08.02.2022
  480


Автор: Шәкен Күмісбайұлы

АППАҚ ДҮНИЕ, АҚ ҚАН, АҚ КӨЙЛЕК - Қуанышты хабар

"Ақсарбас, Ақсарбас. Шынымен көруге жаздың ба? Ил-лахи, айтқаның келсін. Жанымның садағасы. Екі қарғамның арқасы, қарайып жүргенім. Сүйіншіңді ал. Қалағаныңды айт!"


Апамның қуанышында шек жоқ. Көл-көсір. Шал- бар-шалбар әжім жүзі тегістеліп кеткендей. Оқалы камзолының қалтасына қолын салып жіберіп, ұқыптап түйілген түйіншекті алып шықты. Қолына ұстаған таяғын екінші қолына айырбастап,"ап, бісімілләсін" күбірлей, хат тасушы қызға:



  • Әй, құлыным. Мынаны жазып жібер,– деп ұсына берді. Сүйінші сұрап, өзін қуантқан жанға, дәл осы сәтте бар дүниесін арқалатып жіберердей.

  • Aпa, апа. Сіздің қуанғаныңыз, біздің қуанғаны- мыз. Біз үшін сол мәртебе, рақмет, апа,– деді хат тасу- шы қыз тартыншақтап. Сөйткенше апамның жанары- нан от ұшқын жылт етті.

  • Әй, кімнің баласысың?-деді сонан соң қарсы алдында тұрған қызға қарап.

  • О, заманда бұ заман ата-баба жолынан жыра қашқан сені көрдім. Шоқынғандар шоқына берсін. Бірақ айтқанымды орындаймын...


Апам таяқты жерге тастай беріп түйіншекке жар- масты. Хат тасушы қыз, қарсысында тұрған шүйкедей қара кемпірдің ызбарынан сескенді ме ыңғайсыздана төмен қарады.



  • Көлденең пайдам емес. Берігім мен Серігімді бірін жетектеп, бірін арқалап жүріп еңбек етіп, маңдай теріммен тапқан пенсиям. Кедей боп қалмаймын. Құдайға шүкір, баршылық, – деп апам қос көк қағазды қызға ұстата беріп:



  • Ал, қарағым айтуға да аузым бармайды. Рақила кемпірдей қолымды көкке жайып, аңырап қалсам қайтемін. Қыздың көзі адырайып, біресе апама, біресе маған қарады.

  • Апатай, оның жолын ары қылсын,– деді сонан соң, күңк етіп.

  • Оп, бәле. Осылай десеңші, құлыным...


Ех, дүние-ай, Рахила апамның көрген күнін ешкімнің басына бермей-ақ қойсын. Осыдан бір ай бұрын құрсаулаған бұл қайғы, біздің "Аққайнар" бөлімшесіне үлкен қасірет әкелді ғой. Әскердегі Жұмабай деген Берік ағамның қатарлас жігіттің денесін жәшікке жасырып, үш әскер машинамен алып келгенде, бәріміздің қабырғамыз қайысты. Алып қашпа сөз де көп еді. Біреуі "ауырыпты" десе, екіншісі "мылтықпен атып алыпты" десті. Қайсыбірі: "Танкінің астында қалыпты" деген қауесет таратты. Елдің аузы- на тиым бар ма? Түймедейді түйедей қып жеткізбесе іші кебеді. Өлімге кепіл болар хабарлама қағаздың да жөн жоралғысы түсініксіз. "Сіздің ба-лаңыз Жұмабай Қартайұлы әскери қызметті орындау үстінде қаза тап- ты. Н. бөлімшесі, полковник Егоров" деп жазылыпты. Рахила апаның қайғысы бір басына жетерлік еді ғой. Қылтамақ ауыруына ұшырап келіні қайтты. Тұңғышы Бекайдар авариядан көз жұмды. Енді кеп кенжесі мына қасіретке ұшырады. Рахила апай төрт керегені күзетіп, өлі мен тірінің арасында күн кешіп жатыр.



  • Тірі жүрген соң пенде шіркін тірлігін жасайды,–


деп апам жас кезінен бірге өскен Рахила кемпірмен мұңдасып отыратын...


Сөйткенше апамның:– Әй, Секентай! Үйге қайттық. Ел-жұртты, көрші-көлеңді қуантайық,– дегені естіліп қалды. Хат тасушы қыз жылжып жүріп кеткен.


–Таяғымды әпер. Біз де елміз, жұртпыз. Той- томалаққа дайындалайық. Ана Байғожа нағашың- дікіне, Бисара абысыным, е... Беріктай, Серіктай. О құдайым-ай. Е... кім еді. Есіркегенмен, Ұланнан, Төлеубектен сүйінші сұра! Ертеңгі күні өкпелеп жүреді. Байғожа үйге келіп кетсін. Ақылдасатын шаруа бар.


Апамның өмірін зейін қойып тыңдауың шарт. Әйтпесе ағаш таяқ төбеңе ойнайтыны анық. Ұшып жөнелдім.


–Әй, Сәкентай. Ойнап жүріп қалма. Үйге тез орал. Сонау қиырдан арып-ашып келеді ғой,– деді апам артымнан дауыстап.


Үш-төртүйдіңесігіненкіріп, төрінешығып, ауылдың шеттеу жағын мекен ететін Байғожа нағашымның үйіне бұрыларда, ойда жоқта Бақыт кездесе кетсін. Әншейіңде ұрыншақ, жұдырығына жүгінетін ол, мені қайбір дұрыстап қарсы алды дерсің. Ағаштың таса- сынан шыға келіп: – Әй, қарапұшық. Атыңның ба- сын бері бұр,-деді қоразданып. Жоқтан өзгені сұрап, көркейдей күжірейіп тиісетін әдеті. Айтқанына көніп, айдауына жүрмесең, мектепке барғанда, «есеп айыры- сатыны» тағы бар.– Бұл жаққа сені қай құдай айдап келді,– деді ол жанындағы балаларға сестене қарап.



  • Берік ағайым, әскерден қайтып келе жатыр. Жеделхат алдық,– дедім тақпақ айтқан оқушыдай тақылдап.

  • Е, солай де. Жөн-жөн. Оу, ол ағаңның әскерге


 


кеткеніне бір жылдан жаңа ғана асты ғой. Демалыс алған шығар,– деді ол ойлана күбірлеп.



  • Біржолата ауылға оралады,– деймін мен.– Түу, не деп тұрсың. Бұл бөлімшеден әскерге аттанғандардың тізімі мына менің алақанымда ғой,– деді мізбақпаған Бақыт.

  • Осы нені біледі дейсің,–деді миығынан күлген Асқар деген бала мені кекетіп. Бақыт досының қылығын жақтырмады.

  • Енді жетпеген сен қалыпсың,– деп түйіп тас- тады.

  • Серік-ау, ағаңды әскерге Абдалыға екеуміз шығарып салған жоқпыз ба? Онда күз еді. Қазір жаз. Өзің есептеші. Сенбесең сол жолы мен боксер қолғабын сатып алғанмын. Апаң үшеуміз Бектайдың машинасымен қайтқанбыз,–деді ол қолмен қойғандай дәлелдеп. Мойыңдамасқа шара қалмады.

  • Ия, солай екен,–деп басымды изей беріппін.

  • Берік ағаң, яғни әскерде жақсы қызмет еткен.


Өзі қандай бөлімде еді?– деді Бақыт.



  • Шекарада, – дедім өтірік қосып жіберіп.


Құтылмақ айлам ғой.



  • Түсінікті, – деді Бақыт күңк етіп.– Шпион- дарды үстаған екен.

  • Кім біліпті? Ау, жолымнан қалдым. Апам әңгір таяқ ойнатады, – дедім асығып.

  • Онда жолың болсын! Ағаң әкелген сәлем- сауқаттан құр қалмайын,– деді Бақыт. Басымды изей- изей сырғи бердім. Ішім қыжылдап барады. Бақыттың шыны ма, сандырағы ма? Расында, айна қатесіз. Күзде аудандық әскери комиссариатқа Бақыт екеуміз бірге


 


барғанымыз, тайға таңба басқандай анық. Сонда Берік ағайым демалысқа келе ме?


Байғожа нағашым қуанышты хабарды ести сала жеңіл машинасын от алдырды. Күні нақ төбеден асып, көкжиекке еңкейген. Аптап басылып, ауыл маңы қоңыржай тіршілікке енген.


–Қазір, уақыт сағат бес жарым. Абдалыға автобус жетіде келеді, – деді ол. – Алдымен апаңа жолығып шығайық. Сонан соң да жиеңді қарсы алуға үлгереміз. Үй ішін дүмеп алған жүрт. Есік алды бұрқ-сарқ қайнап, екі иінінен демалған самауырындар. Көрші келіншектер бауырсақ пісіріп, Бекетай сарыбас ісекті сойып жатыр. Жүздері жарқын. Әзіл-қалжың айты- сып, күлісіп қайшы алысқан жұрт. Шіркін-ай, біздің үй


күнде осындай қуанышқа бөленіп тұрса екен деймін.



  • Ал, біз кеттік,– деді апамды үйден ертіп шыққан Байғожа. Бар істі тыңдырған, көңілі тоқ адамның кейпін танытады.

  • Азық-түлікті өзім ала келемін. Қыңқ етпеңіз.


Көмекшім де бар.



  • Оның кім тағы? – дейді абдыраған апам.

  • Мына жиен ше? Дәп-дәу жігіт емес пе? – дейді Байғожа көзін қысып.


–О, танауыңды ұрайын. Бауырын қарсы алуға бара жатқан екен ғой. Ал жолдарың болсың! Абайлан- дар,– деді апам бізге сәт тілеп. Жеңіл машина орны- нан ытып жөнелді.


Жол таусылар емес. Апшысын қуырған көлігіміз бір белеңді артқа тастаса, екіншісі қарсы алады. Сарыбалақ егін, көкорай шалғынды алаптар көкжиекке еңкейген күн. Аспанмен астарласқан ұшы қиырсыз дала. Аппақ бұлттар. Ағайымды көз алдыма елестетіп келемін. Ұзын бойлы, қақпан жауырынды, иығына екі кісі мінгендей ірі шығар. Әскерге аттанғанша, таң бозынан тұрушы еді. Турникте ойнап, гир көтеріп, ары-бері жүгіріп, дамыл таппайтын. Ондайда апам: –Ағаң түйе палуан болуға дайындалып жатыр, – деп мысқылдайтын. Мүмкін сүйсінгені де шығар. Жұмыс десе ішкен асын жерге қойып, Берік апамды тыбыр еткізбейді. Үлкен кісінің бұлданатыны-таңертең ерте тұрып, сиыр сауғаны. Ағайым құрылысқа жұмысқа кеткенде, турникке тарты- ламын. Ал, шойын темірді көтеруге шамам қайда? Зіл батпан. Жер тістеп жатып алады. Берік ағам өзгерді ме екен? Әскердегі тәртіп, адамды ширатып, есейтеді деуші еді. Күтпеген жерден Бақыттың күдігі ойыма түсе кетті.


–Аға, аға. Осы Берік ағайым демалысқа келе жа- тыр ма? – деймін.



  • Е, неге? – деді Байғожа нағашым жалт бұрылып.

  • Біржолата оралады. Ие, солай жазылған.

  • Әскерде екі жыл қызмет атқармай ма? Теңізде үш жыл.

  • Дұрыс, – деді Байғожа нағашым. Сөйтті де ой- ланып қалды. Сәлден соң:


–Ойпыр-ай, түсім бе, өңім бе. Берік кеткелі бір жыл жеті ай өтіпті, – деді күмілжіп.


–Түсінсем бүйырмасын. Зырлап бара жатқан уақыт-ай, тіпті зер салмаппын. Жо... жоқ. Жеделхатта анық көрсетілген.


Байғожа нағашымның бүркіт қабағы түйіліп сала берді. Машинаның спидометрі жүзге қарай ойысты. Шамасы Берік ағама кездесуге асыққан сияқты. Жөн- жосықты тезірек білмек қой. Әлсін-әлсін:


–Ой, астафыралла-ай. Мен ақымақ па, әскер ақымақ па, – дейді күңкілдеп.


 


Күн көкжиекке жартылай ене, біз Абдалының ав- тобус тоқтайтын шеттеу жағындағы мекенге іліндік. Құж-құж халық. Өткен-кеткен автобус легі. Кенет:



  • Серік, Секентай, – деген таныс үн естілді. Анандай жерде, қолында чемодан ұстаған Берік маған күлімсіреп қарап тұр.

  • Берік аға! Жанұшыра жүгіріп барып кеудесіне асыла кеттім. Байғожа қалбалақтап бетінен сүйіп жа- тыр.


Өз көзіме өзім сенер емеспін. Ағайым өзгеріп кет- кен сияқты. Әлде үстіне әскери киім кигеннен бе екен? Жо... жоқ... Көз астымен ұрлана қараймын. Кешегі гүсірдей денесі еңкіш тартқан. Қос иығы қушиып, белі тартылып, шөмиіпті де қалыпты. Бәрінен де жүзін айтсаңшы. Жағы суалып, сүйегі адырайып, көз алды көгеріп, екі ұртына құж-құж әжім үйелепті. Кешегі күні қос беті алмадай қызарып, жүзі жарқылдап тұрған жап- жас жігітті әскер шіркін не жасап жіберген? Сорайған бойы ғана қалыпты. Бүкіл бетін иелік етіп, қоңқайып мұрны көрінеді. Бұл не сұмдық? Әскер тәртібі де оңай емес-ау. Бөтен жер, бөгде елдің іші. Өзіме салса, біздің Аққайнарды ат басыңдай алтынға айырбастамас едім.


–Ауылға келдің. Өз елің, өз жерің. Көрген қиыншылықтарынды әлі-ақ үмытасың. Шешеңнің де сақтағаны мол шығар. Әлі ақ тыңайып кетесің, – деді Байгожа нағашым менің ойымды дөп басып.


Аң-таңмын. Сұрауға батылым жетер емес. Түсініксіз шым-шытырық жұмбақ. Оның үстіне ағайым, мерзіміне жетпей ауылға оралып келе жа- тыр. Байғожа ағайым жауапшы. Берік сұраушы. Бір байқағаным, ағайымның қабағы қатыңқы. Көздерінің түңғиық түкпірінде мүң тығылып жатқандай. Шаршағанның белгісі деуге аузың бармайды.



  • Берікжан-ай, біз Секенай екеуміз бір нәрсеге түсінбей келеміз, – деді Байғожа нағашым әңгімені төтесінен бастап. Ағайым "Не айтасыңдар" дегендей екеумізге аңтарыла қарады.

  • Әскерде міндетті өтеу мерзімі қысқарған ба?

  • Түсінбедім, аға,– деді Берік.

  • Мына сен бар ғой, елге бір жарым жылдан соң біржолата қайтып келе жатырсың.


Бізге білдіртпеген боп, Берік ағайым қабағын кіржің еткізді.


–Біздің бөлімше құпия әскер тобы ғой. Сонан соң... – деп күмілжіді ол.


–Солай де. Дегенмен де естіп білмеген жай екен,– деді Байғожа нағашым әңгімеге жетектеп.


–Ух,– деді ағайым.– Өзіңізге кейінірек айтып түсіндіремін. Әскери құпия ғой, аға.



  • А... Онда жөн екен. Байғожаның жүзінен күдік табы тебіндеп шыға келді. Сонда да білдірмегенсіп, жүзін жолға бұрды да, көмекейін көрсете күліп жіберді.

  • Біз де әскерге бардық қой. Оның үстіне ту десе, түкірігі жерге түспейтін пехота. Қазір өзі неше түрлі әскери бөлімдер қаптап кетті. Көріп білмеген әскери техника.


–Ия, техника, – деп күрсінді Берік.


Сәлден соң орындыққа қисая отырып ағайым қалғып кетті. Ауық-ауық ауыр демалып қояды.



  • Секен-ай, – деп сыбырлады Байғожа нағашым Берікті нұсқап.

  • Адам болғанынан айналайын. Құдды Бекмырза


 


әкесі сияқты. Мінезі ауыр, салмақты да сабырлы. Тфә, тфә.


Той түн ортасына қарай тарады. Апам Берік екеумізге қатар төсек сап беріп:


–Әй, қарапұшық. Ағайды мазалап есін шығарма.


Жолдан шаршап келді ғой, – деп ауыз үйге өткен.


Кірпігім айқасар емес. Шым–шытырық ой. Бақытқа қайдан кездесіп ем. Сары уайымға салынып есім шықты. Байқожаға құпия дегеніне қарағанда, Берік ағам ішкі сырын жан адамға айтпауға ант етіп шыққан ба, қалай? Оның үстіне дастархан басында да ақжарқын отырмады. Жүзі қуқыл тартып, ақтарыла қойған жоқ...


Көзімді ашып алсам, таң жарығы терезеге тіреліпті. Жанымда Берік жоқ. Ары-бері сипалаймын кеп.Тысқа шығып кеткен шығар, келіп қалар деп біраз күттім. Бұрынғы әдетке басып турникке ойнап, гир көтеруі де ықтимал. Орнымнан тұрып, жалмажан киіне баста- дым. Аяғымның ұшымен басып, апам жатқан алдыңғы үйге шықтым. Қызықты қара. Апам жастықты тарс құшақтап, тәтті ұйқының құшағында. Шамасы мені жанында жатар десе керек.


Жаздың аппақ таңы Жоңғардың найза өркеш- теріне ат шалдырып ап, еңді-енді етекке түскен сыңайы бар. Шоқы-шоқының арасына орын тепкен ауыл таң– жолаушының жақындауын күтіп мызғымай көлбеп жа- тыр. Қарауыстың ерке самалы тыңның хабаршысын- дай көше-көшені аралап жар салып жүргендей. Кең ауланың іші тым-тырыс. Ауық-ауық күйіс қайырып, ыңқылдай демалған сиырлар. "Ойпыр-ай, бұл қайда кетті" деймін күбірлеп. Есік алдындағы кілеттің есігін ашып қалсам, Кенже жеңешем мен Тұрарбек бауырым, бірін-бірі жаңа көргендей құшақтасып, бөлмені басына көтере қорылдап жатыр. Киімдерін де шешпепті. Әр жерде бір қарағай орындық, самаурындар.


Үйді бір айналып шықтым. Алабөтен дыбыс жоқ. Жұмбақ дүние. Сөйткенше алдыңғы беттен елде кімнің жөткірінген әлсіз дыбысы шықты. Біздің үйдің қарсы алдында баяғының батырының дулығасындай шошайған үлкен шоқы бар-тын. Дауыс сол жақтан шыққан сияқты. Алакөлеңкеде сорайып көрінетін тау сұлбасы сұс танытып, ауылға төніп тұр. Ғажапты қара. Биік шоқының ұшар басында Берік ағайым. "Таң бозынан тұрғанға әдеттенген ғой" деймін ішімнен күбірлеп. Алғашқыда ұшқыр аттай тірлік танытсам ке- рек, алқынып қалдым. Сәл демалып ап, шоқыға қайта өрмеледім. Әлде кім сыртымыздан көрсе... "Таң атпай шоқыға шығып сенделіп, мына Бекмырзаның екі ба- ласын шалық ұрған ба" деуі әбден мүмкін. Мұндайда ғажап оқиғаны да адам бастан кешеді екен-ау. Есік пен төрдей жер жақындағанша Берік ағайым мені байқаған жоқ. Шамасы, ерте тұрар деп күтпесе керек. Шоқының ұшар басында көк шөп қалың өскен алаңқайға малдасын құрыпты. Құдды Бұдда құдайлары сияқты. Бұл жерден төменге көз тіксең Аққайнар ауылы ашсаң алақанында, жұмсаң жұдырығыңда. Ақшаңқан шатырлы үйлер, үш қатарлы біздің мектеп, әуелі сонау ойдағы Кыдырмолда талының ішіңдегі футбол ойнайтын ашық алаңға дейін көрінеді.


–Берік аға, – дедім ақырын дыбыстап. Ол жалт


бұрылды. Сонан соң жылы жымиып күлді де:


–Ау, Секентай, мына жүрісіңе жол болсын, – деді ол. Ал, келе ғой, жаным. Сөйтті де бір жағына жамба- стай жата кетті.


 


–Ауылыңды сағынады екенсің,– деді дауысы дірілдеп.



  • Сары далада сарғайып көп жүрдік қой, сабы- лып. Ағайыма жалт қарадым.

  • Сіз шекарада болған жоқсыз ба?– дедім. Ол бала кезінде ылғи да шекарашы болсам дейтін.

  • Шекара дейсің бе? Ия, шекарада да сары жазық дала бар. Тауы да кездеседі,– деді ағайым кібіртіктеп.

  • Бірақ бәрі туған жерге жетпейді. Ұшқан құс, жүгірген аң, жүзген балықтың да өз ұясы, мекені бар. Мен басымды изедім.


–Сізді гир көтеріп жүр екен десем... – Берік тағы жымиды.



  • Ол тірлікті саған еншілікке тастадым. Тегінде әскерге шымыр боп барған жөн.

  • Дайындалып жүрмін, – дедім енді мақтан қысып.

  • Дұрыс-ақ, – деді ол. Бір сәт үнсіздік басты. Таң шапағы бұл сәт біздің ауылға тізгін тартқан. Әр тұстан алақайлап әтештер шақыра бастады.

  • Тағы да бір таң атты,– деді күңк еткен ағайым.

  • Ауылды сағынғанда уақыт өтпей қояды екен. Әттең-ай... Даусы үзіліп қалды. Ағайымның соңғы сөзі сонау шыңыраудан естілгендей. "Мұңданғаны несі" дедім ішімнен күбірлеп. Сөйттім де ойда жоқта ауылда болған жаңалықтарды тізе бастадым. Сондағы айтқаным: бөлімшеге жаңа меңгерушінің келгені, Қиясбайдың қыз алып қашып, той жасағаны, Әсиманың бізге сынып жетекшісі атанғаны, Бекболаттың торысының аудан бойынша оза шауып бәйге алғаны. Тұрарбектің жаңа машинасына отырғаным... Қойшы, жақсылықты тауысып, енді Жұмабайдың өлімі туралы баяндай жөнелгенім сол еді, Берік ағай жерден басын жұлып алды. Қабағы түксиіп, қолын көлегейлеп жүзін сипады.



  • Аңқылдақ жігіт еді. Рақила апама қиын болған екен, – деді ол күрсініп.

  • Әттең-ай, бұл дүние неге барып тірелер екен. Інім-ай ешнәрсе түсінбейсің-ау. Туған жерден қара- қанаттанып ұшып, қанаты қайырылған қырандай, өлі дене боп оралған қандай жаман. Екеуміз де үнсізбіз. Ағайымның жүзіне ұрлана қарасам, жанары жасқа то- лып, төгілгелі тұр.


Есіктің көзінде тұрмын. Үй ішінен апамның әлдекімге өршелене дауыстап жатқаны естілді. Бір ашу- ланса, аспанды алақандай, жерді жөргектей жасамай тоқтамайтыны белгілі. Оу, не бүлініп қалды екен?


–“Бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақжаулық,” деп қазекем босқа айтпаған. Құдай қолдап міндетіңнен аман-есен келдің... Есіктің саңлауынан сығаласам, Берік терезе көзіндегі жұмсақ орындықта отыр екен. Басын төмен салыпты.



  • Айтты деген осы. Қартайғанға дейін табаным тасқа тілініп, қабырғам қайысып, сендерді асырай- мын деп-ақ құрып біттім. Шамам таусылды. Маған да көмекші керек. Құдайдан баланы ел несіне тілейді? Қолқабыс жасасын дейді. Қолыңды аузыңа алдың... Апам нағыз бабына еніп алған. Кесек сөйледі. Берік ағамда үн жоқ. Апам айтпақшы, өмірдің оғы дәл тиіп жатыр.

  • Біреудің обалына қалар шамам жоқ, – деді Берік ағайым дүңк етіп.

  • Үйбай-ау, мынау не дейді? Әйел алғанның бәрі обалына қарап жатыр ма екен. Енді не дейін, – деді апам өрекпіп.



  • Айттым деген осы. Мен кесімімнен қайтпайты- нымды білесің ғой, – деді апам.

  • Апа, түсініңіз. Сізге жаным ашымай жүрген жоқ. Бірақ мен үйлене алмаймын, – деді Берік ағам орнынан тұрып.

  • Мен жағдайымды Байғожа нағашыма айт- қанмын. Тірі боп, жер басып жүргенімді көп көріп жүрсіңдер ме? Ағайымның үні дірілдеп өксік араласа шықты. Әлгінде ғана қолын бүйіріне таянып, Берікке қасқая қарап "шабуылға" шыққан "батыр" апам жуаси қалды.

  • Мынау не дейді, ей. Байғожасы несі? – деді күңгірлеп. Осы сәт мен де түк білмеген адамша кіріп бардым. Апам маған жалт қарады.

  • Әу, Секентай. Саған өзі жеңге керек пе? – деді сонан соң көмекші іздеп.

  • Өзің біл. Шешеңнің де жайы кетіп бара жатыр. Ертеңгі күні жаман айтпай жақсы жоқ, көз жұмып кет- сек, мына қаңыраған төрт керегеде жалғыз қаласыңдар.


Берік бұл жолы да үн қатпады. Апам аң-таң.


 


* * *


 


Ойпыр-ау, мынау Киікбайдың қызы ма? Түсімнен шошып оянғандаймын. Биылғы жылы мектеп бітіріп, оқуға түсе алмай, балабақшада тәрбиеші болып істейтін бұйрабас бойжеткен. Есімі кім еді? Иә, ия Ботагөз. Өзі шын әдемі-ақ. Талдырмаш бойлы, қыр мұрынды, қалың қасты, бидай өнді, сүйкімдінің дәл өзі. Ағайымның бәлесін қара. Қыз тандай біледі, ә. Әлгі бірде апама үйленбеймін дегені қайда? Мүмкін, апамды ойлаған шығар. Түнгі киноға кіруге бата алмай, мұғалімдерден ығып, бой тасалап, клубты айналып жүрмесем ғой, мына қызықтың үстінен түспес ем. Әттең, апам көрмеді-ау. Қуаныштан есі шығып, көз жасын сығып алар еді. Екі орта есік пен төрдей жер. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы қарап, қол ұстасып үнсіз түр. Қияқ ай әлгінде ғана бұлтқа еніп кеткен. Шашылған гауһардай жарқыраған жұлдыздар. Әлдекімнің ән айтқаны, енді біреудің сиы- рын іздеп дауыстағаны ап-анық естіледі. Тымық түн.


–Сен мені сағындың ба? – деді бір сөт Берік. Қыз жауап орнына басын изеді.


-Уһ.



  • Неге күрсіндің?– деді қыз жанұшыра.

  • Өзіңнен келген хатты оқуға да уақытты зорға та- бушы ем,– деді ағайым.

  • Тек госпитальға түскенде барып көзім ашылды.

  • Хаттарыңды үзбей алып тұрдым. Бір қызық болды. Қыз сыңғырлай күлді.


–Жетекшіміз хатыңды ұстап алып... Ақлима апай, ақылын айтып, өзіме қайтарып берді. Ешкімге дабыра да қылған жоқ.



  • Берік осы Н... бөлімі деген не?

  • Жасырын әскери бөлім,– деді ағайым. Ондағы өміріміз туралы тіс жармауға ант бергенбіз.



  • Мағанда айтпайсың ба? – деді қыз күліп.

  • Жаныңды ауыртып қайтейін Ол бір қарғыс атқан түс сияқты тірлік қой. Қыздың дауысы оқыс шықты.

  • Қарғысы қалай?

  • Ту, Бота қоймадың ба? Мен полигонда қызмет еттім. Бомба сынайтын жер,– деді дауысы қатқыл шыққан Берік.

  • Е, солай де... Енді-енді түсіндім.

  • Нені түсіндің? Қыз тырс үндемеді.

  • Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Қаңқу сөз елге тез тарайды.

  • Түсінемін,– деді тағы да қыз.

  • Ойпыр-ай, Бота сен бәрін-бәрін қалай-қалай ғана тез біліп қойдың?


–Бесіктен белі шықпаған бала емеспін ғой. Сен Берік атом полигонында борышынды өтедің, ә. Рас қой. Берік басын изеді. Н... бөлімшесі қай жерде?



  • Айтуға қақым жоқ. Екеуі тәжікелесе кетті. Бір сәт Ботакөз өкпелеп сырт айналды.

  • Сенің өскерден неге қайтқанынды жасырсаң да, бес саусағымдай білемін.


Берік ағамның дауысы қатқыл шықты:



  • Жаным, Бота. Жамандыққа жорыма. Не деп кеттің? Ботагөз бетін басқан күйі қалың нуға қарай беттеді. Соңында Берік. Түкке түсінсем бүйырмасын. Ағайым әскерден оралғаннан бері, біздің шаңырақ бір тығырыққа тап болғандай. Анау күні Байғожа нағашымның Берікке қойған сұрағы жауапсыз қалды. Апаммен арадағы айтыс, бүгінгі Ботагөзбен кездесу. Бұл дүние тек жұмбақтың ордасы болған ба?


 


* * *


 


Ішім алай–түлей. Апама жеткізермін деген қуанышымның күлі аспанға ұшып, үйге қайтып келемін. Берік ағайым мен Ботагөздің соңынан аңдуға да құлқым жоқ. Бомба сынайтын полигон. Қарғыс атқан жер. Бұйра шашты қыздың – Ботагөздің бәрін түсініп қойып, Берік ағадан тұра қашқаны. Сонда Ботагөз нені түсінді?


Қиясбайдың үйінің жанындағы жалғыз аяқ көпірден өтіп, үйге қарай бұрылғанда бір топ бала қараңғы түнектен шыға келді.



  • Тоқта! Селк еттім.

  • Өтірікші қолға түсті. Нөкерін ерткен Бақыт "батыр". Екпіні қатты.

  • Уәде қайда? – деді салған жерден ол.

  • Қайдағы уәде? – деймін.

  • Пәлі, мынау басқа дүниеде жүрген адам сияқты ғой. Әскерден бауыры келген балалар, маған бір сыйлық сыйлауға міндетті, – деп дікіңдеді Бақыт.

  • Ноғайбайдан екі пагон, Нарықбайдан зна- чок, Беріктен пилотка, Сауыттан жұлдыз, Бекдау- ылдан десанттық белгі, Бақидан белбеу алдым. Олар уәделерінде тұрды. Ал сен ше?


–Қалағаныңды ал.



  • Пәлі, Бақыт десант болайын деп жүр екен, ғой,



  • деді Сыдық таңданып.

    • Несі бар. Енді әскери киім, етік тапсам, дүнием толық. Ойпыр-ау, сенен не алсам екен, ә! Бақыт бір сәт ойланып қалды.

    • Ағайым шекарашы деп ең ғой, – деді ол бір сәт.




Значоктері көп шығар. Енді ағаңа керегі жоқ.


 


Бақыттың "салығы" мені састырайын деді. Көптің алдында Берік ағайымның мүшкіл халін сездіргім келмеді.



  • Мен сенен ешнәрсені аямайтынымды білесің,– дедім Бақытқа. – Жүр. Тек өзің ғана барғаның жөн. Апамның мінезі қиын. Бақыт жанып түсті.

  • Мақұл. Сендер қайта беріңдер, – деді ол до- старына өмір бере сөйлеп.


Атаманның бұйрығы нөкерлеріне бүлжытпас қағида. Есіктен кіріп, төрден шықтық. Апам алдыңғы үйде әлденеге шұқыңдап жатыр.



  • Бақыт, – дедім жайғасып отырғаннан соң.

  • Сенің айтқаның келді. Берік ағайым әскерден мерзімінен бұрын қайтыпты.

    • Қайтқаны қалай? Демалыс алмаған ба? – деді көзін жыпылықтатқан Бақыт.




–Алмапты.


–Қызық екен, – деді ол басын шайқап.


Апам естімесін деп сыбырлай сөйлеп, оқиғаларды рет-ретімен айта бастадым.



  • Аузыңа берік бол, – деймін Бақытқа жалынып.



  • О не дегенің. Сүйінші сұраймын ба,– дейді Бақыт. Қанша бір озбыр атанса да, ол әңгіме ұзай, бүйрек беті бүлкілдеп, қою қабақтары түйіліп, беймаза күй кеше ба- стады.

    • Ойпыр-ай, ә. Құпия әскер тобы дейсің бе? – деді ол.

    • Бомба сынайтын жерді полигон дейді. Америка ол пәлені 1945 жылы алтыншы тамыз айыңда Хироси- ма мен Нагасаки қалаларына тастап, жапондықтарды қырып салған. Өзің тарихты білмейсің ғой. Балмағанбе- тов ағайдан сұрап көрші. Айтпақшы ағамның киімдері қайда?




 


–Ағаң ракетші, – деді гимнастерканың жаға- сындағы түймеге қарап. – Ренжіме, Секен-ай. Осы сенің Берік ағайың ауырып жүрген жоқ па?


–Мүмкін емес.


–Әй, білмедім. Жұмабай да полигонда әскери борышын атқарған. Алып келген әскер балалардан сұрапты. Ел ауырып қайтыс болыпты деп жүр гой. Ра- дияциядан қан ағарып кетіпті. Бақыт нағыз ғұлама.


–Қаны ағарғаны қалай?


–Солай. Біздің денемізде жүз алпыс екі қан тамы- ры бар емес пе? Сонымен қан ары-бері жүріп тұрады. Ал, егер қан ағарса, адамның саудасының біткені.


Көз алдым тұмандатып кетті. Бақыт басын төмен салып үнсіз отыр.


–Секен-ай. Мен сенен ешнәрсе алмаймын, – деді Бақыт орнынан көтеріліп.



  • Е, неге?

  • Атам бүлінгеннен бүлдіргі алма деген.

  • Ағайым нені бүлдіріпті, – дедім шап ете түсіп.


–Түсінбедің сен. Полигон деген тажал. Ал, атом бомбасы адамдарды қыратын құбыжық. Солай, Се- кентай. Ал, мен кеттім. Ағаңнан сыр тартып, сұрап көрші өзің...


 


* * *


 


Берік ағайым талтүсте қайтыс болды. Жүрегім сенер емес. Дүниеде мұндай қасірет бар екен-ау.


–Секентай, бауырым. Апаңа бас-көз бол,– деді ол басымнан сипап. Енді бір сәт үнсіз қалды. Осыдан үш- төрт күн төсек тартып, қатты ауырған халі бар.– Аға,– деймін жанұшырып.


–Сізге не болды? – Ол мұңды көздерін шаңыраққа тігіп, сәл уақыт қимылсыз жатты. Көзінен төмен қарай қос тамшы жас сорғалап түсіп барады.



  • О, не күнім,– деді кереуеттің аяқ жағында отырған апам орнынан тұрып. Ағайым естімеді. Қарашықтары жоғары қарай аунап бара жатты.

  • Ойбай-ау, бұл не сұмдық?! Апам еңіреген күйі Берікті бас салып жұлқылай бастады.– Құлыным- ау, не болды? Бірдеңе деші... Анандай жерде отырған Байғожа екі аттап кереуетке жеткен.

  • Берік, қарағым,– деді жүзіне үңіліп.– Шыны- мен бізді тастап кеткенің бе? Апамның түрін көрсең. Еңіреген күйі Берік ағайымды шөпілдетіп сүйіп жа- тыр. Бүл екі ортада айғайды естіген көршілер де келіп үлгерген. Апамды ағайымнан ажыратып, алдыңғы үйге алып жүрді.

  • Құлыным-ау, қарағым-ау. Мені алмаған құдайдың тамағы тоқ. Қу құдай, шүнақ құдай... Есім шығып төр орта- сында сілейіп тұрып қалыппын. Бекбике ағайымның жүзін сипалап, көзін жапты. Осы бір сәтте ғана барып оның бұл дүниеден өткеніне көзім жеткендей еді. Лықсып кел- ген жасты тоқтата алмай, еңіреп жібердім.

  • Енді менің бауырым жоқ. Жалғыз қалдым- ау,– деймін, бар дауысыммен. Кімді-кім біліп болар емес. Аңыраған жұрт. Апам әлсін-әлін талып қалады. Байғожа нағашым өзі жылай жүріп, Бекетайға:



  • Дәрігерге жүгір. Кемпірді өлтіріп аламыз, – деді. Бұл дүниеде ажалға қарсы тұрар дауа бар ма? Әп Сәтте алақандай ауыл азаға толып, күңіренді де кетті. Жан- жақтан ағылып кеп жатқан жұрт. Шындығында адам атаулы қуаныш пен қайғыда бас қосады екен ғой.

  • Құлыным, ең құрмағанда артыңа алаңдайтын ұрпағың да қалмады-ау... Апамның егілуі бір тоқталар емес.


Есіктің алды ақ қайың, Басымнан өтті-ау көп қайғы. Қайдан сені табармын, Айналайын, аппағым.


Енді бір сәтте топ баланы ертіп, біздің жетекші Әсима кеп жетті. Еңіремегенде қайтейін. Кешегі күн ғана, "бауырым әскерден келеді" деп қуаныштан жүрегім жарылардай боп, достарыма барып хабарлаған жоқ па едім. Енді менің қайғыма ортақтасып олар келе жатыр.– Ағаң елдің маңдайына симай кетті. Нағыз са- бырлы, салмақты жігіт еді,– дейді Бақыт көз жасын орамалымен сүртіп жатып.



  • Әттең менің тілімді кесер ме еді. Кешегі күні "ағаң ау- ырмай ма" деп сұрағанына жазықты боп тұрған күйі бар.


Екі күн өте Берік ағайымды ауылдың батыс бетіндегі қалың бейіттің ішіне апарып жерледік. Еңбектеген ба- ладан басқаның бәрі қатынасты. Қара жердің қойнауы әп-сәтте бауырымды жұтып, шағын төмпешікке айнал- ды. Жүрегім езіліп кеткендей, өксігімді тия алар емеспін. "Әттең-ай" деймін. "Берік ағайым ішкі сырын ешкімге айтып та кетпеді-ау". Балалардың дені менімен бірге егіліп жүр. Досыңның көп болғаны да мұндайда медет екен ғой. Үйге жақындағанда апамның:


 


Жалғанда көрген жалғызым-ай, Өзенге өскен жалбызым-ай.


Құдайға нені жазып едім,


Жер тіреп, мәңгі қалғыздың-ау. – деген зары естілді.


* * *


 


Уақыт шіркін орнында тұра ма? Сабақтан келіп, киімімді ауыстырып жүріп, көзім Берік ағамның қара костюміне түсе кетті. Үстіме киіп алғым келді. Ол- пы-солпы түрімді қызықтап айнаға жақындадым. Оң қалтасының тұсы ауыр тартқан соң, қолымды салып жібердім. Шағын қара кітапша іліне кетті. Костюмді орнына іліп, "олжамды" парақтай бастадым. Алғашқы беттеріңде Беріктің достарының, ағайын-туғандардың адрестері жазылыпты. Ішінде Ботагөздің де есімі жүр. Енді бір бетінің ішіне қайыңның жапырағын салыпты да, "Туған жердің тұмары" деп жазыпты. Ол қайда жүрсе де, туған ауылын ұмытпапты. Енді бір бетіне:


Туған жер тұғырыңда гүлдеп өстім, Төсінде, топырағыңда кіндік кестім. Қашанда қажымаған қайран жүрек,


Талмашы, шаршамашы, соқшы көп күн,–деп жа- зылыпты. Астына жүректің суреті кескінделіпті. Одан кейінгі беттерде күнделік жазылған екен.


Қыркүйектін жиырмасыншы жұлдызы


 


Бүгін шақырту қағазбен әскери комиссариатқа ба- рып қайттық. Дәрігерлер сараптан өткізді. Десантқа түсемін бе деп ойлап ем. Жұмабай екеуміздің коман- дамыз бір. 71 команда. "Жақын арада әскер қатарына жүріп кетесіңдер. Шақыру қағаз күтіңдер" деді бізге. Құдай басқа салған соң көрерміз. Дүниенің қай бұрышы бізге бұйырып тұр екен.


Қазанның он тоғызыншы жұлдызы.


 


Әскери комиссариат алды ығы-жығы халық. Көнекөз апалардан басқасы тегіс қуанышта сияқты. Қайран менің ақ пейіл апам-ай. "Құлыным, қарағым" деп есі шығып, ебі қашып жүр. Жүрегі шайлығып қалса керек. Ескі жараның аузын тырнап, сонау соғыс жылдарындағы майданға кетіп, оралмаған үлкен бауы- рын еске түсіріп, көзіне жас алды.


–Пау, жаман ырым бастап, мұның не? Соғыс емес қой. Ер жігіттің міндеті. Екі жыл екі күндей өте шығады,– деді Байғожа нағашым апама ұрсып:


–Қайтейін, қалқам. Жүрегім қорқады,– дейді ол. Ботагөз анандайдан ұрлана көз тастайды. Сүп- сүйкімді момақан жүзінен, маған деген қимастық та- нылады. Жаныма келуге батылы жоқ. Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Оның үстіне мектепте оқиды. "Берік жаныңда жүрмесем де, жүрегім сенімен бірге" дейтін сияқты. Айналдым, сенен Ботакөзім!


 


 


Қазанның жиырма тоғызыншы жұлдызы


 


Зулап өткен күндер, құдды жолға шыққан поиз сияқты. Сары далаға түсіп алып, ауық-ауық сырнай- латып қойып, шығысқа қарап жол тартқанына төрт күн өткенде, жарым түнде бір станциядан түстік. Кімді-кім біліп болар емес. Арқақабымызды арқалап, ары-бері жүгірістік те қалдық.


–Машинаға отырыңдар! – дейді түнді қақ жарған дауыс. Әлдеқандай есірік жел ызыңдай соғады. Өті неткен ызғарлы еді. Сығырая жанған светофор мен станция қалқанының әлсіз жарығы, сәлден соң бізді ұзатып салып қала берді.


Желтоқсаның жиырмасыншы жұлдызы


 


Үшы-қиырсыз ақ дала. Ызғарлы жел, құстың жүніндей жапырақталған ақ қарды ұйқы-тұйқысын шығарып есіре соғады. Сыммен қоршалып тасталған алаң. Аумағы ат шаптырым. Қарауылда тұрмыз. Иығымызда автомат. Әр қарауылдың арасы жүз қадамдай жер. Шынын айтайын. Нені күзетіп жүргенімізді білмейміз. Жасырын объектінің қыр- сыры беймәлім. Бір ғажабы алып тигаштар түні бойы әлде нені әкеп түсіріп жатады. Бізге жақындауға рүқсат жоқ. Әрбір төрт сағат сайын күзетке шығуың міндетті. Қалың түнде ұйықтамақ түгілі, жаныңмен қайғысың. Сақылдаған сары аяз. Бүл жерде өзіңнен үлкен шенді адамның әмірін орындамауға құқың жоқ. "Құп болады" деп қолынды шекеңе апарасың."Н" бөлімшесі. Бүгін Ботагөзден хат алдым. Менің сүйкімді аңғал сүйіктім. Серіктің хатында есеп жоқ. Мұрны пыс-пыс етіп, мойынағашпен су тасығанына дейін жазады. Апамның түс көруі белгілі жайт. Әскер міндеті аса қиын да емес. Тек тезірек бітсе екен.


Наурыздың жиырма екінші жұлдызы


 


–Қазақтың жаңа жылы– Наурыз. Көз алдыма ау- ылымды елестетіп отырмын. Әр үйдің шаңырағы бүгін қуанышқа толы. Серік апасы мен қосылып көп көжеге барған шығар. Қазақтың күміс күлкіні еншілеген кең дастарханы-ай. Қызыл қоңыр бауырсақтар, иісі аңқыған қаймақ жағылған нан, қарын-қарын сарымай, торсық толған сары қымыз, наурыз көже... Бәрінен де арнасынан асып ақтарылған көңілді айтсаңшы. Көңіл демекші, взвод командирі Бирюковпен шекісіп қалдым. "Біз қартайдық, сендер баласыңдар" деп бізге шіренген жауынгерлердің сөзін қолдап, жік-жапар боп жүргені. Әділдік қайда?– деймін.Ол маған мырс-мырс күледі кеп.


–Аспанда ,– дейді ол.


–Бір құдайдың қолында. Сөйлесіп көр, бұлармен. Біз өгіз емес шығармыз. Соның кесірінен наурыз мерекесі күні, түнімен казарманың ат шаптырым еденін жудым. Әй, бұл күнді ұмыта қоймаспын.


Тамыздың он жетінші жұлдызы


 


Сұмдық! Мүңдайды ешкімнің басына бермей-ақ қойсын. Біздің полигонда қару сыналды. Таң бозынан дабыл қағылды да, шырт ұйқыда жатқан біз, апыл- ғұпыл киініп, машинаға отыра бастадық. Құдды соғыс басталып кеткендей. Еңгезердей ауыр машиналар батыс бетті алып жүріп берді. Бас көзге, ойлы-шұңқырға қарамай зулап келеді. Үрей билеген адамның жайы белгілі.



  • Қайда барамыз? – деседі бір-біріне. Жауап бе- рер ешкім жоқ. Бір сағатқа жуық уақыт өте машина тоқтап, бәріміз жапа тармағай жерге түстік.

  • Противогаз киіңдер, – деді командир. "Бұйрық талқыланбайды, әмір орындалады". Сәл жүгірген соң, алдымыздан терең қазылған орлар кездесті.

  • Жатыңдар! Әскери сабақтан қанық жай, ор түбіне етбетімізден түсіп, бетімізді жауып жата кетістік. Кенет жер дүниені дүр сілкіндірген гуіл ба- сталды. Әп-сәтте тып-тыныш жатқан жер, қатты қиналып толғатқан анадай тулай жөнелді. Противо- газдан ештеңе естілер емес. Күңгір-күңгір. Сәлден соң өн-бойым дірілдеп, жүрегім дүрс-дүрс соғып, аузыма тығылды. "Шыда, Берік" деймін өзімді-өзім қайрап. Сөйткенше:

  • Тұрыңдар. Атакаға, – деген командирдің дау- ысы естілді. Ұшып келеміз. Бетіміз алдыдан көрінген аласа тау, тұманды дала. Үсті-басым малмаңдай су. Барар бағытымыз белгісіз.


Желтоқсанның он бірінші жұлдызы


Әскери жаттығу адамды шынықтырады десек те, адам көрге де үйренеді екен. Ауық-ауық өтетін соғыс "ойыны". Одан кейінгі дәрігерлік байқау, адамды мезі қылады. Сені бір жақсы көрмейтін “досың” серік боп қалыптасады. Ол-үрей. Күндіз де, түнде де адам сезіп білмейтін жұмбақ қарбалыс.


–Жауынгер Бекмырзаев сіз госпиталға жата- сыз,– деді кезекші күзетші түскі тамақтан соң. Шо- шып кеттім.


 


Наурыздың он екінші жұлдызы


 


Айналайын, аппақ дүние! Мен саған не жаздым. Жазығым қайсы. Мұндай қасірет шектіріп, қан жыла- татын болсаң, несіне өмірге әкелдің. Мен тірі әруақпын. Ауру адаммын. Лейкоз-ақ қан. Ғасыр дерті. Айналай- ын, анам-ай! Балаңды жамап-жасқап жүретін киең бар емес пе еді.


Мұрны тершіп, артымнан қарыс елі қалмайтын Серік, Секентай інім-ай. Ағаңды енді сен де арашалай алмайсың. Боташым, сенің жүрегіңе пышақ сұққандай болдым-ау. Бірақ, оған сен де, мен де кінәлі емеспіз. Иә, солай жаным. Ух...


Шағын күнделік осылай аяқталыпты. Қара кітапшаның ішінен бүктетілген үш парақ қағаз шықты. Бұл Берік ағайымның соңғы сөздері еді.Жанарым жасқа толып кетгі.


Ана!


"Қай ана құрсағынан шыққан сәбиінің қыр- шынынан қиылғанын құп көрер. Ауыр болса да, мен енді сендерге жоқпын. Маңдайыма жазған тағдырдың қысқа өмірі жақында үзіледі. Апа! Жылама! Өз-өзіңе берік бол. Жаныңда Серігің бар ғой. Жан ана,хош!


Құлының Берік"


Серігім!


Артымнан ерген жалғыз жарығым. Секен- тай, сенің мойныңа ауыр жүк артып кеткеніме кешір, інішегім. Бетімді топырақ жапқан сәттен бастап, сенің есейетінің анық. Жаныңда анаң бар. Дүниеде жақсылығымды, ақылымды, мейірімді анама арнамақ едім, бірақ бұл өмірде жолым болмады. Сен оны ренжітпе! Менің анама салар топырағым, сенің мойныңда, жаным.


Ақылды бол, Секен-ай. Бауырың Берік.


Ботам!


"Бота көзім. Мен өмірден кеткен күні жанарың жасқа толар. Еңірерсің. Жаһанда қалған жалғыздай сезінерсің. Құдайға шүкір, мөлдіріңе mac лақтырып лайлаған жоқпын. Мен соған қуанамын. Өмір алға ба- сар. Өз еншісін де алар. Тек "алғашқы махаббатым" деп анда-санда есіңе алсаң, жұмсақ көрпемде бір аунап түсермін. Иә, Бота. Өмір бір орында тұрмайды. Әттең, дүние-ай. Қош жаным! Берігің.


 


* * *


Берік ағама бейіт қойып келген күннің ертеңінде, апам су жылытып, кір жууға кірісті. Күйі төмендеп жүрген апама көмектесіп жүрмін. Апам кір киімдерді әлгінде ғана сыртқа алып шығып, әлдебір шаруамен үйге еніп кеткен. Кенет көзіме ағайымның әскерден киіп келген ақ көйлегі түсті. Бас салып иіскесем, о, ғажап, ағамның тер сіңген иісі бұрқырайды. Жанарым жасқа шыланып, тамағыма ащы өксік тірелді. Жалма- жан үйге қарай жүгіре жөнелдім. Апама көрсетуге болмас. Қарт адамға қиын шығар. Ал мен үшін бұл аса қымбат дүние. Ағамның көзі. Сағынғанда иіскеп, мауқымды баспаймын ба? Ех, дүние-ай. Аппақ дүние, ақ қан, ақ көйлек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу