07.02.2022
  238


Автор: Мұхтар Шерім

МАХАББАТЫ ҚҰРЫСЫН!

 


Құдай-ай, махаббаты құрысын! Осы уақытқа дейін махаббатты, орысша «лүбөпті», ағылшынша «әй ләбіюді» қастерлеп, қадірлеп, басымды иіп, жүрегімнің дүрсілімен, бүйрегімнің бүлкілімен жақсы көріп келдім ғой! Сөйтсе-е-ем... Махаббаттың да машақаты, масқарасы, миғұласы, мисызы, міңгірлегі болады екен...


Менің екі қызымның шашын тарап, айнаға қарап, бояу жаққан ернін тілімен жалап жүргені... бойжеткені екен. Жалғыз ұлымның беті қызарып, тебіндеген мұрты ұзарып, жүрегін сипалап, ашуы келсе, қайшымен қағаз қиқалап, көңілі келсе кеңкілдей күліп, кеудесі алқам-салқам, жүрісі талтаң-талтаң болғаны—ержетіп қалғаны екен ғой! Құдай- ай, бүйткен махаббаты құрысын, бір күні әйелім жылап келді, «Қызымыз қайда?» деп сұрап келді. Жүрегім тоқтап қала жаздады, кіші қызым балконға шығып алып, секіргелі жатыр екен. «Тоқта қызым, папаң келеді, артыңда!» деп шыңғыра әндеткенімше, қызым секіріп кетті. Оныншы қабатта тұратынбыз, зәрем ұшып, балконнан еңкейсем, тоғызыншы қабаттағы кір жаятын жіпке ілініп қалыпты. Бәріміз тоғызыншы қабатқа жүгіріп жеткенімізше, қызымызды жібі құрғыр көтере алмай, үзіліп кетті де, жетінші қабатта мойнын созып тұрған еңгезердей еркектің екі иығына аяғы салбырап, отыра қалғаны!


«Қимылдамаңыз!» деп айқайлап, жетінші қабатқа жетіп барсақ, үй иесі, «Бұл қандай мақұлық?» деп қорқып кетсе керек, басын сілкіп қалыпты. Қызым бесінші қабаттағы балконның жақтауына ілініп қалған. Ондағы әйел: «Ұры түсті, ұры, одан әрі құры!» деп қызымды итеріп жіберген... Қызым байғұс сол құлдилаған күйі ағаш бұтағына ілініп қалды. Бір қарғаның басына қонып, маңдайын шоқып кеткені болмаса, аман- есен!


«Ойбай, не болды қызым?» деп сұрасақ: «Мәхаббат... Жігітім тастап кетті...» деп жылайды.Осы күнгі жастарға қайран қаламын! Жігітін тауып алып желкесіне сары май


 


жағып, тістеп-тістеп алғым келді. Содан не керек, қорқып қалған байғұс басымыз пәтерімізді бірінші қабатқа ауыстырдық. Бір күні жалғыз ұлым терезені ашып, секіргелі тұр! Жүгіріп барып, ұстай алдым.


--Секіріп өлемін!—дейді балам.


--Ойбай, бірінші қабаттан ешкім өлмейді!—деймін мен.


--Ой, әке, есімнен шығып кетіпті ғой...


Сөйтсем, баламды сүйген қызы кенеттен сүймей қалып, басқа жігітке тұрмысқа шығып кетіпті. Балама: «Кедейдің баласы екенсің, одан да бай баласына күйеуге шығып, алтын цепочка тағып жүргенім артық!» депті... Сөйтіп жүргенде, үлкен қызым өз бөлмесін ашпай қойды. Есікті бұзып кірсек, қолының көк тамырын қол арамен аралайын деп жатыр!


--Әй не болды?—деп сұрады әйелім.


--Жігітім фейсбуктегі чатта басқа қызбен «күйіп-жанып» отыр!


--Шат-патыңды білмеймін, дереу өле қалады екенсіңдер де!—деп қатты ашуландым.


--Жігітім тастап кетті-і-і-і...—деп ботадай боздасын қызым. Әне, қазіргі жастар боркемік! Махаббат «вирустарымен» күресе білмейді! «Анти вирус Касперский» бола алмайды! Сөйтіп жүргенде, ұлым бір шелек суға басын батырып алыпты. Ой, тоба... «Махаббат күйігі» екен. Лапылдап, жанып барады екен. Басқа қыз құрып қалғандай! Интернеттегі


«фейсбугін», «в контактесін» «фото странасын» ашып қалсаң, небір сұлу қыздар отыр ғой, көздері мөлдіреп... Содан бір күні әйелім... Ойе-бай, әйеліме не жоқ десеңші! Шашын қайшымен қиқалап, қырқып отыр! «Әй не боп қалды?» деймін ғой... «Махаббат...» дейді ол. «Ойбай, кімге ғашық болып қалдың?» «Саған... Әйел қырыққа келгенде қылық шығарады дейді. Кеше бір түрлі сезіммен, жәудірей қарасам да, төсекте теріс қарап жатып алдың...» деп солқылдап жылайды. Мыналарға не көрінген өзі? Өзіміз стол үстінен секіріп кетпей-ақ жүрміз ғой, көз түсіп жүрген көршінің әйелі кірпігіне ілмесе де... О несі ей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу