08.02.2022
  141


Автор: Шәкен Күмісбайұлы

ТАҒЫ ДА ЖОРЫҚ. ОРТАЙ АҒАЙДЫҢ ӘҢГІМЕСІ.

 


Керней тартылып, барабан дүрсілдей соғылды. Ба- лалар күркеден шыға, орталық алаңға жүгірді. Сәлден соң рапорттар беріле бастады.



  • Құрал-жабдықтарың сай ма?
  • Сай!– дедік бірауыздан.
  • Алға!

Үш құрам бірінің артынан бірі тізбектеліп, бетке өрледі. Алдыма қарадым. Сапар қайда? Көкәны түртіп қалып, сыбыр еттім. Ол басын шайқады. Әуес те, Бо- лат та бейхабар. Отряд бұл жолы бейітке соққан жоқ. Бір шақырым жердей қашықтықтағы жотаға шықтық. Төменге көз тіктім. Бейіт алдында арба тұр. Төскейде шабдар ат жайылып жүр. Жер ошақтың басында бейтаныс әйел. Буы бұрқыраған қазанның маңында күйбеңдеп әлек. Жанында басына әлдене бүркенген бала. Шешесі жетектеп апарып арбаға отырғызса, бала қоярда қоймай жылап етегіне жармасады. Ақ сәлделі көрінбейді. Бұл адам неге жұмыс істемейді? Аяғы ақсақ, қолы шолақ, көзі соқыр болса, бір жөн. Онша кәрі де емес. Атам айтпақшы, тепсе темір үзетіндей адам. Кенет сүрініп етбетімен түстім. Тізем тыз етті.



  • Тапқан олжаңның жартысы менікі,– деп күлді Әуес.
  • Ақ сәлдеңмен қоса құры,– дедім бұрқ етіп.
  • Тсс,– деді нұқып қалған Әуес.
  • Міне, Саға жолдың басы,– деді Ортай ағай Селдейдің жарқабақты жағасындағы ескі сүрлеуді көрсетіп. Қиыршық тастар. Шырмала өскен қой бүлдірген сабақтары. Қиядан саулаған ұсақ тастар ойпаң жерлерді көміп, жол табаны дөңестеніп, шөп басып, кейбір бұрылыстар қияға айналыпты. Төменде, құдық түбіндегі судай жылтырап, Селдейдің арнасы көрінеді.

–Белдеріңе арқан байлаңдар! Сақ болыңдар. Тас көшкінін байқаңдар!– деген әмір естілді. Әп-сәтте балалар дайын болды. Көгеннің түйіншектеріндей әредік-әредік бой көрсетіп жоғары өрледік. Ирек- ирек ескі сүрлеу. Самұрыққа ұқсаған құз. Алып түйенің өркешіндей найза тастар. Түбі шіріп, құлаған қарағайлар. Қыздар тау өсімдіктерін жинаумен шұғылданса, ұлдар түрлі-түсті тас теріп келеді. Өзеннің арғы бетіндегі биік жардың беті бытыра оқ тигендей шұрқ-шұрқ. Гуілдеген жабайы көгершіндер.


Сәлден соң жол ауырлай түсті. Аңғар-аңғар құз қияны артқа тастап, биікке өрмелеп келеміз. Бізді тура кәнігі алпинист дерсің.


Биік белеңге іліне: – Жарты сағат демалыс!– деген Ортай ағайдың даусы естілді. Төменге көз тастаймын. Шексіз дала, егін аңыздары. Әрлі-берлі зуылдаған ав- томашиналар легі құмырсқадай құжынайды.



  • Анау біздің шатырлар,– деді Көкә өзінен-өзі қуанып.
  • Шошақ бейіттің ұшы ғана көрініп тұр.-
  • Сапар не істеді екен, ә?– деді күрсінген Әуес.
  • Ағай, енді қашан жетеміз?
  • Жарты сағаттық жол қалды,– деді аға во- жатый.
  • Тамақтарыңды ішіп, әлденіп алыңдар.

 


Сәл тыныққаннан соң, Ортай ағай ортаға шықты.



  • Анау қияны Киікбелең дейді,– деп бастады ол әңгімесін.– Соның арғы жағына біз барған қорғаныс шіебі тиіп тұр. Мына жол қиыр беттен барып, тура түбінен шығады. Осы сүрлеумен жергілікті халық Қытайға ауған. Талай аттар аяғы тайғанап, қыстыгүні құзға құлаған.

Біраздан соң жол ойламаған жерден түйыққа тірелді. Жылқыжон белдеудің үстімен жүре отырып, ені екі-үш метрдей жыраға келгенде бәріміз тұрдық та қалдық. Төменге көз тастасаң, басың айналады. Селдейдің арнасы ақ толқын атып жатыр.


– Жыраның ең тар жерін таңдаңдар, ағаштан көпір саламыз,– деді Ортай ағай.


Біздер іске жұмыла кірісіп кеттік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу