07.02.2022
  187


Автор: Мұхтар Шерім

БАЛАМ ОТЫЗЫНШЫ СЫНЫПТА ОҚИДЫ!

 


Уақытты қуалап жүріп ұстап алып, биеңізбен бірге арқандап қоя алмайсыз... Немесе, ұстап алып, «соя» аламайсыз. Уақыт уыста тұрмайды... Қойшы, сонымен, 2030 жыл. Баяғыда-а-а, 2013 жылы, білім министрі 12 жылдық білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттарын енгізіп еді ғой? Он жыл базалық білім алып, екі жыл бойы мамандық таңдайтын ше? 2015 жылы тағы бір білім министрі келді де, балаларымыз 15 жыл оқитын болды. 2020 жылы тағы бір білімсіз білім министрі келді де, отызында «орда бұза алмағандар» үшін отыз жыл, қырқында «қамал ала алмағандар» үшін қырық жыл оқу туралы бастама көтеріп, қарсы келгендер көксау болып жөтеліп, «оқу-- эксковатормен құдық қазғандай...» деген мақал шықты. Отызыншы, қырқыншы сыныпта оқитын балаларымыздың иегіне қап-қара сақал шықты...


Құдайға шүкір, менің балам биыл отызыншы «а» сыныбында оқиды. Өйткені, отызға жетіп, желкесін май басса да, «орда» бұза алмай жүр. Біреудің тұмсығын бұзып, не біреудің баласын атып кеткен емес. Ынжық. Бір күні балам сөмкесін арқалап келді де, лақтырып тастады.


--Әке, енді оқымаймын!—деді ол.


--Неге балам?—деп сұрадым мен.


--Миым құрттап кетті. Маңдайымнан ақ құрттар шығып жатыр...


--Көзіңе солай елестеген ғой балам. Отызыңда орда бұзбай жүрсің, оқи бер.


--Бұзып келдім...


--Қалай?


--Сынып жетекшісі Түнжарық апайды...


--Немене апайды? Зорлап кеттің бе не?


--Түнжарық апайдың махаббат ордасын бұзып кіріп, көңілімді білдірдім.


--Ия?


--«Апай, сізге үйленемін! Мен сізге он сегізінші сыныптан бері ғашықпын!» деп


«Фейсбук» арқылы хат жібердім.


--Апайың не деді?


--«Қырқында қамал ала алмай жүрген қырқыншы сыныптағы жігітімді былтыр тастап кеткенмін. Ағай, айып болмаса, әке-шешеме барып, құда түсіп, маған алтын сырға тағып кетіңіздерші. Темір сырға тағып жүргеніме ұяламын...» деп жауап жазып жіберді...


--Жүгермек-ау, одан да еркекке басын имеген, әлі байға тимеген мектеп директорына үйленсеңші! Мектеп директоры деген аты бар ғой! Оқушылардан ақша жинап жүресіңдер...


--Ой, әке, қазір бізде мектеп директоры жоқ.


--Неге?


--Кеше кешке қырқыншы «г» сыныбындағы Көктемес көкем алып қашып кетіпті!


--Немене, Көктемесің әлі үйленбеген бе?


--Жұрт мамандық таңдап, сол мамандық бойынша тереңдетіліп оқып жүрсе, ол махаббат мамандығын тереңдеп таңдапты...


--Көйлегіңнің жағасын кім жыртқан?


 


--Сыныптастарыммен бірге сыра ішіп отырғанбыз. Даяшымен ерегісіп...


--Отызға келдің ғой отызға! Мен сенің жасыңда есік алдындағы сарайды бұзып тастағанмын! Сенің жасыңда сотталып келгенмін! Ал, сен төбелесуді де білмейсің!


--Өзі ғой...


--Немене өзі?


--Даяшы қызды айтамын да... «Мектеп оқушыларына сыра ішуге болмайды! Шығыңдар!» деп...


--Сосын?


--«Мектеп оқушылары сүйісе де біледі»» деп бас салып ернінен сүйіп алдым! Айтпақшы, ертең ата-аналар жиналысына шақырып жатыр.


--Шешең барады.


--«Әкең келсін» деді.


--Неге мен?


--Апай айтады: «Болашақ қайын атамды көргім келеді, иіліп сәлем беруді үйрене берейін» деп қояды.


--Жарайды, бірінші тоқсан біткен соң, апайыңа үйлендіремін. Тек сабақты жақсы оқы! Көшеге шығып, ойнап кетпе!


--Өрә--ә-әә! Отызымда орда бұзатын болдым!--деген балам мені құшақтай алды. Құшақтап тұрып, қалтамнан қырық мың теңгемді жымқырып кетіпті. «Сыныптастарына


«жумақшы» ғой... Ой, жүгермек! Өй, әкесінің алтын баласы! І-і-і-і... кешке келсінші, быттиған бетінен бір сүйейінші!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу