дер екен? –Мынаны қарашы, ей. Жігітін-ой, шіркіннің,–деді ол анандайдан дауыстап. Қуанып кеттім. Еркелеткендегі сөзі. Қолымда қос таба нан. Дорбамды қолтығымнан жұлып ап, аузын аша ба- стады. Ат үстінде түрған – Омарбек кеңкілдей күліп қалыпты. Алдында қапқа салған әлдене.



  • Ау, Нүржіке, той жаса балаңа. Отау тігіп бөлек шықты.
  • Төсек-орның ағаңда. Құрт-құмырсқадан байқа. Құдайдан бір, елден екі сұрап алғанда,–деді шешем.
  • Ойбай-ау, күн шығып кетеді, сырғиық,– деді енді Омарбек асықтырып.

Ұзай бере артыма қарадым. Шешем үй артындағы үйілген жусанның жанында әлі қалшиып тұр. Не ойлағанын кім білсін? Көңілім бұзылып кетті. Ащы өксік тамағыма тығылды.



  • О, шірік неме, шешеңе тартқан жылауық па ең? Еркек емессің бе?– деген Омарбектің даусы ғана ағытылып келген жасқа бөгет болды.

–Сен енді шешеңнің канжығасына байланғаннан кеттің. Бойым жазылып сала берді. Асқақ сезім алға жетелеп барады.


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


* * *


 


Омарбек топ баланы ұстаның алдына жинап үлгерді. Колхоз қорасынан Құдаш шал он шақты өгізді айдап шықты. Қос шалғыны қосақтап тіркеп Алматай мылқау жетті. Төсек-орынды арбаға теңдеп, шөпшілер керуені жүріп бергенде, Омарбек соғысты басқарған командирдей атымен орағытып алға сырғыды да:



  • Алға, жігіттер!–деп дауыстап қалды. Балалар дәл сол сәт өздерін шабуылға шыққан әскерлердей сезінген шығар. Қадамын ширақ алып, арбаның соңынан жүріп берді. Ирек-ирек соқпақ алға бастап жөнелді. Он үш үйдің он үш баласы тұңғыш рет ауыл- дан алысқа кетіп барады. Дені алтыншы кластықтар. Ауылдан ұзай бергенде әлдекімнің дауыстағаны естілді. Қолына ұстағаны бөркі болса керек, әлдекім қолын ауық-ауық бұлғап ұшып келеді. Жолдың қос бетіндегі қалың шөптен бойы анда-санда бір көрінеді. Сәлден соң шоқ қара сораның ығынан бойы тәпелтек, жалаң аяқ бала шыға келді.
  • Мынау Бектай ғой,– деді Жеңіс.

Дәл соның өзі. Мырзаштың соғыстан оралмаған жалғыз ағасының баласы. Мұғалім жібере қоймаса ке- рек еді. Қашып кеткен ғой. Бектай біздің ошарылып түрып қалған ортамызға аққан бойда кеп кіріп кетті де, бөлектеу тұрған Омарбек бригадирдің жанына жетті.


–Аға, мен де балалардан қалмаймын,– деді ентіккен күйі.– Мырзаштың айтқанына көнбеңізші, аға! Оның мені шөптен алып қалып, жасаған көмегі құрысын.



  • Әй, балалығың бар болсын, сенің,– деді Омар- бек басын шайқап.

 



  • Мен бала емеспін, аға. Отын жарып, келісін түтіп жүрсем, соның,– деді Бектай тез-тез сөйлеп.– Ауылда көлеңкелегенше, шөпте күнге қақталайын.
  • Қуып келіп, алып кетсе қайтесің?
  • Байлап әкетпесе бармаймын.
  • Онын да дұрыс. – Омарбек басын изеді. Бектайдың қуанышында шек жоқ. Көзі жылтырап жан-жағындағы балаларға кезек-кезек қарайды. Әлде- не деп күбірлеп жүр.
  • Рақмет, Омарбек ағаға,– дейді сөзінің артын қаттырақ айтып.– Мен білсем, Мырзаштың күңдігінен кұтылғаныма шешем қуанады.

Арба дөңгелегінің шиқылы құлақ шыдатпастай.


«Соп-собынан» Құдаш та жаңылар емес. Бір-бірімізді куалай ойнап, жол бойын шаңдатып келеміз.



  • Жұмысты осылай істесеңдер «Жаңатоған» колхозы жоспарды бәрінен бұрын орындайды,– деп күледі Омарбек.
  • Орындаймыз,–деді Бектай бәрі үшін жауап беpiп.
  • Міне, жігіт,– дейді Құдаш арба үстінен дауыс- тап.
  • Күлшекең марқұм ерен жігіт еді. Қыршыны- нан кетті ғой. Әп-сәтте ду да, шу да тыйылды. Бектай төмен қарап, ойланып қалды. Үнсіздікті бұза Жеңіс дауыстай ән бастап жіберді.
  • Маңмаңгер кекілің келте, жібек жалды, Тұрушы ең, қазақ үйде арқандаулы...– Бәріміз қосылдық. Саз- ды әуен мен шерлі сағыныш сары даланы шарлап кетті.

 


* * *


 


Аядай күрке ішіне сығылыса жатқан балаларды Құдаштың «подъем» деген дауысы оятты.



  • На атаку!

Балалар атып-атып тұрысты да, киімдеріне жар- масты. Жансұлтан деген бала өзімен-өзі ұрысып жүр. Жейдесін теріс киіп, басынан шығара алмай әуре. Оны- сына Бектай мәз. Ішін басып, ішек-сілесі қатқанша күліп қалыпты. Қолында сыңар бәтеңкесі. Өзін-өзі ұмытып кеткен сияқты. Енді ғана байқадым. Құдаштың танауы қусырылып, шыдамы таусыла бастапты.



  • Болыңдар тез! Мұнда ойнау үшін келген жоқсыңдар, бала-шаға,– деп қалды. Балалардың үні өшті де, артынша бірінен-бірі сытыла сыртқа жөнелді. Күрке артында қосақталған аттар мен өгіздер дайын түр екен.
  • Шөмелешілер оң жаққа, өгізге мінетіндер сол жаққа!–Тағы да Құдаш. Даусы әмірлі, өктем. Сапқа тұрғандардың бас-аяғын асықпай көзімен тінтіп ойланған күйі арлы-берлі жүріп өтті. Сонан соң кілт бұрылып, бізге жақындап келді.
  • Мына күлегеш, Жансұлтан үшеуің өгізге міне- сіңдер.
  • Құп болады,– деді Бектай бәріміз үшін жау- ап қайырып. Сәлден соң жұп-жұбымен жегілген шөп тартқыштарды жетектеп, Жабал жетті. Аша сияқты тарам-тарам қып, шыбықтарды бір белдеуге көгендей, шөп сусып түсіп қалмас үшін екінші бір белдеу ағашпен келесі басын тұйықтапты. Кейіннен білдік. Балакош дейді екен. Көлік жұмысқа дайын тұр.

 


 



  • Мен Аққасқаға мінемін,– деді Бектай қолындағы шыбық қамшысын шолтаңдатып.
  • Ал, жақында,– деді Құдаш оны өгіз үстіне отырғызбаққа айналып. Бәріміз қызыға қарап қалыппыз.
  • Әуп!–деді Бектайды қолтығынан демеп өгіз үстіне қондырған Құдаш. Бектайдың мұнша пысық екенін кім білген? Кәнігі өгізшідей тепкіленіп, алдыға шыға берді.
  • Ал, кәне, қайсысың?–деді тағы Құдаш.
  • Мен, аға.– Жансүлтанға да бір өгіз тиді. Кезек маған жетті. Қас қағым сәтте аласа келген шолақ мүйіз жануардың үстінде отырғанымды білдім.
  • Нұржікенің баласы өгізді қамшысыз-ақ бағындырады,– деді мырс еткен Құдаш.
  • Ал «соп» де.– Тебініп қалдым. Кенет әлгінде ғана момақансып тұрған қоңыр өгіз ата жөнелді.

«Біттім» дедім.



  • Үстіне жатып ал,– деді Бектай. Құйымшағым пышақ қырына тигендей тыз-тыз етеді. Өгіздің мұндай мінез көрсететінін кім білген. Енді бір сәтте басын шайқап, өкіре ойнақтаған қоңыр өгіздің үстінен ұшып бара жаттым.
  • Ойбай-ай,– дегенге ғана әлім келді. Жерге дүрс еттім. Тұрайын десем, өне-бойым зіл батпан. Әлдекім жерге шегелеп тастағандай. Сүйретіліп барып тұрдым- ау. Оң жамбасым тызылдап барады. Күрке жаққа қарасам, Құдаш тырмаға жегілген торы атты ағытып ап, мінгелі жатыр екен. Балалар маған қарай жүгірді..
  • Бозөкпелеусің-ау, балам. Еті ауырған шығар.

 


 


Жер көтереді,– деді Құдаш шал торы атпен шауып бара жатып, жұбата дауыстап.



  • Қарасан келгірдін көзіне көк шыбын үйме- летейін. Құдаштың қарасы үзіле балалар мені қау- малап қоршай қалысты.
  • Сүйегі аман ғой, әйтеуір,– деді Жеңіс жаны ашып.
  • Өзіңе де обал жоқ. Қолыңа шыбық алмайтын ба едің,– деді Мамыр ұрысқан боп.
  • Өтер іс өтті. Әлі талай жығыласың.

Сәлден соң қоңыр өгізді жетелеген Құдаш шал кеп жетті. Әлдене деп қарғанып әлек. Екі сөзінің бірі – ауылдағы Байжайлау ұста.



  • Алжыған екенсің, байғұс шал. Мынасы несі? Бәрін бүлдірген осы,– деді ол аттан түсе ашуын тыя алмай.
  • Өзіміз де байқамаппыз. Уықтың басы мынаның шатына кіріп кетіпті ғой. Бұл өкірмегенде, мен өкіремін бе? Қоңыр өгіздің ойқастаған сыры енді мәлім болды. Шап тартқыштың бір уығы жануардың тілерсегін тіліп түсіпті. Дәл осы сәтте онан жуас жануар жок. Құдаш шал маған тағы жақындап келді. Көзінен таныдым.

«Әлгінде ғана басыңнан өткен қорқынышыңды ұмыт. Белінді бекем буып, өгізге мін» дейтіні хақ. Ойымда екі шешім ойқастайды. Бірі – бар дүниені ұмытып, қорқақ атанып ауылға қайту, екіншісі – белді бекем буып, қорқынышты қасқая қарсы алу.



  • Әй, балам,– деді Құдаш шал мені қайрап.
  • Бөлдекбайға ұқсап еркек атансаң, қоңыр өгіздің қожасысың. Нұржікенге тартсаң өзің біл.
  • Балалар іштей тынып қапты. Келесі сәтті күтулі.
  • Қорықпа!– деді өгіздің үстінде отырған Бек- тай.
  • Жығылсаң жер көтереді.– Үнсіз күйі қоңыр қаскаға жақындай түстім.
  • Демеп жіберіңіз.– Жануар осының алдындағы қоқанлоққыдан шайлыкқанын білдіре басын шайқап қойды. Өгіздің басын мықтап ұстаған мылқау бала

«Оһ» деп гүр етті. Бұл екі ортада мен де өгіздің арқасына қондым.



  • Соп,– деді Құдаш. Қоңыр өгіз аяңдай жөнелді. Осының алдындағы әбес мінезін ұмытқан сияқты. Бұйданы бағыттаған жағыңа алаңсыз бұрылады. Жан-жағыма қарадым. Балалар мені қоштап: «Дүрыс істедің, міне, батылсың» дейтін сияқты.

 


* * *


 


Көк шалғын даланың кеудесінде күмбез орнатып жатқан кішкентай батырлар дерсің бізді. Жеңіс пен Мамыр бастаған топ жиындыға түскен шөпті қуалай шөмеле салады да, төрт шөп сүйретпе соларды маялай- ды. Патсайдың баласы Алматай мен Құдаш шал ма- яшы. Әлсін-әлсін кезекке тұрып жүреміз. Мұндайда пысықтық керек. Неғұрлым өгізің кеуделілеу болса, жеңіс те сенікі. Басқаларға бас бермей киіп-жарып өтесің.



  • Әй, көкшешек, оңға, солға,– деп Құдаш әлек. Кейде қияс кетсең, Алматайдың да мінезі жаман. Жұдырығын түйіп, дүр-дүр етіп, өгізіңнің арқасынан ашаның сабымен көсіп қалады. Жұрттан бөлініп шыға бересің де, қайта айналып соғасың. Тәубаң есіңе түскен соң, қайткенде дұрыс жүруге күшіңді саласың.
  • Әй, бала-шаға, бастарыңа су салдыңдар ма? Шыжып кетті ғой, мына күн,– деп Құдаш дауыстай- ды. Бұл маяшы шалдың шаршағанын білдіргені.
  • Баланың істегені білінбейді,– дейді ол көлең- келеу маяға малдасын құрып отырған соң. Төрт бұрыштап ұқыппен бүктетілген газеттің шетінен жыр- тып ап, қолдан жасаған темекіден шылым орай бастай- ды.
  • Нұрди шешеннің темекісінен жасадым,–дейді

мақтанып. Құдаш шалдан оның жөн-жосығын сұрап жатқан ешкім жоқ. Қолымен тырмалай темекінің күлін салатын жер аршып алуды да ұмытпайды.



  • Екі ортада шөп өртеп, түрмеге кетер жайым жоқ,– деп күңкілдейді.– Ей, бала-шаға, сіріңке ша- ғып, от жағушы болмаңдар, тегі қурап тұр ғой, мына дүние.– Сонан соң темекісін тұтатып, асықпай сорып, көкжиекке қарап ойланып қалады. Бұл сәт көкжиек шаңытып, дала төсінде тербелген алып толқындар елес береді. Жарқ-жұрк еткен ғажайыптар да, әсем шаһарлар да дәл жаныңа кеп қоныстап қалады. Нақ төбеден түскен нұрлы күн алапты жарқырата қыздырып, өртеп жіберердей күй танытады.


  • Нешауа,– дейді бұл сәт Құдаш шал бір сәт орысшалап.– Нөсердей жауған оқтың ортасынан да мына әкелерің аман-есен оралған. Бередовойда бол- дым.

Бұл әңгіменің басталар шағы. Онсыз да жан- жағындағыларды біздей тілімен сұққылап, әжуаға ай- налдырып өзін де, өзгені де езу жиғызбайтын Бектай кеп, Құдаш шалдың жанына жақындайды.



  • Өзі немістің түрін көрдіңіз бе?–дейді Бек- тай төтеден сұрақ қойып. Көзін қысып жіберіп, түк білмегенсіп, шалды қайрай түседі.
  • О, жасаған, не демейді жас адам. Мына атаң ордендерді жылтыратып босқа тақты дейсің бе? Әуелі дөйдің өзі, армияның командашысы арқамнан қаққан жоқ па.– Бектай бұл кезде қыстырыла кетеді.
  • Мен сізден немістің өзін сұрап отырмын,– дейді.

Құдаш шал жанып түседі.



  • Мынау не деп отыр өзі? Ордендерді маған қарызға берді дейсің бе? Сөйлейді екенсің. Әкең жап- жақсы адам еді. Әй, білем нағашың жаққа тартып кеткенсің-ау.
  • Мен білсем, сіз немістің түр-түсін де көрген жоқсыз,– дейді Бектай қасарысып.
  • Бәкенедей боп мынаның қорлығы-ай,– дейді Құдаш шал жан-жағындағы бізден көмек сұрағандай боп. Сонан соң қарсы алдында отырған Бектайға қулана қарап, ыржыңдай күледі.


  • Мен қан майданда жүргенде, сен жаялықта жататынсың, бала.
  • Ал, солай делік.– Бектай «қарсы шабуылдан» ығар емес. Домалақ жүзі бүлк-бүлк етіп, қадалған жерінен тас кенедей жабысып айырылар емес.
  • Солай болса, тыңда! Днепр деген үлкен дария бар. Біздің взводқа арғы жаққа жүзіп өтіп, жаудан

«тіл» алып келу жүктелді. Тіл деген – қарсы жақтың адамы деген сөз. Жауып тұрған оқ астында дарияны кешіп көр. Мына әкең анау Терісаққанның тізеден келетін суына аяғын тыққан емес. Бұйрықты өлсең де орындауға міндеттісің. Бізге бұтақтары кесілген шолақ бөрене дайындалыпты. Түн ортасы ауа суға түстік.



  • Ей, Құдаш средину,– деді Игір деген коман- диріміз. Көпті көрген ғой. Барлауға кімді алатынын біледі. Қолма-қол шайқассақ, біреу емес, маған екі немісің қол емес.
  • Оп, бәле!– деді Бектай.
  • Несі бәле?
  • Сөздің мәтелі ғой, ақсақал,– деді Бектай жаймашуақтап, Құдаш шал әңгімесін ары қарай жал- ғастырады.
  • Тірі адам тірлігін жасайды. Қалғандары сияқты томаршаға жабысып, қолыммен есе бердім. Су ағынға қарай сүйрейді. Біз қарсы жүземіз. Алғашқыда жүрексініп, артынша етім үйреніп алды. Тек бір нәрседен қорықтым. Каңғыған оқ кеп тисе, су түбіне кеткенім ғой, балықтарға жем болып...

Құдаш шал бір күрсініп алды. Әңгіме айтысы қызық. Аузынан қолы бұрын жүгіреді. Шүңіректеу көздері алақ-жұлақ етіп, айтар сөзінің мағынасын ал- дын ала білдіреді.



  • Қойшы, ары қарай өтіп шықтық. Қараңғы. Арғы жаға жарлауыт сияқты. Ракета жарқ ете қалса, өзен бойындағы домалақ тастардай сұлқ жата қаламыз.
  • Қолайлы бекініс табу керек,– деді коман- дир. Фашистер оқты төпеп берсін. Жалт-жұлт ет- кен оқ іздері. Қойшы, жанымызды шүберекке түйіп, жарқабақтың түбінен бомба түскен ойық тауып алып, таң атуын күттік. Кезек-кезек күзет қойып, көз шы- рымын алдық. Таң құланиектене басымызды көтеріп, жан-жағымызға қарадық. О, жасаған! Түйетайлы жардың астында отырмыз. Үстіміздегі қабақ үстінде серейіп-серейіп фашистің зеңбіректері тұр. Мұндайда саспағанда, қашан сасарсың.
  • Бекіністі өзгерту керек,– деді командир. Еңбектеп жылжыған күйі тоғай ішінен пана таптық. Ол жерден фашистердің тұрған жері ап-анық көрініп тұр. Ара қашықтық елу метрдей ғана. Сақшы ары-бері сенделіп жүр.
  • Бүгін кешке қанжығаға байлармын сені, фа- шист,– дедім ішімнен.
  • Фашисте жан жоқ па екен?–деп сөзін бөлді Бектай. Құдаш шал естімегенсіп, әңгімесін жалғастыра берді.
  • Уәдемде тұрдым. Жауынгер Молдасов, тап- сырма орындауға аттан!– деді командир. Еңбектей ала жөнелдім. Қараңғы түн – менің көмекшім. Он үшімнен отызыма дейін байдың жылқысын бақтым ғой. Ық беттен жақындап келемін. Жүрегім дүрс-дүрс соғады. Жан тәтті емес пе? Шарбы бұлт бетін бүркеген қияқ ай аспан төріне қонып, әлсіз ғана сәуле төгіп тұр.

 


Сақшымен араны санай бастадым. Сақшы ойына ештеңе келер емес, каскасы ай жарығына шағылыса, ары-бері сенделеді. Ол қабақтың үстінде, мен астын- дамын. Арамыз есік пен төрдей. Міне, ол маған жақын кеп бұрыла берді. Жолбарыстай атылып барып, аузына жабыстым да, төмен қарай сүйрей жөнелдім. Қолдың қырымен кеңірдектен бір ұрып, үнін өшірдім де, ау- зына шүберек тығып, арқама сап ала жөнелдім. Міне, Құдаш сол жолы «Славаны» таққан. – Құдаш шалдың әңгімесіне сенгеніміз сонша, бәріміз де күрсініппіз. Тек тілін тартпаған Бектай:



  • Ойбай-ау, әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер,– деп қыңыр мінезіне басып, дауыстап қалды. Шыны керек, балалар бұл жолы күлмеді. Онысы – Бектайды жақтырмағаны. Құдаш шалды мақтаншақ деп мазақ қылуға болмайтын сияқты. Сөйткенше Құдаш шал да орнынан көтеріліп:
  • Перет!–деп әмір берді. Онысы «жұмысқа кіріс» дегені. Тұра салып, табанымен көлеңкесін өлшеген Жансұлтан да басын шайқап:
  • Түстікке әлі жарты табан уақыт бар,– деп күңк етті.

* * *


 


Жұмыстың ғажап қүдіретін көрген кім бар? Жаратқан сайгүліктей тыңайып алған балалар алғашқы жарты айды өткізіп те жібердік. Баланың істегені білінбейді деген рас екен. Тектұрмастың бой- ында алып жұмыртқадай домаланған маялар саны күннен-күнге көбейе түсті. Соның бәрін Омарбектің


«жарайсыңдары» мен Құдаштың «переті» жасағандай. Ересегіміз – Патсайдың мылқау баласы. Жігітсымақ. Құдаш арқасынан қақса, онда дамыл жоқ. Күс-күс алақаны жырым-жырым. Бұлшық еттері бүлк-бүлк етіп, Құдаш айтпақшы, бір шөмеле шөпті биік маяның басына допша атады. Сонан соң маңдайынан жерге тырс-тырс тамған терін бір сүртіп:


«Мені көрдің бе, мен күштімін» дегендей жан- жағына мақтанышпен көз тастайды. Біз оған шынымен сүйсінеміз. Өтірік не керек, «Патсайының Алматайына тартсақ-ау» деген арман да жоқ емес. Оның бір әлсіз жері бар. Құдды бала сияқты. Өзінен екі-үш жас кіші балалардың ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Тұр десе – тұрады, жүр десе – жүреді. «Атаман» бо- лып басқарсам-ау деген ниет жоқтың қасы. Тек көзін жыпылықтатып, басын изейді.



  • Әй, балалар, Алматайды тастамаңдар. Рен- жітпеңдер. Ол да өздеріңдей ғой,– деп Құдаш әлек.

Күн найза бойы көтерілген шақ. Ертеңгісін шөпшілер күркесінен Айғаным апайдың қара шайын ішіп аттанғанбыз. Жан-жақтан ағылатын сүйретпелер Құдаштың есін шығарып әлек. Алматай да тайсалар емес. Тиеліп келген шөмелелерді әп-сәтте босатып ап, сүйретпенің өгізін «ыңқ» дегізіп ашаның дүмімен бір салып қалады да, кезекте тұрған екіншісіне «тез жүр» деп тепсінеді. Біздің міндет– шөп иіру. Үлкендердікі



  • мая салу. Олар қуалайды, біз қашамыз. Кейде ұзап кетеміз. Бірақ шөмелешілер мен шалғышылар жақындатпайды. Дегенмен маяшылар да ширақ. Әп- сәтте жайылып жатқан шөп еңсесі көтеріліп, маяға ай- налады.

    • Бүгін екі отау тіктік,– дейді Құдаш шал әзілдеп. Сөйткенше күрке жактан әлдекімнін екпіндете шапқан қарасы көрінді. Өгіз үстінде отырған Бектай тақылдап қоя берді.
    • Бригадир келеді. Қимылдаңдар, жігіттер! Әдетте қанша қамшыласа да аяғын басып болмайтын атын тепкілене, жұмыстың шама-шарқын алыстан бақылап, жеңіл шоқырақпен жақындайтын Омарбекке бүгін не болды екен? Мұндайда қуаныш та, қайғы да кесекөлденеңдейді.
    • Ат қойғандай аласапыран соғыс өтті ғой,– деді Құдаш күрсіне. Жұмыс жайына қалды. Тек ашасын бекем ұстап, тынбай жүрген Алматай ғана. Ауық-ауық басын көтеріп aп, ашасына сүйенеді де, мұрнын қорс- қорс тартып, танауы пысылдап қайта кіріседі.
    • Сүйінші, сүйінші!– Омарбектің даусы қар- лыға шығады. Бәріміз дүрліге орнымыздан тұрдық. Алматай бізге қарап аң-таң. Омарбек есік пен төрдей жақындап, аттан қарғып түсіп, ентелей жүріп келді. Бәріміздің бас-аяғымызды шолып өтіп, қалт тоқтай қалды.
    • Патсайының баласы қайда?–деді оқыс. Бәрі- міз жан-жағымызға қарадық. Мылқау ұшты-күйлі жоқ. Жан-жаққа жүгірістік. Сөйткенше мылқаудың қарасы көрінді. Омарбектің қамшы ұстаған қолына сүзіле қаpaп, қабағын түйді. Шамасы, ұрады деп ойла- са керек.




  • Әй, Алматай бөркіңді аспанға ат! Әкең келді!
  • He дейді?–деді Құдаш.– Шын айтып тұрсың

ба?



  • Ойбай-ау, шын. Сізді алдап не көрініпті маған.–

Түкке түсінбеген Алматай әлі серейіп түр. Шойнаңдай басқан Омарбек мылқау баланың қасына жетті де:



  • Әкел, мынаны, сүйіншім. Әкең келді,– деді мылқаудың басындағы төрт құлақтай байланған ора- малды жұлып ап. Алматай қорқып кетті де, артқа ка- рай шегінді. «Не жаздым саған» дегендей. Көл-көсір қуанышты сезінер емес. Шыдамай кеткен Бектай жүгіріп жанына жетті. Сөйтті де қолын ары-бері сер- меп, түсіндірді-ау, әйтеуір. «Мүмкін емес, ол өлді. Қара қағаз келген»,– деп, Алматай қолын бір-ақ сілтеді. Бектай бой берер емес. Өңешін қайшылап, Омарбекті көрсетті. Мылқау сенер-сенбесін білмей сәл абды- рап тұрды да, басын изеген болды. Омарбек бұл сәт өзінше ымдап, иығын көрсетіп жатты. Алматай кенет ашаны шөпке лақтыра шаншып, ауылға қарай жүгіре жөнелді. «Уһ» дедік бәріміз. Мылқау бала сәл ұзап ба- рып артына қарады. Бізге сенбеген сияқты.
  • Бар, бар,–деді қолымен Құдаш ауылды нұсқап.
  • Баламысың деген-ау,– деп күңк етті Омарбек. Бар бала Алматайды ұзатып сап қала бердік. Былтырғы көктемде балаларды Мырзаш дене шынықтыру сабағында жарыстырғаны бар. Дәл сонда озып келген баланы қазір Алматаймен жарыстырса, бірі шаңына ілесе алмас еді. Сонау Тектұрмас бойындағы қалың қамыстан анда-санда басы қылт етіп көрініп қалады. Саябырлар емес, қайта екпіндей түседі.
  • Қайран, әке-ай,– деді малдасын құра отыра кеткен Құдаш. Сонан соң өзімен-өзі сөйлесіп болып, бізге жалт қарады.
  • Алматай әкесі Патсайы солдатқа кеткенде, ба- ласы неше жаста еді. Тоқта, ойланайыншы. Айдарбек, Көкиман, Тұрарбек, Есіркеген, Толябек, иә, жетінші кеткен Патсайы. Одан кейін екі адамнан кейін мен. Қырық бірінші жыл екен. Қазір ол он үште. Ойпыр- ай, төрт жасар бала не білді? Мысалы, мына Бектай әкесінің түр-түсін де ажырата алмайды. Солай емес пе?
  • Таныр едім,– деді қасарысқан Бектай. Құдаш оқыс қарқылдай күліп жіберді де, бізге қарап кілт тоқтады. Бар бала көздерінен ашу оты ұшқындап, Құдашқа зәрлене қарап қалыпты.
  • Мыналар қайтеді-ей,– деп ол жан-жағына жалтақтай қарады.– Ал, қойдым. Әкелеріңнің қалжыңын да түсінбейсіңдер ме?
  • Әй, жігіттер! Араша-араша,– деді Омарбек ортаға килігіп. –Мен мына орамалды Алматайдың басынан босқа жұлып алды дейсің бе? Ырым емес пе? Жақсылыққа жазсын дедім. Мүмкін, бәріңнің де әкелерің келіп қалар.

Сол сәт ортамызда бригадирді жақсы көрмеген адам қалмаған шығар. Мейірімді жанарынан бізге деген аяныш пен сүйініш нышаны танылады. Бәріміз де «аһ» ұрып қалдық. Құдаштың «перетін» де тыңдағымыз жоқ. Омарбек Алматайдың әкесінің хикаясын бастап жіберді. Патсайы жеңістен соң Германияда қалып, біраз жыл комендатурада жұмыс істепті. Сонан соң елге қайтыпты. Болғаны осы. Балалар шөпке жантая кетті.


 



  • Патсайының қасында біздің ауылдан ешкім болмады ма екен?–деді Бектай тосын сұрақ қойып. Бәріміз басымызды көтеріп алыстық.
  • Иә, соны айтсаңшы.
  • Оны сұрауға мұрша болды ма?–деді Омарбек мойындап.– Ести сала әйелім ұл тапқандай осында шапқан жоқпын ба.
  • Шынында, болса болар-ау.
  • А... Әбден мүмкін.– Бектайдын, сөзі үзіліп қалды. Құдаш та, Омарбек те, үлкендер де Бектайға бет бұрды, Бектай бізге қарады.
  • Балалар, Алматайдың әкесіне сәлем берейік,– деді ақ жарқын дауыспен.
  • Табылған ақыл,– деп шу ете түстік.
  • Қазір кетсек қайтеді.
  • Давай!

Омарбек бригадир орнынан түрып, ашулана бұрқ етті.



  • Не деп кеттіңдер, түге? Бұл жерде ересек адам жоқ, па сендерге? Жұмысты ақсатуға қақым жоқ.

Балалар үнсіз қалды. Тек Мамыр қарсы жауапқа келді.



  • Ашуланбасаңыз да түсінеміз,– деді күңк етіп, Омарбек жалт қарады. Танауы қусырылып, жүзі түтігіп кетіпті.
  • Мұғалімдеріңе айтамын.
  • Мейлі,– деді менің жанымда отырып сыбыр еткен Бектай.
  • Азар болса, бір таяқ жерміз. Балалар орында- рынан зорға көтерілді. Көк аспан мен алып даланың арасын мұң жайлап кеткендей. Түйілген қабақтар, ойлы жүздер. Омарбектің біздің сыңайымызды танығаны

 


бірден белгілі. Алғашқыда ашу үстінде айтқан сөзін жайып-жуып:



  • Әй, балалар, Тобылғысайды бітірген соң үйлеріңе қайтасыңдар әлі. Шешелеріңді сағынып қалдыңдар ма, түге?–деді. Жауапқа Бектай да тайсалған жок.
  • Қашамыз түнде,– деді сыбыр етіп.– Бізді ешкім тоқтата алмайды.
  • Перет,– деді Құдаш шал орнынан көтеріле беріп.
  • Шешелеріңнің бидай көжесі де дайын болар. Бұл жолы өгізге таласа мініп, күркеге қарай жарыс са- латындар да шыға қоймады. Омарбек пен Құдаш атқа мінгескен күйі жанымыздан өте шықты. Олардың:
  • Ал, жігіттер, жарысасыңдар ма?– деген қалжыңы да нысанаға дарымаған оқтай айдалаға кетті.

 


* * *


 


Берген серт – атылған оқ. Ауылға кету жоспа- ры талқыланып, тек жүзеге асуы ғана қалды. Қызыл іңірде әдеттегідей «Ақ пен қызыл» ойнаймыз. Біраз уақыт бізден күдіктеніп осында түнемекке бекінген Омарбек бригадирдің алдында кесе-көлденеңдеп сенімге кіреміз. Сонан соң ойнай жүріп Жамбастоғанға жетеміз. Ар жары – қалың құрақ, бұта, топ қурай. Түннің бір уағында Патсайының үйінің терезесінен сығалап тұратын шығармыз. Он үш бала, он үш үйдің еркегі, мына түнде ауылды адаспай таппай не көрініпті? Омарбек қоңыр қасқаны тепкіленіп бізді іздегенше, таң атып, тауықтар шақырар.


Ойын әдеттегідей ерте басталды. Айғаным апаның қара шайын сілтеп сап, орнымыздан тұрдық.



  • Алысқа тығылмаймыз, естеріңнен шықпасын. Мен «атаман»,– деді Бектай. Бектайдан қулық артыла ма? Бәкенедей боп Құдаш айтпақшы, «жерді құртқан бәле». «Тілімен де, ісімен де дүниені шайқайды». Онсыз бізге күлкінің де ауылы қашық. Шуылдасып жүрген топ бала әп-сәтте Жамбастоғанға жиналдық та, Бектай бастап, ауылға тарттық та кеттік. Бізді үміт жетелеп келеді. Патсайыдан әкемізді сұрамақпыз. Бала жүрегі де осынша асқақ та, мұңшыл ма еді? Әке деген ардақты есім жер басып тұрғызар емес. Топ баланың әңгімесінің бастауы да сол.

Ай таудан сығалай бастады.



  • Иінбаймен жүреміз. Сонда өкпе тұстан шығамыз,– деді Мамыр. Ай сәулесі түн қараңғылығын әлі жеңе қоймаған. Шоқ-шоқ ши түбі, алакөлеңке да-

 


ланы күзетіп жүрген сақшылар сияқты қалшиып қатып қалған. Бірін артқа тастасаң, екіншісі қарсы алады. Қасқыр атаулы биыл көп-ақ. Есік көзінде жайылып жүрген біздің ата қазды тал түсте алып кеткен соң не шара. Қолымызда бір-бір таяқ. Тап келген жауды қарсы беттетпейтін қауқар бар сияқты. Қорқыныш та жоқ емес. Бір-бірімізден бір табан қалғымыз келмейді.



  • Қорыққанға қос көрінеді. Еркек емеспіз бе?– деді біздің қорқынышымызды сезген Мамыр.

Ақбелден асып түстік. Алақандай ауылдың сығырайған терезесінің шамдары көрінді.



  • Ертең таң бозынан осы жерде кездесеміз. Таңғы тауық шақыра орындарыңнан тұрыңдар. Көп күтпейміз. Омарбек те кеп қалар,– деді ішіміздегі ересегіміз Мамыр. Сөз аяғын күтпеген Бектай:
  • Патсайыны көрмейміз бе?– деп күңк ете қалды.
  • Мырзаш ағаң да сонда шығар. Төрге отырғызып бас ұсынбас,– деді Жеңіс мырс етіп.
  • Тіпті терезеден қарармыз,– деді Мамыр. Бек- тай шап етті:
  • Әңгімесін қайтіп естиміз? Кіммен бірге болғанын сұрамаймыз ба?
  • Иә, солай,– деді Жансұлтан. Мамыр тілге келді.
  • Патсайының келуі келген шығар. Бар ауылдың бала-шағасы, келін-кепшігі осы үйде. Ұлы той. Мырзаштың келуі міндет. Еркек адам. Мұғалімсіз той өтпейтіні белгілі. Біз сау етіп кіріп барайық дедік. Дұрыс-ақ. Артымыздан аттан сап Омарбек жетсе, мәселенің қиынға айналғаны емес пе. Еркекше атта- нып, қашқын атанып, ұятқа қалуымыз қалай болар екен.


  • Онда өткелдің аузынан Омарбекті күтеміз,– деді ойламаған жерден Бектай.
  • Ойдайт деген-ай!
  • Біздің бәрімізді қолға түсірмек қой.
  • Қамшының астына сап жаяу айдап барсын.– Балалар шуласып кетті.
  • Жоқ,– деді Бектай қатқыл үнмен.– Балалар, бригадир бізді түсінеді.
  • Сонда қалай Омарбек басымыздан сипап, арқамыздан қағады дейсің бе?
  • Арқамыздан қағады, басымыздан сипай- ды.– Бектайға түсінсек бұйырмасын. Даусы дірілдеп шығады:
  • Қателігіміз үшін кешірім сұраймыз. Қорқақта- рың қалыңдар. Мен кеттім. Терезеден сығалар жай- ым жоқ. Алыстан келген адамға қол беріп сәлемдескен жөн.

Шыны керек, бізді Бектайдың мысы жеңді. Үлкеніміз, кішкенеміз бар, соның соңынан ердік. Меңіреу тыныштық. Әркім өз ойымен арпалысып кетсе керек. Тым-тырыс. Қара түсті матаға жамаған жамау- дай белең астынан өзен суы алыстан жылтырай көрінеді. Алда келе жатқан Бектай кілт тоқтады да, жол шетіне шоқиып отыра кетті. Бектайдың сөзінің жаны бар. Омарбектің бұл өткелдің тұсына ат басын тіреуі анық. Бұқпаның тасып жатқан шағы. Бірақ бригадир арты- мыздан қуғын сап келе ме, жоқ па?


Ой үстінде отырған топты баланы қасқа жол жақтан шыққан ат тұяғының дүрсілі елең еткізді. Бек- тай мен балалар қандай оқиға кездессе де қасқая қарсы алуға дайын тұрған. Омарбектен басқа ешкім бұл түнде шауып жүруге тиісті емес. Біраздан соң анадайдан ат қарасы да көрінді. Омарбек атын ойқастата кеп тоқтады.



  • Ал сөйлеңдер, қашқындар,– деді анадайдан дауыстап.– Соғыс кезінде болсаңдар, нағыз опасыз, қашқын атанар едіңдер.

Омарбек тістене сөйледі. Бәріміз үнсізбіз. Төмен қарап қатып қалғанбыз.



  • Біз опасыз емеспіз. Біз Патсайы ағайға сәлем беруге кетіп барамыз,– деді Бектай.
  • Шешелеріңнен де рұқсатсыз жүре беруші ме едіңдер?
  • Аға, айып бізден. Кешіріңіз. Сұрансақ жібермей ме деп қорықтық. Сонан соң сізді күтіп... Әйтпесе ау- ылда жүретін ек.– Омарбек ойланып қалды. Сөйтті де күрсінді.
  • Ертең жұмыстан қалмайсыңдар ғой, ә?
  • Уәде, аға.
  • Онда дұрыс. Бұл қылықтарыңның басы да, соңы да осы болсын.
  • Рақмет, аға.– Омарбек алға тебініп жүре беріп, тізгінін тартып, қайта бұрылды.
  • Мырзаш мұғалімдерің де сонда шығар. Көзін алайтып жүрмесе.
  • Мейлі,– деді бәріміз үшін жауап берген Бектай.

Әй, қарғам, олай деуің асылық. Мұғалімдерің емес пе? Meн рұқсат етті деңдер,– деді Омарбек. Бригадирдің басынан құс ұшырсақ та аз. Біздің жаны- мызды ұққан әке осы Омарбектей-ақ болсын.


Өткелді кемерлей кешіп, арғы бетке өте, асығыс киініп, Патсайдың үйіне қарай салдық. Сағыныш па, әлде ынтызарлық па, адам біліп болмайтын бір сезім бойымызды билеп алғаны анық. Құдды үлкен адамдардай сабырлымыз, аяғымызды нық басып, орнықты сөйлейміз. Ауыл төбеттері үдере шуылдап барып басылды-ау, әйтеуір. Патсайының үйі ауыл шетінде топ ағаштың ішінде болатын. Есік алды жаулықты әйелдер, буы бұрқыраған қазан-ошақ, екі иінінен демалған самаурындар. Қараңғыдан шыға келген топ баланы көрген әйелдер қауымы шу ете қарсы алды.



  • Ойбай-ау, қайдан жүрсіңдер?
  • Мына түнде біреу қуып келе ме?
  • Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді деген,– деп бәріміз үшін жауапты бұл жолы Мамыр берді.
  • Мен кірдім,– деді Бектай алға бастап. Ауыз үйден өтіп, төр бөлменің ашық есігіне жақындағанда, көзіміз төрде отырған арық, қара торы адамға түсті. Әскери шинелін желбегей жамылып, сөйлеп отыр. Оңында Алматай, солында Мырзаш.
  • Есенсіз бе?!–Бектайдың даусы естілді. Ар- тынша кіп-кішкентай, қара домалақ, жалаңаяқ бала төрге қарай жылжып бара жатты. Оқыс жалт қарасқандар алғашқыда сәлемшіні көзімен тініте есік жаққа қарады да, Бектайды көре салысымен шұрқыраса кетті. Баланың сыпайы да, ерекше сәлемі Патсайыны елжіретіп жіберді ме, орнынан ұшып тұрып қолын алып, бас сап құшақтай алды. Артынша бөлме ішін сәлемші балалардың үні кернеп кетті.
  • Ассалаумағаликум.
  • Аман-есенсіз бе?
  • Қалыңыз жақсы ма?

Мырзаш та қарап қалған жоқ. Балаларды танысты- румен әлек.–Бекшойын ағаңның баласы, Бексейіттің інісі, Өтегеннің кенжесі, Бөлдекбайдың жалғызы,–


 


дейді. Бетінде қорасан дағы бар, кішкене бойлы адам сәлем алып болғаннан кейін, жағалай отыра қалысқан балаларға ойлана көз тікті. Не ойлап отырғанын кім біліпті.



  • Өтегенмен бірге аттандық қой,– деді сонан соң.

Мамыр орнында отыра алмай қозғалақтап қалды.



  • Брянскіде айрылдық. Сонан соң қазақ атаулыға кездеспедік.
  • Шынымен бе, аға?–деді таң қалған Бектай.
  • Біздің ауылдан қырыққа жуық адам майданға аттанды деген Құдаш атам.– Патсайы жымың етті.

–Әй, балам, кімді-кім көрген заман. Сан мың әскердің іші емес пе?– Көңіліміз су сепкендей басыл- ды. Әттең-ау, жалған болса да бір көріп едім, жаумен бірге шайқасқан едік десе қайтеді. Біз де тыныш, ол да тыныш. Әншейінде алғыр, қайсар, қара бала Бек- тай басы төмен салбырап, сөлбірейіп орнынан тұрды. Енді бұл жерде отыру қызықсыз сияқты. Түнделетіп жалаңаяқ, жалаңбас салпақтап, Омарбектен сөз естіп, жаман атты аттанғанда білгеніміз осы болса, Кұдаш айтпақшы, жетіскен екенбіз.



  • Кеттік,– деді сыбыр еткен Бектай.
  • Өтеген ағамды сұрайын да,– деді Мамыр нұқып қап.
  • Ал, тез,– деді Жеңіс асықтырып.
  • Аға,менің көкеммен майданға бірге кірдіңіз бе?– деді үні әрең шықкан Мамыр.
  • Дайындықта бірге болдық. Ол зеңбірекке, мен пеходқа кеттім. Сонан соң көрмедім.
  • Дұрыс екен, аға.
  • Мүмкін мен сияқты тағдыр жазса келіп те қаларау.

 



  • Патсайының бұл сөзі жасанды, құр көлгірси шықты. Жапа-тармағай орнымыздан тұрдық.
  • Әй, отырыңдар, тамақ ауыз тиіңдер,– дегеніне ешкім қараған да жоқ. Аузымыз күбірлеп, рақмет айттық. Ішіміз от боп жанып келеді. Сөндіруге дәрмен жоқ.
  • Мұғалімдері отырған сон ұялғандары ғой,– деді бір әйел. Алматай бізбен ере шықты. Мәз-мейрам.

«Отырыңдар, қонақ болыңдар»,– деп ымдайды. Оны- мен бірге: «Менің әкемнің пагоны бар»,– деп күпсінеді. Біз бас шайқасақ, аузын бұртитады. Жібергісі жоқ.



  • Мұғалімді көрмейсің бе, осы сәлемімізді де көпсініп отырған шығар,– деді Бектай Алматайға.
  • Ертең шөпке барамыз. Бригадир ұрсады.
  • Бектай мылқаудың ішіндегісін тез сезді. Аузын қимылдатып, қолын ербеңдетіп жүріп көндірді де.
  • Әлі келеміз. Әкеңнін әңгімесін тыңдаймыз.

Ертең сарқыттан мол ала кел.



  • Алматай қуана басын изеді. Әкесі бар адамдар жетім емес. Ішіміз алай-түлей. Қияқтыдан көтерілген жартыкеш ай төбеге көтеріліп қапты.

Бұрғанның жарқабағында отырған он үш бала. Өңшең жалаңаяқ. Патсайының үйінің ауласынан ән естіледі. Баяғы:


«Ауылың алыс кеткенде, қалқатайым, Көз жасыңды көл қылып жылай берме, угай-ай». Осы бір мұңды да, сазды әннің айтылғанына талай жылдар өтсе де ұмытылар емес. Көз жасын көл қылған көптің қайғы шері де осы әнмен тарқаған сияқты ма, қалай?


Ебінің желі есті. Әлгінде ғана мең-зең дүние тербеліп, тіршілікке енді.


 



  • Ертең күн тағы да жанады,– деді Мамыр.
  • Жұлдыз жиі.
  • Ұйықтап қалмайық, бригадирден ұят.
  • Не көрініпті.
  • Менің ұйқым келмейді,– деді Бектай.
  • Менің де,– деді Мамыр.
  • Демалған жөн,– деді Жеңіс.
  • Тарайық.

Көңілсіз қол қысыстық та, тарай бастадық. Әркім өз ойымен әлек. Мен не ойлады десеңші. Әкемді ой- ладым. Балалардың өзін ойлайтынын біле ме, сол әкелер. Осы ел жетім деген қасіретті сөзді қайдан ой- лап тапқан?


 


* * *


 


Тектұрмастың тұмсық жағындағы жарға әп-сәтте іліндік. Балалардың бәрі көңілді. Кешегі бір қайғылы түнді бастарынан өткермеген сияқты. Сықылықтаған күлкі, жаяу жарыс, өтірік өлең. Ертеңгі шық аяғымыз- ды малмаңдай су қылған. Салқын ауа. Тәтті ұйқыны қия алмай жатқан алып, шексіз дала. Әлдекім өлең ба- стай жөнелді.


Жігерлі де асқақ басталған ән кең даланың төсіне шарықтай шығып, көгершінше қалықтап біраз тұрып алды да, сәлден соң талмаурап барып, көкжиекке сіңіп жатыр. Сыңғырлаған сәби үндер.


Біз күркеге тақай бергенде, Құдаш шал көрінді. Бізді көрді де, состиып тұрып қалды. Не ойлағанын кім білсін?



  • «Перет» бізді қалай қарсы алар екен?–деді Бектай. Өзінің «жауынан» бас сауғалап келе жатқанын ішім сезеді. Қазір-ақ шайқасатын шығар. Айтқандай Кұдаш шал анадайдан-ақ:
  • Ей, қашқын бала, жол болсын!–деп дауыстап қалды. Бектай да оңай «жау» емес.
  • Ататай, қашқаным құрысын, түнімен сіздің перетіңіз түсімізге еніп шықты,– деді тілін безеп. Тым- тырыс келе жатқан балалар ду күлісті. Бұл Құдаш шалды онан сайын ашуландырды білем, басын бұра бepiп шырт еткізіп түкірді де, су ішкен кұстай басын қайқайта көтерді. Иегіндегі шоқ сақалы жыбырлап сала берді.
  • Баяғыда жұрт жаудан ығып босушы еді, сендер еңбектен қашқан жалқаусыңдар, түге– деді ол.
  • Соғыста бұйрықсыз шегініп көрші. Жалғыз оқ жаныңды жаһаннамға аттандырады.– Құдаш шал бізге қабағын түйе қарады. Жанарында жалтылдаған ашу оты.

 


Басымызды төмен салған күйі айыбымызды мойындап қақидық та қалдық. Әншейінде бой бермейтін Бектай- да үн жоқ. Осы бір тұрысымызға жаны ашыды ма, кім білсін, Құдаш сәлден соң тағы бұрқ етті.



  • Тұтқынға түскен фашистің жаман солдаттарын- дай болмай, көтер еңселеріңді! Бектай, сен ана атқа мініп өгіздерді жина. Қалғандарың аша-саймандарыңды ретте.

Бөгетті бұзған нөпір судай бәріміз лап бердік. Бек- тай қоңыр бестіге қарғып мінді.



  • Әй, қашқын бала, ақырын, үркетіні бар, ол иттің,– деді Құдаш дауыстап. Бөксесі ерден әлсін- әлсін көтеріліп, үзеңгінің сабауына ілінген аяғына шіреніп Бектай кетіп барады. Ол өзінің кінәсын мой- ындап, Құдаш шалдың алдынан кесе-көлденең өтпеді. Онысы түсінгендігі. Құдаш атқа қонған Бектайдың ширақ қимылына мәз. Атты әрі-бері бұрып, өгіздерді бықпырт тигендей қуалап, алға беттеді.
  • Құдды әкесі. Ат құлағында ойнауын қарашы,– деп күңк етті Құдаш.– Жалғызы ғой, марқұмның. Өзі кетсе де, көзі қалыпты.

Бектайдың әкесі Батылбек кезінде Құдашпен бірге колхозда жылқы бағыпты. Қу тілді, пысық, еңбекқор жігіт екен. Бір әке, бір шешеден туса да, Мырзаштан садаға кетсін. Елге жүғымдылығы тым бөтен. Батылбек үйге енсе, Жаңатоған жұрты ішкен асын ұсынады екен.



  • Жақсының аты жақсы. Мына кішкентайдың кешірімділігін, ақылдылығын, қарашы,– деді Құдаш өткен күнді есіне түсіріп.
  • Талай қыршындарды жұтты ғой, қу соғыс, уһ! Ашаға сүйеніп түрған күйі ойға кеткен Құдашты көріп, бәріміз үнсіз қалдық. «Соп, соп» деген Бектайдың даусы жақыннан шығысымен Құдаштың да «переті» естілді.

 


 


 


* * *


 


Жамбастоған бойы екі айдың ішінде жыпырлаған шөп маяларына толды. Тіпті өзіміз де сенгіміз келмейді.



  • Соңғы маяны саламыз, сонан соң ауылға қайтамыз,– деді Құдаш шал. Күн тас төбеде тұр. Алғашқы рет Тобылғысайда күркеге түнеп, тұңғыш жұмысқа шыққан күнгі түстей ыстық емес. Балалар іске құлшына кірісті:
  • Әй, құлындарым, оқуларың жақындап қалды-ау, әттең! Шаршадыңдар-ау,– деді Құдаш шал аңқылдап.

–Келесі жылы тағы да келеміз,– дейді Жеңіс.



  • Ендігі шөп шабымда шөмелешілер қатарына қосыламын.
  • Мен Құдаш атама көмектесіп мая саламын,– дейді Мамыр.
  • Оп, бәле, аталарың тірі жүрсе ғой. Тағдыр шыбығы ұзын емес пе,–дейді Құдаш шал. Мұндайда шыдайтын Бектай ма. Өгізден қарғып түсіп, жеделдей басып жанына жетті.
  • Сіз өлмейсіз,– деді бетіне бажырая қарап.
  • Фашист өлтіре алмады ғой, сізді.
  • Дұрыс айтасың, қарағым.
  • Онда сіз көп жасайсыз.– Бектай Құдаш шалды әжуалап, мысқылдаған жоқ, шынын айтты. Балалар екеуіне сүйіне қарап қапты.
  • Әй, Бектай, әкең Батылбекке тарт. Ол өлген жоқ. Сен барсың. Сен тірі Батылбексің, қарағым.
  • Құдаш шалдың даусы дірілдеп сала берді. Қарт адамның іштені шыққан жан лебізі. Қарсы алдында тұлымы желбіреген Бектай. Киіктің лағындай момын да сүйкімді. Осы уақытқа дейін шәлкес сөзіне, тентек қылықтарына ауыл атасынан кешірім сұрап түрғандай.

 


 



  • Әй, Бектай, атаңның сөзін әрқашан есіңе ала жүр.
  • Құп болады, ата.– Бектай басын изеді. Әр бала өзінше ойланған сияқты. Тұңғиық ой мені де тербеп өтті. Менің әкем қандай адам болды екен? Шешем де қызық. Әлі кішкентай бала сияқты көреді мені. Сонау жолы Омарбектен шөптегі менің тіршілігімді сұраса, брига- дир сұқ саусағын шошайтып «во» депті де, атын кері бұрып жөнеледі. Шешемнің сұрамағы – менің қарным ашпағандығым, ауырмағандығым ғой.

Мая үстінде тұрған Құдаш шалдың сілтесі бүгін ерекше. Құдаш шал маяның орнын дұрыстап қалады да, жан-жақтан лақтырылған шөпті жайғастыра бас- тады. Алматай сол кеткеннен келген жоқ. Естуімізше әкесінен қалмай, егіс суаруға шығыпты.


Түс ауа маяның төбесін шығарып бітірген Құдаш бір сәт сырғып жерге түсті.



  • Ал, жігіттер, ендігі жазға дейін Жамбастоғанға “қош” деңдер. Өгіздерге мінгесіңдер. Төсек- орындарыңды менің арбама салыңдар. Перет!– деп қалды. Біз ауылға асықтық.

 


* * *


 


Қырық тоғызыншы жылы дала қыдыр шашты. Жаңатоған колхозы астықтан да, тарыдан да алға шықты. Ел де, жер де риза. Бірін-бірі қатықсыз қара шайына шақырған жұрт. Тек бір ғана адамның қатал жүзі біз дегенде өзгерген жоқ. Шітірейген тік қалпақ, шиқылдақ әуенді қара етік, галифе сым, әскери белдік. Сентябрьдің алғашқы күні мектеп есігіне кіре, жаздағы жайсаң күлкі мен асау тайдай асыр салған еркіндіктің ауылы алыстап кеткендей еді. Оның себепкері – Мырзаш пен күміс қоңырау. Бірақ табиғат сыйлаған балалықтың қияс та, тентек мінезін кім тартып алады.


О ғажап! Топ бала класқа кіріп келсек, артқы пар- тада бейтаныс қыз отыр. Аузымызды аңқитып ашып, босағада тұрып қалдық. Қою бұйра шашын екіге жа- рып тарап, алқызыл лента тағыпты. Қоңыр көйлегінің жағасы ақпен көмкерілген. Аппақ белдемше, құлағында жылтыраған сырға. Ақ сары жүзі шиедей қызарған қыз төмен түқырайды. Мұндайда тек тұратын Бектай ма?



  • Балалар, біздің класқа бір көгершін қонақтап- ты,–деп тақ ете қалды. Қалжыңнын да, әзілдің де жөні бар ғой. Дәл осы жолғысы сиырға ертоқым ертте- гендей болды. Енді біз ұялдық.

“Сәлеметсіңдер ме, балалар?–деді орнынан тұрған бейтаныс қыз. Тайсалар емес. Ақ сары жүзіне мейірім оянап, бізге жақындап келді. Балалар аузын жыбыр- латты.



  • Менің есімім көгершін емес, Раушан,– деді Бектайға. – Сендермен бірге оқимын. – Бектай оның қолын алды да:

 



  • Бектай,– деп шарасыз күбір етті. Бәріміз жа- мыраса атымызды айтып кеттік.
  • Жеңіс.
  • Мамыр.
  • Жансұлтан. Сөйткенше қыздар шу етті.
  • Ағай келе жатыр.

Асыға орнымызға жылжыдық. Бектай отыра беріп, маған күңк етті.



  • Пысық қыз екен.– Мұғалім есіктен сызда- на кipiп, баппен басып терезе көзіндегі үстелге жетті. Әдетінше байыппен журналды қойып, балалардың үсті-басын тінте, көзімен сүзіп шықты да, соңғы партадағы бейтаныс оқушыны көре таңдана, қара сұр жүзі әп-сәтте жылы шырай тартып, жалп етіп, орнына отыра кетті.
  • Жаңа оқу жылдарыңмен,– деді сонан соң. – Рақмет, ағай,– деп шу етістік. Аң-таңбыз. Жауап бұлттай боп түнере кірген Мырзаш неғып аяқ асты өзгере қалды? Бір гәп бар мұнда.
  • Сіз қай жақтан келдіңіз?–деді сыпайы ғана жаңа оқушыға.
  • Қарағанды қаласынан, № 13 мектептен. Аты- жөнім – Құндақбаева Раушан.

Құдды бір командирдің алдында жауап беріп тұрған солдат дерсің.



  • Құндақбаева Раушан...– Мырзаш әдетінше журналдың басын өзіне қаратып, сол қолымен жаза бастады. Бөлме іші тым-тырыс.
  • Өте жақсы,– деді сонан соң.– Мұнда көшіп келдіңдер ме?
  • Папам соғыста қайтыс болды.Мамам әжеңнің қолынан оқисың деп, осында әкеп тастады.

 


Сөзінің басы мұңды естілді де, аяғы әлдекімге де- ген наласын танытты.



  • Жиен болдың ғой, біздің ауылға,– деді Мыр- заш алғашқыдағы «сізін» тастап «сенге» көшіп. Ерін ұшында болар-болмас жымиыс көрінді. Раушан ұялшақтап басын төмен салды да:
  • Не разбираюсь,– деді орысшалай күбірлеп.

Бектай мені нұқып қалды.



  • Мына қыздың бәлесі-ай,– деді сыбырлап.– Әлі бұл Мырзаштың өзін оқытады.– Сөйткенше мұғалім орнынан тұрды.
  • Түсінікті,– деді сонан соң.– Отыра ғой, әке. Ал балалар, сабаққа келмей қалған оқушы бар ма?– Шетте отырған класс старостасы Жеңіскүл деген қыз орнынан ұшып тұрды да, тақпақ айтқандай саңқылдап қоя берді:
  • Майемегенова Қызылораққа көшті. Қойбаға- ров әке-шешесімен жайлауға кеткен. Әлі келген жоқ. Берікболов Қарақастекке кетті.
  • Еңбеккүнді көп таптыңдар ма? Жұмыстан қашқан ешкім кездеспеді ме?–деді Мырзаш енді бізге кісімси төніп. Мұндайда сөзге Бектайды жібер, Орны- нан ытып тұрды да, баяндай жөнелді.
  • Бөлдекбаев – 45, Нұршалов Қансұлтан – 45, Күсемісов – елу жеті. Бізден шөмелешілер озып кетті.– Егер Мырзаш «түсінікті» демесе, Бектайдың тоқтар түрі жоқ.
  • Отыр... Қітап, қағаздарың толық па? Кәне, алдарыңа қойыңдаршы.– Класс іші әп-сәтте қозға- лысқа кірді. Мырзаш алдыңғы партадан бастап тексе- руге кірісті.

 



  • Дұрыс,– дейді анда-санда. Бір сәт жаңа оқушының жанына жете қалт тоқтады.
  • Қаланың аты қала-ау,– деді сонан соң.–Мына бір заттарыңды балаларға көрсетші.– Раушан ештеңені түсінбеген жандай мұғалімнің бетіне қарады.
  • Қарашы, бәрі жеткілікті. Міне, сиясауыт, сызғыш, он таяқ, циркуль...– Сөйтті де сөзін аяқтамай кілт тоқтады. Қолына қарындаш сияқты әлдеқандай затты алды. Мынаның аты не, қарағым?
  • Авторучка. Мынау – пенал. Алғашқы сабаққа кірердегі таңданыс таңданыс па, бәріміз жаңадан кел- ген оқушыға аңырайдық та қалдық.
  • Дневник,– деді сол сәт Мырзаш қолына алға бір қалың дәптердің сыртын оқып.
  • Оған баға қойылады,– деді Раушан. Мұғалім ары-бері парақтап көрді де, қолына ұстаған күйі төрге қарай жүрді.
  • Екі дәптерді бір-біріне қосып дневник жасаңдар,–деді бізге бұрылып.
  • Ал, Батылбеков, сен қоңырау соқ. Ертеңнен ба- стап толық сабақ басталады.– Біз, бәріміз, ғажайып дүниелерді көруге асықтық.

 


* * *


 



  • Кино келіпті,– деді жанұшыра есіктен кірген Бектай. Ентігін баса алар емес– Полуторкамен алып келді. Мекайнігі қоңқақ мұрын орыс. Жақсы адам екен. Жаныңа бір бала тауып маған көмектессең деді.– Күтпеген жаңалық. Ай-шайға қарамай, Бектайға: – Кеттік,– дедім.– Ол орнынан қозғала қоймады.
  • Ол кісі маған сүт пен нан тауып әкел деп еді. Біз де сиыр жоқ қой. Саған келдім.

Кішкене табақшаға сүт құйып ап, жарты таба нан- ды қолтыққа қыстырып, мектепке қарай жүгіріп бер- генде, бізден бақытты адам жоқ сияқты еді.


–Ең алдында отырамыз,– деді Бектай масаттана сөйлеп.


Мектеп маңы қарақұрым бала. Анандай жер- де полуторка машина тұр. Аппақ төрт бұрышты шымылдықша ілініпті. Қоңқақ мұрын, сары орыс әлденені гүжілдете айналдырып жатыр.


–Меники друг,– деді Бектай жеткен бойда сүт пен нанды ұсына беріп. Механик маған күлімсірей қарап басын изеді.



  • Хорошо,– деді жұмысын ары қарай жалғастырған күйде.
  • Он бір табақ екен,– деді Бектай сыбырлап. Көзімен екіге бөлінген табақшаларды санап шықты. Сөйткенше шыр айналдырып тұрған лента шарт етіп үзілді де, айналаға саудырай төгілді.
  • Тфу! Черт возьми,– деді механик. Қалтасынан қайшы алып, лентаның кішкене бөлекшесін қиып та- стады да, үзілген екі бөлікті желімдей бастады. Енді бір сәт дөңгелектер қайта айналды да, механик мұрнын тартып қойып, сақтана жұмысқа кірісті. Екеуміз де үзік лентадан көз алар емеспіз. Топырлап кеп ентелеген балаларды механик ала көзімен атып, түсініксіз тілде бұрқ етті де, қуып жіберді. Біздің тірлігімізді байқаған ол үзік лентаны алып, Бектайға берді.


  • Аманкелді Иманов,– деді үзікті күнге үстап. – На коне, видишь.

Бектай екеуміз жерден жеті қоян тапқандай мәзбіз. Шынында, лента ішінде басына орамал таққан, зор денелі адам қылышын көкке көтеріп, шауып бара жа- тыр. Соңында сарбаздары. Шынында, Аманкелдінін өзі. –Пацаны,– деді сүт ішіп, нан жеп болған механик шелекті нұсқап.– Воды надо. Мотор заводить.


Бұрғанға қарай жүгірдік. Екі орта талай жер. Біздің өзенге бет алғанымызды көріп, балалар да соңымыздан ерді. Қуып жетіп, сұрақты жаудырды дейсің. Бектай бәріне жалғыз өзі жауап беріп жатыр. Әулие сияқты. Балалар аң-таң. Бектайдан қулық аспас. Қолындағы метрге жуық лентаның бір көрген құнын есеп- теп, суы шүпілдеген шелек кезек-кезек балалардың қолына өтеді. Лентада жалғыз-ақ кадр. Мектепке жақындағанда Бектай шелекті өзі қолына алды да, та- науы пыс-пыс етіп дедектей жөнелді. Соңында мен. Балалар қала берген.


Күн бата мектеп төңірегін екі-үш электр шамы са- маладай жарқыратып жіберді. Шешем асығар емес. Жетілік шамның әлсіз жарығында қою қара шайды асықпай сілтеп отыр.



  • Кино басталып кетті,– деймін тықыршып.
  • Елдің аяғының астына тапталасың,– деді ол. Онымен қоймай, бүгінгі күннің ыстығын баяндап, шөлі қанбай отырғанын айтып, қыжырымды қайнатты. Шы- дамым таусылып, «кетемін» деп салдым.

Алғанымнан қайтпайтын доң мінезімді білетін ол, «үйбай-ау» деп орнынан тұрды. Төрге жиналған екі-үш көрпені ысырып сап, ағаш сандықтың құлпын ашты. Әредік ауыл ішінде болатын тойға киетін гүлді шыт көйлегін алып шықты. Басына қоқитып орамалын байлады.



  • Ау, жерге сыймадық қой,– деп есікке беттеді. Ішімнен күңкілдеп ұрсып жүрмін. Шындығында, мына түнде оның сәнденгенін, не кигенін кім көріпті? Баста- лып кетсе, масқара сонда. Колынан жетектеген күйі дедектете жөнелдім.

Ел ішіне кіре Бектайды іздедім. Кімді-кім біліп болар емес. Керегеге төрт бұрышталған ақ мата ілініп, оған бағытталған аппарат жарық шашып тұр. Бала атаулы мәз. Қолдарын, саусақтарын жыбырлатып, қабырғаға аюдың, түлкінің, қоянның кескінін жасайды. Еңбек еткеннің еншісі бөлек. Шешемді ел арасымен жетектей-жетектей алдыңғы жақтан орын алдым да:



  • Бектай,– деп дауыстап қалдым. Жүгірген күйі мектепті айналдым. «Мен мұндамын» дейтін ол жоқ. Бектайдың шешесімен менің шешемнің қатар отырғанын анық білемін. Бұл қайда? Жарықтан жарқанаттардың ары-бері ұшқаны анық көрінеді. Көзіңді қағып кетеді дейтін шешем. Бетімді бүркемелей мектептің екінші жағына шықтым. Тоқтай қалдым. Сөйткенше әлде кімдердің күңкілдескені естіледі.
  • Бектай,– дедім дауыстап.
  • Адасып кетемін деп қорқып тұрсың ба? Бері кел. Жақындап келсем, он шақты баланың ортасында бәкенедей Бектай түр.


  • Бейбіт шақырып келсін, артынан келген айыбы өзінен.
  • Кімді?– дедім еді нәрсені түсінбеген мен.
  • Мамырды.
  • Қай жерде отыр?
  • Қөзің бар ғой. Ең алдыңғы қатарда. Раушан- ның жанында.– Қызықты қара. Бірден түсіндім. Пысығын шіркіннің. Бар балалардан бөлініп, Мамыр Раушан екеуі алдыңғы қатарда отыр. Еңбектеген күйі жандарына жеттім де, Мамырға сыбыр еттім.
  • Мектептің артында балалар шақырып жатыр,– дедім. Оның барғысы келмеді білем:
  • Менсіз әңгімесі қызбай жатыр ма,– деді мырс етіп.
  • Қорқақ болсаң, отыр,– дедім зілденіп. Бұл жолы Мамыр қыбыжықтай бастады. Намыстанды білем, орнынан тұрды да, Раушанға бұрылды.
  • Мені балалар шақырып жатыр. Қазір келемін,– деді.
  • Не боп қалды?– деді ол былай шыға көлгірси.
  • Әңгімеміз қызбай жатыр,– дедім әлгіндегі жауабының есесін қайтарып. Әншейінде гүр-гүр етіп қожыраңдайтын Мамыр бұл жолы үнсіз тынды. Маған ерген күйі кеп балалардың ортасына енді. Ауылдағы анда-санда болатын той-томалақ, шілдеханаға ере барғанда, үлкендер «хан сайламақ» деген ойын ой- найтын. Бүгінгі «хан» Бектай. Үйірілген балалардың ішіндегі өктем сөйлейтіні де сол.
  • Сен Өтегеннің ұлы, үлкенмін деп бөспе,– деді ол сәлден соң.
  • Мұрныңды көтеріп барасың.
  • Иә, солай-ау.

 


–Біздің жанымызға жуығысы келмейді.


–Не істеп қойыппын?– деді ол.


–Мысық бола қалуын. – Хи... хи... Мамыр енді ашулана бастады.



  • Ей, балалар, не болса да айтып өлтірсеңдерші.

Сол сәт Бектай шүйлікті.



  • Біздің класта он жеті оқушы бар. Оның сегізі ұл, тоғызы – қыз. Солай емес пе?

–Раушан қосылды ғой,– деді Мамыр күңкілдеп.


–Иә, мәселе сол Раушанда. Бектай тағы бір сәт үнсіз қалды да, сөзін жалғастырды.



  • Қыздардың да, ұлдардың да бәрі бірдей.
  • Оны өзім де білемін.
  • Балалардың келісімі былай. Сен бір апта жаны- на отырасың, сонан кейін басқа бала.
  • Ендігі кезек менікі,– деді Жансұлтан.– Олай болмаған күнде сөз басқаша.– Бектай Мамырға кәдімгідей-ақ дікіңдеп тұр. Балалардың көптігінен қорықты ма, Мамыр үнсіз басын изеді. Мен де Бектайдың шешімін құптадым. Сөйткенше әлдекімнің

«басталды» деген даусы естілді. Шамасы, балалар


«хабаршы» қойса керек



  • Қазір Раушан бәрімізбен бірге отырады,– деді Бектай. Сөйттік те жүгіре жөнелдік.

 


* * *


 


Бұл бір күтпеген жаңалық еді. Аманкелді Иманов ұшқыр атты сарбаздар. Көкке көтерілген алмас қылыш. Ду-ду еткен бала. Қоңырау соғылғанша әңгімеден ауыз жимадық. Тек Мырзаш есіктен кіре тынды-ау. Уәде орындалды. Сөйткенше Мырзаш :



  • Құндақбаева,– деп қалды. Бәріміз жалт қарас- тық.
  • Сен алдыңғы партаға отыр.Класс старостасы- сың.
  • Түндегі келісім, дүр-дүр әңгіменің күлі көкке ұшты. Раушан алдыңғы партада жалғыз отыратын болды.
  • Тәртіп бұзғандарды жазып алғайсың,– деді сонансоң қатқылдана. Әншейінде Мырзаштың жантор- сығындай еш нәрсені қалдырмай жеткізетін Гүлзаш атты capықыздың басы төмен салбырап сала берді. Бек- тай мұндайда тек қала ма. Сорғыштың бетіне «орныңнан түскеніңмен» деп жазып Мамыр арқылы аттандырып үлгерген. Күтпеген оқиға осы жерде басталды. Парақты оқыған Гүлзаш өксіп-өксіп жылап жіберді де, партаға жата кетті. Мырзаш та килігіп үлгерді. Ол қағазды төңкерістіріп қарады да:
  • Мынау сенің жазуың ғой,– деді Бектайға төне ақырып.
  • Менікі,– деді ол. Сөйткенше ол қабырғаға қарай ұшып түсті. Мырзаш Бектайды шапалақпен жанып үлгеріпті. Қапелімде не істерге шарасызбыз. Бөлме іші тым-тырыс. Сүйретіле орнынан түрған Бектай Мырзашқа қасқая қарады. Сол сәт оның танауынан қан тамшылап түрғанын байқадық. Мырзаш жүзін бұрған күйі дүңк етті.

 



  • Жуып кел, ары.– Үнінде әлі қатқылдық бар. Жүзі қара қошқылданып, жағы қусырылып кеткен Бектай қолымен мұрнын бір сүртті де, Мырзашқа қарай жүріп берді.
  • Мынауың не?– деді сонан сон.– Сені туыс деп жүрсем.– Келесі сәтті күтіп партаға жабыса түстік.
  • Садаға кет, ағайындықтан.
  • Қысқарт,– деді айқай салған Мырзаш. Бектай тайсалар емес.
  • Менің әкемнің жоқтығына көзің жеткені ғой.
  • Қысқарт енді, қу мәстек.– Алғашқыдай емес, Мырзаштың даусы бәсең, тек жай қоқанлоққы ғана сияқты.
  • Өлтіресің бе, ал өлтір.– Бектай тісін шықыр- латты. Жанары жасқа толып кетіпті. Тау тұрса да, тай- салар емес.
  • Жетім деп қорлағаның ғой?
  • Қой деймін енді саған.
  • Әкем жамандығынан, ажалынан өлген жоқ. Не- міс өлтірген оны.
  • Қернеп тұрған жас ағытылып қоя берді.
  • Мына отырған бәріміз жетімбіз. Иә, бәріміз жетімбіз.
  • Мынау жынданған шығар,– деді орнынан тұрған Мырзаш.
  • Әттең, әкем болса, көрер ем өнеріңді!
  • Мынаны сыртқа апарып, бетін жудырың- даршы,– деді Мырзаш бізге бұрылып. Топ бала ор- нымыздан тұрғанымыз сол еді, Бектай ентелей басып орнына жетті де, шүберек дорбасына кітап-қағазын асығыс салып, есікке беттеді. Біз соңынан ердік. Босағаға жете бере Бектай Мырзашқа бұрылды.

 



  • Сенен оқығанша, қаңғып кетейін,– деді дауыс- тап. Сөйтті де есікті тар жапты. Біраз ұзап барып бізге бұрылды.
  • Ей, балалар, сендерді қимаймын. Қош,–деді қолын бұлғап. Даусында діріл бар. Шамасы, жылап тұрса керек.

Ертеңгісін Жансұлтан жетті. Екі өкпесін қолына алып, асығып келгені бірден белгілі.



  • Бектайлар Қызылораққа көшейін деп жатыр.

Жүгін тиеп боп қалды,– деді.


Көзімді тырнап ашып, есікке ұмтылдым.


–Таң бозынан қайда жөнелдіңдер, тегі?–деп ше- шем бәйек.



  • Қазір келемін.

Есік алдында жаздағы жүйрік қара өгіз жегілген Құдаштың арбасы тұр. Төңірегі қарақұрым бала-шаға, кемпір-кепшік. Анандайда ат байлайтын ағаштың жа- нында бүк түсіп Бектай отьтр. Жан-жағын қоршап алған балалар. Мырзаш – Бектайдың әкесінің інісі. Екі үйі көрші тұратын. Ортадағы шоландары ортақ. Бектайдын шешесі Бибатима әлдене деп күңкілдеп жүріп жүк тиеуде.



  • Нағашы әжемдікіне көшіп барамыз,– деді мені көрген Бектай.– Сол жақтан оқимын. Кеше Мырзаш- пен ит жеместі жестік. Сазайын алды, сатқын. Бізді асырап отырғандай бұлданбасын, сол дүрбелеңнің мәні түсінікті еді. Мырзаштың әйелі Күнсипа жалынып әлек.
  • Ау, Бибі-ау, бір ашуыңды маған кисаңшы. Ол доңыздың мінезі емес пе,– деп еңірейді.
  • Жалғызымды жалдыққа бергенім жоқ,– деді Бибатима. Сөйдеді де жүк тиескендерге жөн нұсқады.

 


Қызылорақ – бізден бес-алты шақырымдай жердегі жеке колхоз. Тектұрмасты сағалай жаяу жүріп берсең, шай қайнатым уақыт өкпе тұстан жетіп ілінесің. Бір кезде жүгіре басып Раушан бастаған қыздар тобы жетіп келді.



  • Ағай шақырып жатыр,– деді ол салған бойда.
  • Біраздан соң барамыз,– деді көп үшін жауап берген Жансұлтан.– Досымыз көшіп бара жатқанда... Бәрі Мырзаштың кесірі.

Істің анық-қанығына көздері жеткен қыздар тосы- лып қалды.



  • Азар болса бұрышқа тұрғызып қояр,– дедім мен. Жүк тиеліп болып, арба артына қоңыр сиыр бай- ланып, бұзауы құйрығына қосақталды.
  • Шу, ей,– деген Құдаштың даусы естілді. Би- батима Күнсипамен қүшақтасып қоштасты. Еңіреп жіберуге жақын тұр.
  • Ауыл арасы жақын ғой,– деді сонан соң өзіне- өзі қайрат беріп. Арба шықыр-шықыр етіп орнынан қозғалды. Біраз ілесіп барып қала берген көрші-қолаң:
  • Тағдыр ғой, Бибі-ау. Аманшылықпен кездесей- ік,– десті. Енді бірі:
  • Көрші ауылда да түстенетін, шай ішетін жер табылады,– деп әзілдеген болды. Біз қолындағы шыбығымен жер шұқылай, арба соңынан ерген Бектайдың жанындамыз. Қыздар да қалысар емес. Тек мектептің жанынан өтер қара жолдың тұсында:
  • Келіп тұруға уәде бересің,– деді Раушан. Бек- тай басын изеді. Қыздар қол алысып, қоштасып мек- тепке беттеді.
  • Мырзаш терезеден қарап тұрған шығар.
  • Мейлі.

Бектай мектеп жаққа мойнын бұрды. Жылы ұясын қимайтын балапан сияқты. Ерні дірілдеді. Сөйтті де жұдырығын түйді. Бұл Мырзашқа деген лағынеті шығар.



  • Ал, Бектайдың жолдастары, достарыңмен қоштасыңдар. Әлі келіп тұрады ғой. Өзім жіберуге уәде етейін,– деді анасы ауылдан біраз ұзап шыққан соң. Бектай балалармен құшақтаса кетті.
  • Қош болыңдар!– деді ол сыбырлап.
  • Сау бол!
  • Келіп тұрасың ғой?
  • Әрине.

Сөйтті де, ұзап кеткен арба соңынан жүгіре жөнелді. Тамағыма әлдене тығылып тұрғандай.



  • Жақсы бала еді,– деді Жансұлтан.
  • Енді бізді күлдіретін де ешкім қалмады-ау.
  • Шын-ау...

Басымызды төмен салған күйі ауылға қарай жөнелдік. Әлгінде ауыл жап-жақын жерде сияқты еді, енді алыстап кеткендей.



  • Екінші сабақтан соң барамыз,– деді Жансұлтан.
  • Мына Тектұрмастың бойына біраз дем алайық.
  • Мырзашқа не дейміз?
  • Азар болса, бір таяқ.
  • Корыққандарыңа жол әне, әп-сәтте мектепті адаспай табасыңдар.

Шөптің қатқан шағы болса да, өзен бойы көк шалғын.



  • Әне, Қарауылтөбеге көтерілді,– деді бір бала сұқ саусағымен көш кеткен жақты нұсқап. Қараң- қүраң етіп теңселген арбаның ықтасын жағында екі адам кетіп барады.

 


Ағараңдаған орамалдысы – шешесі, аласа бойлы- сы–Бектай. Бізді ауылдан көшкен алғашқы үй – осылар.


–Бектаймен қоштасқан күннің ескерткіші болсын.


Әр жыл сайын дәл осы жерге кеп қайтайық.


–Онан да хат жазысып, Бектаймен жолығып тұрайық.


–Дұрыс.


Мамыр табанымен көлеңкесін өлшей бастады.


–Екінші сабақтың қоңырауына аз қалды. Ұштық,– деді.



  • Мұғалімге не дейміз?
  • Өзі де білетін шығар.
  • Көкемізді көрістірер.
  • Мейлі.

Шұбырған күйі ауылға беттедік. Алма-кезек топ бастаймыз.


 


* * *


 


Түнімен кірпігім айқасар емес. Әкем сап беріп кеткен шағын екі бөлмелі үйдің іші қап-қараңғы. Тек алақандай терезеден себезгілеген ай жарығы ғана бөлменің жарты бөлігін ала көлеңкеге бөлеп тұр. Шым- шытырық сезім. Қос бүйіріме кезек-кезек аунаймын. Әншейінде шешем қабақ шыта күрсінсе, бая-шая бо- лушы ем. Енді өзім де соның кебін киіп жатырмын. Менен екі қадамдай арыда, түкпірде жатқан шешемді айтып түсіндіріп көр. Мырзашты даттасаң, екі қолын көкке көтеріп, қиқылдап-шиқылдап ұрсып әлек. Жалғыз менің шешем емес, тіпті ауылдағылардың бәрі Бектайдың анасындай біртоға шешімді емес. Иіліп төсек жайылып жастық. Онымен қоймай Мырзашқа бізді тұтқындап, тізгін-деп берді де қойды. Айтары бір сөз. «Еті сенікі, сүйегі біздікі». Бектай көшкен күнгі оқиғадан соң Мырзаш бізді класқа кіргізген жоқ. Қағаз-кітап салған қапшығымызды да өзі иеленді. Бас июге біз де құлықты емеспіз. Мырзаштың сол күнгі байсалдылығы ғажап. Аң-таңбыз.



  • Шешелеріңді шақырыңдар!–деді де, класс есігін жауып алды. Топ бала тағы да шүйіркеле кеттік.

–Менешкімді де шақырмаймын,– деді Жансұлтан.


–Өзі жұмыстан шаршап жүргенде, көз жасын көл қылып ренжітер шамам жоқ. Мырзаш өзінен-өзі келісімге келуге тиіс. Осыдан қара да тұр.


–Дұрыс шешім,– деді Мамыр.


–Онда тек қыздар мектептен қайтқанда ғана үйге ораламыз. “Ақ пен қызыл” ойнайық.


 


Топ бала жүгіріп, өзен бойына түстік.


Сөйтсек, мәселе шешілмепті. Ертеңгісін класқа кіргенде Мырзаш бізге жаман қабақ көрсетпеді. Тек екінші сабақ аяқтала «тұтқынға» түскенімізді бір-ақ білдік. Бұған дейін «жеңіс» біздің жақта еді. Қоңырау шыңғыр етіп соғылысымен есіктен жапырласып біздің шешелеріміз кіріп келе жатты. Партаға жантая кетістік.


–Бәрін бүлдірген қыздар,– деді Жансұлтан. – Қорлығы-ай, мыналардың,– дедім мен.


Содан кейінгі жай белгілі. Мырзаш – хан, шешелеріміз – қауым ел, біз – басы саудаға түскен құлдар. Қыздар – куәгерлер. Түсініп көр, бұл дүниені. Жазығымыз не? Бектайдың кінәсы қайсы? Шешем қатты ашулы. Бөлмеге кіріп-шығып, бұрқылдап жүр.



  • Сен несіне жетісесің, қу жетім,– дейді көз жасы мөлтілдеп. Менде үн жоқ. Ішім қара қазандай қайнап барады. Шыдамның да шегі бар ғой.
  • Бектайдың жазығы не?– деймін дау айтып. Шешем бұл оқиғадан хабардар. Жалт қарап, оқты көзін өңменіме қадады:
  • Намысқойын, мұның. Өз күніңді өзің көріп ал,– деп дауыстап қалды.

–Көріп жүрмін,– деймін күңкілдеп.


–Шикін-ай, ақылдысын мұның. Керемет болсаң, менің орныма жұмыс істе.


–Істеймін. Тіпті оқуыңның керегі жоқ.


–Не дейді?– Шешем ентелей басып жаныма жетіп келді де, шапалақпен жағымнан тартып-тартып жіберді. Көзінде жас. Жарылып кетердей. Безеріп тұрып алдым. Әншейінде жер тепкілеп үйді басына көтеретін менің анам бүгінгі мінезіме таң-тамаша күйі сылқ етіп, орындыққа отыра кетті.


–Ержеттім деп тұрсың ғой, ә?–деді кемсеңдеп. Шешемнің мына күйіне шыдай алмай, сыртқа шығып кеттім. Үйінді жусанның тасасында отыра кеп, ал жыла. Балалық жүрегімізді қан қақсатқан соғыс-ай! Жер дүниеде бар қарғыс сенің мойныңда. Көзімді со- нау әкем кеткен қасқа жол жаққа бұрдым. Шаңыт басқан сары дала. Бозаң жусан өскен тақия төбелер. Көлбеңдеген сағым бел.


Сәлден соң шешемнің даусы естіліп қалды.



  • Әй, Бейбіт-ай.
  • Мен мұндамын.
  • Жүгіріп барып су әкеле ғой.
  • Мақұл.

Екеуміздің ортамызда өткен кикілжіңнің ізі де қалмағандай. Тек кешкісін ұйқы алдында ғана:


–Ақылың бар ғой, құлыным. Жалғыз шешеңді ұрыстыра бергеннен не табасың,– деген.


Енді мен қараңғы үйде қан қақсап жатырмын. Ертеңгісін ояна келе байқағаным, жастығым су бо- лып қалыпты. Жылаған шығармын. Көздің жасы да. Жастығымды шешеме көрсетпей, бұрышқа көрпелердің астына жинадым.


Күз аяғы келе біздің ауылда күтпеген оқиға бас- талды. Таңның атысы, күннің батысы себелеген ақ жау- ын. Табиғаттың бұл тіршілігіне онша мән бермеген жұрт, алғашқы дүрбелең басталғанда санын бір-ақ соқты.


Жансұлтанның үйінің төбесінен тамшы ағып, іргесі дымданып, ақыры тал түсте жел кұлатқан жыртық күркедей жалп ете түсті. Тайлы-таяғымен барған жұрттың көргені, тек Жансұлтанның анасы- ның зар қағып жылағаны, досымыздың басын төмен салып шоқиып отырғаны. Бір айналдырғанды шыр айналдырады деген осы. Ат арба ұйымдастырылып, мектептің бір бөлмесі әкеп кіргізді.



  • Бәрін айт та, бірін айт. Қамбадағы астық шіритін болды,– деп Омарбек ертеңгісін мектепке келді. Жи- налыс ашты.
  • Ел ризығын жерге шашатын болдық.
  • Мектепті тараттық. Бар бала Ақдаладағы заготзерноға астық тасиды,– деді Мырзаш.
  • Ойбай-ау, мына жауында ма? – деді шешелеріміз.

 


 



  • Ештеңе етпейді.
  • Еркегі қайда, бұл ауылдың? Омарбектің шыда-

 


мы таусылды білем, дүңк етті:



  • Олар астық тиейді. Мырзекең – заготзерноға өткізуші. Мырзаш балалардың алдында тұрғандай қабағына ашу бұлтын қондыра, кіржің етті.
  • Өкіметтің жұмысы. Балалар өкіметтікі. Түсінікті болар, әйел жолдастар, – деді ол. Әйелдерде үн жоқ. Келіскен сияқты.
  • Жалғыз ұйқтай алмаймыз ғой,– деді әлдекімдер.
  • Оны қабағы ашылмаған құдайдан көріңдер, – деді Мырзаш.
  • Құдайдың салғанын көрерміз. Сөз осымен бітті. Үйді-үйге тарастық. Ертеңгісін өгізімізді арбаға жегіп, қамба алдында, тұрдық.
  • Аспанның түбі тесіліп кеткен бе?–деп, Құдаш ақсақал көк жүзіне көзін тігіп, табиғатпен ұрсулы. Әр үйден жинап құраған жиырма-отыз арбаның иесі өңшең бала-шаға. Қолдасып та, арқалап та науаны тол- тырып әлек.

Түс қайта топты арба аттанып та кеттік. Алда Құдаш бізше бастық, өзінше «сопробуждающий». Баяғы аузынан тастамайтын «переті». Қия бетке өрлейтін жол иір-иір. Өгіздердің қиналатын тұсы да осы Киікқабақ. Алғашқы керуен басының арба- сын белең басынан итермелеп шығарып, етекке түстік. Келесі сәтте екінші арба бізді күтіп тұрды.


Біраз уақыт өткеннен кейін керуен алға жыл- жыды. Амантөбенің басына шыққан соң, жап-жазық жол. Тынымсыз сіркіреген ұсақ тамшы. Басымызға шошақшалап киген қаптың өзі, сәлден соң қорғасындай ауырлай бастайды. Аудан орталығы Бекетпен біздің Жаңатоған колхозын бөліп түрған – осы Амантөбе. Алда келе жатқан Құдаш жерге қарғып түсіп, дауы- стап қалды.



  • Артқы дөңгелектеріңді байлаңдар. Кәне, тез.– Балалар асығыс күйі іске кірісті. Заготзерноға түсер бет – құлама. Жан-жақтап жүріп алғашқы арба сай табанына түсті. Артынша екінші, үшінші арба сапқа тұрды. Бекеттің қисық көшелерін аралай (біздің колхоздағыдай шаңдауыт емес) биік қақпалы үйге тірелдік. Жұрттың басы-аяғы жиналып біткенше, Құдаш бізді заготзерномен таныстырып үлгереді.
  • Анау шойын жол,– дейді құбыла беттегі қос рельсті нұсқап.
  • Біз астықты сонау мұнараға төгеміз. Оны ұшырып кептіріп, поезға тиейді. Сонан соң сонау алысқа алып жөнеледі. Біздің «Жаңатоған» колхозының да дәні Отан қамбасына түсіп, халық қажетіне жарайды. Ал түгелдендіндер ме? Жылжыдық. Сақ болыңдар! Қалада «жиен» атаулы көп болады. Мойындарыңа мініп жүрмесін.


  • Жиені несі?– деп сұрады Жансұлтан.
  • Ұрылар ше. Мұндайда адам атаулыға сену қи- ын. Құдаш шүңірек көздерімен бізге төне қарап, шоқ сақалы селкілдеп:
  • Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді,– деп күңкілдеді. Сонан соң:
  • Мен Мырзекеңді іздеп келейін. Көздеріңе қараңдар,–деді. Бүкшең-бүкшең басқан шүйкедей шал қақпадан кіріп кетісімен, топ бала жан-жақты ой мен де, көзбен де тінтіп кетеміз.
  • Москваға барады, мына поездар.
  • Әрине.
  • Шіркін, осы жерде тұрсам, паравоз айдар ем.

Сөйткенше Құдаш шалдың қарасы көрініп қалды.



  • Бірінші арба перет!– Соп-соптың астына алып, өгізді айдап жөнелдім.

Күн ұясына бата жаңбыр да саябырлады. Біз де тайлы-таяғымызбен жолға шығып үлгердік. Қиырға қызыл-жасылды кербез кемпірқосақ орнап қалыпты. Бұлт тасасынан шыққан күннің алтын нұры бел-белге асылып асқар тауды әсем бір күйге бөлеп, кұлпыртып жібергендей. Күмістей жылтыраған ойдым-ойдым шалшық. Арбаның дөңгелегінің әуеніне балалардың әлсін-әлсін ысқырып өгізді асықтыра айдағаны қосылып, тау аңғарын жаңғырықтырады. Жанымда отырған Құдаш қарт әлгі де мызғып, қалғып кеткен сияқты еді, енді ыңылдап ән айтып отыр. Не ойлап отырғанын кім білсін? Әттең осындайда Бектай болар ма? Күлдіріп, әзілдеп көңілді отырар едік. Шынында, мен Бектайды өмір бойы aшyланбайтын шығар деуші едім. Бекершілік екен. Пәлесі-ай өзінің. Бір-ақ күнде дауыл боп соғып, жол қуалап тартып отырды.



  • Ата, ата, әлгі Бектайдікіне барған жоқсыз ба? деген сұрақ аузымнан шығып кетті.
  • Есіме дұрыс түсірдің-ау, қайда жүр екен, сорлы бала?– Құдаш шал әжім-әжім жүзі қыртыстанып, ой- ланып қалды.
  • Болатын бала. Балалық жасамай оқып кет- се, шіркін. Тағы бір Мырзаш шығып жүрмесе алды- нан.– Қарттың жүзі қатуланғаны бірден белгілі. Көзі жыпылықтап кетті.
  • Есіріп кетті ғой, түге. Қаршадай бала қағанағын жарды ма? – Ойлап қарасам, Құдаш шал Бектаймен анда-санда жүз шайысып қалса да, оны өз баласындай жақсы көреді екен.
  • Досыңды көргің келе ме?–деді қарт күтпеген жерден.
  • Әрине, ата,– дедім қуанып кетіп.
  • Онда Киікқабаққа жеткен соң, арбаны Қызыл- ораққа бұр. Қалғандары жүре берсін. Таң бозынан ауылға жетсек бопты.

Қуанышым көл-көсір. Құдаш шалдың мойнынан құшақтап алғым келді. Бектай бізді қалай қарсы алар екен? Ойпыр-ай, шынымен қазір барамыз, ә?! Қызыл іңір қарауытьш, түнге ауысқан. Ауылдың төбеттері бөтен екенімізді білді ме, шаужайлай жүріп біраз жер ұзатып сап, екінші бір тобы қарсы алып жатты. Жау- ын тағы сіркіреді. Өгізді қақпайлап айдап, Құдаш шал шеттеу үйдің есігінің алдына кеп тоқтады.



  • Қартаймасам, осы үй Бектайдың нағашысынікі.

Кіріп шығайық.


Ерсілі-қарсылыүйдіңауызбөлмесіндегісығырайған балауыз шам, есіктен кірген ауаның лебімен жалт етіп өшіп қала жаздап, әупіріммен қалды. Сөйткенше құбыла беттегі бөлмеден Бектайдың анасының даусы шықты.



  • Бекен, біреу келді ме?– Кұдаш шалдың жаны- нан өте шығып, есікке жүгірдім.
  • Бектай! Мен Бейбітпін ғой.– Сығырайған жарыққа шыға келген ол ештеңеге түсінбей қалшиып тұрды да қалды. Танымаса керек. Малмаңдай су болған қарт екеуміз құдды көктен түсе қалғандай шығармыз.
  • Бейбіт!..– деді ол бір кезде.
  • Досым менің!– Екеуміз құшақтаса кеттік.
  • Шын сенбісің,– дейді ол.– Сағындым ғой, сендерді.
  • Мен де сені сағындым. Құдаш атам да. Ол кісі қайда?–Мен мұндамын, Бектай.– Бектай дауыс шыққан жаққа қарай ұмтылды. Туған атасындай оны да бас салды.
  • Ту, дәу жігіт бопсың ғой,– дейді Құдаш еркелетіп. Бұл екі ортада қарсыдағы есік шиқылдап ашылып, әлсіз жарыққа көзін көлегейлей тіккен Бектайдың анасы көрінді.


  • Тәте, тәте төркінің келді,– деді Бектай ақ жарқын дауыспен қуанышын білдіріп.
  • Оп, бәрекелді! Мынау Бейбіт пе? Жарқыным, амансың ба?– Бибі апа маңдайымнан сүйді. Құдаш қартпен сыпайы ғана:
  • Есенсіз бе?–деп амандасты.
  • Жоғары шығыңдар,– деді сонан соң. Адам- дар бір-бірін осынша сағынар ма? Арада өткен екі айға толмайтын уақыт бізді бір-бірімізге ынтықтырып қойғанын қарашы. Шағындау ғана бөлме. Төр алдын- да аласа столдың үстінде жетілік шынысы бар шам жылтырайды. Оң қабырғада пеш. Сол жаққа жүк жиналыпты. Лып-лып етіп от жанып жатыр. Бектай, маған, мен оған қарай береміз. Көздерінде жылт-жылт етіп қуаныш оты ұшқындайды. Әңгімені неден баста- рымызды білмейміз. Менің байқауымша, Бектай қазір

«Жаңатоғанды» көз алдына елестетіп отыр. Ауыл шетіндегі мыжырайған қорасы бар үйі. Әкесі майданға кетпей салған. Есік алдын күніне екі-үш рет сыпы- рып асық ойнайтын жайдақ алаң. Көлеңкесіне киіз жайып, күресетін едік. Бәрінен де мектептегі достар. Жансұлтан, Мамыр, Жеңіс. Сары бантикті әдемі қыз Раушан, Мырзаш мұғалім.


–Біздің мектеп сендердікінен жақсы,– деді Бек- тай –Төбесі шатырлы. Ағаштан салынған.



  • Мұғалімдері қандай?–дедім оқыс сұрақ қойып.

Аңдаусыз сөзіме өзім қысылдым.



  • Во!–деді ол әдетінше бас бармағын шошай- тып.
  • Ұрыспайды


  • Сөйтті де, біраз үнсіз қалды.
  • Мырзаш сияқты содыр емес.
  • Онда жақсы екен.– Күңкілдеп отқа жусан салып отыр. Жүзінен қабағының түйілгені бірден байқалды.
  • Осы сенің аузыңнан Мырзашың түспейді екен,– деді қыстырыла кеткен шешесі. Бектай. үндемей қалды.
  • Қазір біз ауданға бидай тартып жүрміз,–деді үнсіздікті бөлген Құдаш қарт.
  • Мына Бейбіт керуен басы,– деді мені сөзге қосып.
  • Шын бе, ей?– деді Бектай жұлып алғандай.– Оқу оқымайсыңдар ма?–Жауап орнына басымды изедім.
  • Қамбаның төбесінен тамшы ағып, әуре-сарсаңға түскен жай,– деді Құдаш.
  • Әттең, мен де бірге болмадым-ау!–деп күрсінді Бектай.

Шай соңынан Бектай екеуміз далаға шықтық. Әлгінде ғана түнеріп тұрған күн самаладай жарық. Жар- тыкеш ай нұрын ауыл үстіне төгіпті. Сонау бір қиырда анда-санда бір жалт еткен шыбық от. Қарақуыстан ескен жібек самал. Шөміштей иілген Жетіқарақшы.



  • Далаға жатайық,– деді Бектай. – Үйдің төбе- сіне төсек саламыз. Көптен бірге жатпадық қой. Жаздағы шөпте бірге ұйқтайтынымызды есіне алып тұр. Бектайдың шешесі біздің көңілімізді қимады.
  • Әй, жаңбыр жауса, тағы көшіп жүресіңдер ме?

Мейлің,– деді.


Түн. Ай Жетіқарақшыны айнала бастаған сәт. Көк жүзіне көз тастап, біраз жаттық. Самсаған жұлдыз төменге төніп түр.



  • Қазір күздің аяғы,– деді Бектай.
  • Иә.

–Қыс өтеді, сонан соң көктем, жаз, тағы бір күз келеді.


–Иә, тағы да.


–Сонда мен тура он төртті бітіріп, он беске шыға- мын. Ауылдан кеткеніме бір жыл толады. Солай ғой!



  • Мен алтыншыға көшемін. Сен өскенде кім болғың келеді?
  • Білмеймін. Ал сен ше?– Бектай тым-тырыс қалды.
  • Соттың оқуын оқимын,– деді сонан соң.
  • Бөс.
  • Оллаһи, шыным. Ойлап-ойлап соған тірелдім.
  • Неге өйттің?
  • Сот әрқашан әділ болады,– дейді тәтем.

–Ал, әділ болсын делік.



  • Мырзашты есіртпес едім. Әкесі жоқтарға әкіреңдеп есті шығарды ғой.– Сөйткенше Құдаш шал:
  • Әй, балалар, жақсы жайғастыңдар ма? Бейбіт ертеңгісін ұйқтап қап жүрме. Өгізге де көз қырыңды сала жат,– деді дауыстап.
  • Мақұл, ата,– деді Бектай менен бұрын жауап беріп.
  • Қазір ылғи беске оқып жүрмін,– деді сонан соң
  • Бұл жердің оқуы оңай ма?
  • Жоқ. Бәрі бірдей. Қәкима тәтейдей ешкім сабақ бере алмайды. Қандай мейірімді адам. Күйеуі майдан-

 


да қаза тауыпты. Әкесі жоқтардың қамқоры.– Бектай әңгімесін жалғастырды.


Құлағым досымда, көңілім түнгі даланы шарлап кетті. Шешемді ойладым. Ол да Бектайдың мұғалима апайы құсап жалғыз қалды ғой. Жансұлтанның шешесі. Maмырдың... Біреу, екеу, үшеу... Ұзын саны он жеті. Payшанның апасы. Әкенің бәрін қу соғыс жұтты ғой.



  • Ей, Бектай, сен ауылға қашан барасың?
  • Есейгенде бір-ақ,–деді Бектай біраздан соң. Таң қүланиектене Құдаш шал екеуміз аттанып кеттік. Бектайды оятуға қимадым. Таңқы танауынан ақырын- ғана дем алып, ұйқтап жатыр.
  • Сені шешең, мені кемпірім іздеп жатқан шығар,

–деді Құдаш қарт.


Қамбадағы астықты орталай, Омарбек Құдаш қартты басқа жұмысқа алып кетті де, ішіміздегі ере- сек Мамыр керуенбасы атанды. Таң бозынан жүріп кетеміз. Қас қарая жұбымызды жазбай ораламыз. Алғашқыда шаршап кеп, сілеміз қатып мұрттай түсетінбіз. Келе-келе үйрене бастадық. Шүберек дорбаға нан мен сүтімізді кешкісін даярлап қойып, таң бозынан көзді тырмалай ашып, өгізге жүгіреміз. Жаңбыр толастар емес. Ауық-ауық қара қошқыл бұлт төніп келіп, құйып-құйып жіберіп, аяғы сұйылып шыға келеді. Артынша тағы бір тобы төпейді кеп.



  • Дәнге су тигізбеңдер! Көздеріңе қараңдар! Өткізу қиынға түседі. Өкіметтің наны,– дейді Мыр- заш кісімси. Бас изеуден басқа шара жоқ. Кейінгі кез- де бір байқағанымыз, мұғалім арақ ішіп алатын сияқты. Көзі кілегейленіп, аяғын шалыс басып, тілін шайнай сөйлейді. Мұндайда бізге тым қатал, бөтенге өте жұмсақ. Әзілкеш.

Сол күні тал түсте астық пунктіне жеткенде Мыр- заш мені көңілді қарсы алды.



  • Қалай жеттіңдер!–деп сұрады ол.– Қамбадағы астық бітетін түрі бар ма?

–Төрт-бес күнде бітеді,– деді керуен басы Ма- мыр.



  • Өткізуге кірісіңдер!–деді сонан соң басқаларға қарап.– Сен Бөлдекбаев, соңғы арбасың.
  • Мақұл.
  • Ал, Мамыр, мыналарға бас-көз бол.

Керуен легі қақпадан өтіп болған соң, Мырзаш менің жаныма келді.


–Аналар бидайын төгіп кете берсін. Біз нағашым- ның үйінен тамақ ішеміз.



  • Бидайды ше?

– Қабылдаушы түскі тамакқа кетеді. Бүгін мен де үйге қайтамын. Жеңгең сағынып қалған шығар.– Келіспей гөр. Мырзаш жаяу жүріп, мен өгіз арбамен артынан ілесіп келемін. Шамасы, арбаға отырғанға намыстанды білем. Бейтаныс мекеннің әр үйі таңсық. Ауық-ау аузым аңқайып, әлденеге қарап қалсам, Мырзаш шала бүлінеді.



  • Көзіңе қара!–дейді тіксініп. Ақыруға қымсын- ды. Ары-бері сенделген жұрттан ұят. Ирек-ирек көше таусылар емес. Ағаштан салынған үйлер, қаңылтыр шатырлар, биік қақпалар. Алмалары жыпырлаған мәуе ағаштар. Әскердей тізілген сым бағаналар. Қалашық- тың шетіне шыға Мырзаш мені тоқтап күтіп алды да, қарғып арбаның науасына қонды.

 



  • Келіп қалдық. Анау үй.

Жан-жағын тал бүркеген ағаш қақпалы үйге жа қындағанда Мырзаш лып етіп арбадан түсті де, аулаға енді.



  • Сәл күте тұр,– деді сонан соң маған бұрылып. Мырзаштыц бүгінгі мінезіне таңмын. Ұшып-қонып жүр. Тым елпілдек. Қабағын шытқанымен, құр қоқанлоққы сияқты.

Сәлден соң қақпа айқара ашылды да, жүгіре шыға қап, Мырзаш өгіздердің ноқтасынан жетелей жөнелді.



  • Айда!–деді ол сыбырлай дауыстап.
  • Осы жерде тұрғаны дұрыс, ағай,– дедім мен.
  • Бол тез!– Бұл жолы даусы зілді шықты. Арбадан қарғып жерге түстім. Әп-сәтте арба кең аулаға кіріп, қақпа тарс жабылды. Мырзаш не істейін деп жүр? Жанында қапсағай денелі адамға Мырзаш арбаны нұсқайды. Ол бол- са, күрегін бекем ұстап, науаға шығуға ыңғайланған. Мыр- заш ұры деген ой сап ете қалды. Ішіп жүрген арағының мәні енді мәлім. Үкіметтің астығы деп зар қағатыны қайда, мұның? Не істеу керек? Арбаны иесі мен емес пе? Адам осынша азғын атанады екен-ау. Жеделдей басып жанына жеттім. Мырзаш мені адам деп елер емес. Қаптың аузын айқара ашып түр. Үй иесі апыл-құпыл салып жатыр.
  • Бұларың не?– деп дауыстап жібердім.– Үкімет- тің астығы емес пе?– Мырзаш әлденеден оқыс шошығандай қапты қоя беріп, басын жерден жұлып алды.
  • Ақымақ бала! Ағасымен қалжыңдаспайды. Өткізетін мен, әкелуші сен. Қабылдайтын Сәкең. Со- лай.– Даусы ызбарлы шықты.

 



  • Сенің аузың берік жігіт екеніңді білем, Бөлдек- баев.
  • Мен сіздің ұры екеніңізді білмеппін.
  • Не дейді?
  • Сөйдеймін.
  • Жағыңды ұсатып, тіліңді кесейін бе, сенің?

Мырзаш тұра ұмтылып еді, ортаға Сәкең түсті.



  • Бала дұрысын айтып түр,– деді Мырзаштың кеудесінен итеріп.

–“Балалы үйдің ұрлығы жатпайды” деп айтпай ма, қазекең. Астығыңның керегі жоқ. Ұры деп тұр сені.– Мырзаш қапқа өзі жармасып, бидайды түсіре бастады.



  • Ұрлық емес, Сәке. Ақшасының керегі жоқ. Ол бала ертеңгі күні астық жетпесе, маған көмектеспес.
  • Ә, мына ойың дұрыс. Қазақтың баласымыз ғой. Кілетімді аямаймын. Астық жетпеген күні өзің әкетесің. Бірақ балапан үшеуміз ғана білейік. Әйтпесе тордың ар жағында отыруға ешкімнің зауқы жоқ,– деді үй иесі байыппен басып кеп, табалдырыққа отырып. Үшеуміз дай-даймыз.
  • Сәке-ау, өзің білесің, нық сүйенері жоқ жан- мын. Су бидай. Жетпей қалса, желкем үзілмей ме? Қателік менде де бар. Әлгінде баласынып сырымды айтпап ем.
  • Енді жөніне көштің. Анау ақырға төк. Көз көрген таныссың. Бір дәнін алмаймын. Міне, бала куә,– деді Сәкең сөзін нықтап. Шым-шытырық дүние. Тай- талас. Мырзаш ертеңгі күнін ойлап, астық қаптап жа- тыр. Үй иесі таныстығын айтып, басын арашалауда. Ал менікі не тұрыс?
  • Бөлдекбаев, мынаны ел көрсе, сен де сау құтыл- майсың,– деді бір сәт Мырзаш.
  • Өзің де енді елге үндей алмайсың. Қақың қанша?
  • Мырзаш сөзіне зіл тастап, күшене сөйледі.
  • Ал мейлің, өзің біл. Мен көзімді іліп алайын. Алақаныма жылан ұстағандаймын. Өне бойым дір-ді етеді.
  • Аға, ақшаны өзіңіз алыңызшы. Мен ешкімге ештеңе демеймін.– Мырзаш басын қайта көтеріп алды.
  • Баламысың деген. Мына түріңмен жалғыз шешеңді қалай асырайсың?– деді ол таңданған пішін таныта. «Адал еңбегіммен» деймін ішімнен күбірлеп.
  • Ұйқтап барады екенмін түу, балақан-ай,–деді сонан соң өп-өтірік. Шарасыз басым, не істейін? Өз бармағымды өзім тістедім. Өшімді өгіздерден алып сыбап келемін.

Ауыл ішіне кірген сон, Мырзаш «тоқта» деп әмір берді.



  • Осы жерден түсіп қалайын. Ақылды адам бай болады. Өзіне жаның ашымаса мейлің. Тек елге кәкір жасама. Уәде осы жерде қалады. Әкел алақанды.– Дәрменсіз күйі қолымды ұсына бердім.
  • Ақылың кірді, білем. Оқуды менде оқисың ғой. Ол зымиян күлкімен кері бұрылды. Ішінен түк қалдырмай сыбап бара жатқанын сездім. Ол жеңді. Мен жеңілдім. Салым суға кетіп, үйге оралдым. Асты- үстіме түсіп жайымды сұраған шешеме:
  • Шаршап тұрмын,– дедім. Мені қалжыратып тұрған калтамның түбі. Мырзаш күштеп тыққан көк ақша.

 


Не істеу керек? Тамақ соңынан кән үстіне жантая кеттім. Сәлден соң шешем қор ете түсті. Еппен турып аяғымның ұшымен басып, сыртқа беттедім. Жетілік шая сығырайып жанып түр. Үйді айналдым да, ке- шеу көктемі де шешем екеуміз құйған үйінді тезектің тасасына сығылып отырып, сіріңке шақтым. Шешем көрсе, соңымная қалмайтыны анық. Демімді ішіме тар- тып, қалтама қолымды салып, бүктелген көк қағазды алып шықтым. Жүз сом. Ұрлық ақша. Өн-бойым мұздап кеткендейі. Шырпының отына ұстай бердім. Мақтадай жанған «олжа» күлге айналғанда, «уһ» деп орнымнан тұрдым. Әлдекімге сыйға берсем, ол да ұрыға айналар. Өзімен-өзі кетсін. Жүгірген бойы үйге кірдім де, төсегіме қисая кеттім. Бойым жеңілденіп қалған сияқты. Әлсін-әлсін «өзімен-өзі кетсін бәлекет» деп шешемнің жаттанды сөзін қайталай бердім.


* * *


 


Адам өз арманына өзі қожа. Содан бері талай жылдар өтіпті. Аршынды апталар, ат желісті айлар, жылжыған жылдар. Ой тұңғиығында отырған мені ав- тобус тежегішінің шиқылы бөліп жіберді. Бұл екі ортада қолында түйіншегі бар, шоқша сақалды, қарашұбар шал есіктен еніп келе жатты. Ыңқылдап, гүрсілдеп, жастау жігітке орын беруін ымдап өтінді. Анау да бір мың жасағыр екен. Атып тұрды. Нықтана отыра беріп, мыжырайған сабан қалпағын автобустың алдындағы белдемшесіне лақтырып тастап, қолымен маңдайын сүртті.



  • Өстіп жүріп бір күн жер астына кетеміз-ау,– деді сонан соң.
  • Мә, сенің де несібең бар ғой.– Қалтасынан бір сарқүлақты алып, автобус жүргізушінің алдына таста- ды. Шофер жақтырмады білем, жаман көзімен оқтала қарады да, қайта бұрылып кетті. Алдымда отырған жанның бірі әзілдеген боп:
  • Еңбекпен тапқан дүниенің өнбегі бар-ay, ақсақал,– деп күліп еді, қара шал бетіне бажырая қарады.
  • Өнбегін бірақ дәл сен білмейсің,– деді мырс етіп күліп.

–Сапты аяққа ас құйып, сабын сақшы заман емес пе? Заманың түлкі болса, өзің тазы бол. Ex, ex... ей.



  • Қателесесіз, Мырзеке,– деді жігіт оның бет- жүзіне қарамай. Мырзеке. Оқыс селк еттім. Мынау Мырзаш па? Дәл соның өзі ғой. Ешкі бас, қушиған жақ. Кауқиған шал бопты ғой. Баяғы шаласауат, Бек- тайды қуған озбыр мұғалім Мырзаш.

Ойымды жігіттің сөзі бөлді.



  • Қартайсаңыз да мұғалім күнгі мақалыңызды ұмытпапсыз,– деді ол даусына зіл сала.
  • Сол мақалдан жаман боп отырсың ба?– деді Мырзаш. Әлгі жанның сөзі сонымен тынды.

Ішімнен:



  • Сені есірткен соғыс қой,– дегім кеп кетті. Орнымнан түрып, жақындауды ыңғайсыз көрдім. Автобус «Жаңатоған» совхозының кеңсесінің алдына кеп тоқтағанда, Мырзаш жерге бірінші боп түсті. Бар ынтызарым алдымда келе жатқан жаңағы бейтаныс жігітте. Елді итермелей соған қарай ұмтылдым.
  • Сіз Жансұлтансыз ба?– дедім мен оның қарсы алдына тұра қап. Ол жүзіме аңтарыла сәл қарап түрды да, басын изеді.
  • Сен Бейбітсің бе, жаным-ау?!
  • Иә, менмін. –Екеуміз құшақтаса кеттік. Ажырай бере бір-бірімізге таңдана қарап, қайта қауышамыз.
  • Күтпеген кездесу. Әу, Мамыр қайда?–деймін мен қуаныштан есім шығып.
  • Осында инженер.
  • Жеңіс ше?
  • Көрші колхозда агроном.
  • Раушан ше?
  • Ауруханада бас дәрігер.
  • Әу, үйге жүрсеңші. Тентектерді көр.
  • Барамын, барамын.

 



  • Әлгі өзіміздің Бектай ше?
  • Ол ма, ол аудандық халық соты. Құдаш шал осы- дан үш жыл бұрын дүниеден өтті. Әне, анау мүғалімің Мырзаш.– Қүнжың-күнжың етіп қоржынын көтерген ол бізден ұзап кетіпті.
  • Қазір пенсияда. Совхозда ахран. Түкірігі жерге түспейді.– Жансұлтан жымия күлді. Біздің алдымыз- да шежіресі мол, балалықтың бал қаймағын бөле есей- ген, туған аулымыз жатыр.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу