07.02.2022
  136


Автор: Мұхтар Шерім

ЕСЕГІМЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТА АЛМАДЫМ...

 


Үзіліп кете жаздап, үнемдеп жүріп, нанның жартысын жеп, бала-шағаммен ләмпечкенің жартысын ғана жағып, жарты су ішіп, жарытып тамақ ішпей жинап- терген теңгеме әрең дегенде, онда да несиенің қамытын асынып барып, қала шетінен жер алып, екі бөлмелі шап-шағын үй салып алған едім... Күндердің күнінде айналама біреу егіп қойғандай, зәулім үйлер өсіп шыға келді де, менің шайналған мейіздей үйім көрінбей де қалды. Миллионерлер мен миллиардерлердің ықшам ауданы екенін қайдан білейін, бір күні көршім көздерін сығырайтып тұрып:


--Мыжбан кө-кө-кее,--деді кекете сөйлеп,--үйіңіз байдан қайтып келген баяғының қызы сияқты сүмірейіп тұр екен, көшіңіз бұл жерден!


--Сенің үйің ше? Үйінде отырып қалған екі қабат қыз сияқты...


Сол екен, ол менің жағамнан алды:


--Кім екі қабат? Осы тұрған жеріңде ата салайын ба?


--Үйіңіз екі қабатты деймін... Жібер деймін... Мен де ата аламын.


--Немен атасың, бейшара?


--Көзбен атамын! Міне, былай...—дедім көздерімді алартып. Сөйттім де үйге кіріп кеттім. Осы көршіден көрдім көресіні. Ата салады. Бір ай бұрын қымбат көлігімен жол шетіндегі қызды қағып өлтірді де, құтылды, есірткі сатумен айналысты та ұсталды, құтылды... Өзі салық комитетінің бастығы болып кетті қайта...


Ертеңіне әйелім ерте тұрып, есік алдына шықты да, шыңғыра айқайлап, қайтып келді.


--Не болды, үрейің шымшық сияқты ұшып кетіпті?—деп сұрадым мен.


--Дарбазаның алдында жатыр...


--Кім? Ит пе?


--Жоқ, адам...Өліп жатыр...


Дамбалшаң жүгіріп шықтым. Біреу біздің дарбазаның есігін ұстай өліп жатыр екен!


Артынша полицейлер жетіп келді. Көршім шықты мысқылдай күліп.


--Танисыз ба?—деп сұрады полицей.


--Жоқ.


--Онда неге сіздің дарбазаның алдына келіп өлген?


--Жеткен жері осы шығар?


Полицей мені төрт күн тергеп, ақырында босатып жіберді. Сөйтсе, өлген адам атақты кәсіпкер екен. Біреудің алдын кесіп өткен бе, қуалап жүріп атып кетіпті. Ертеңіне туыстары жылап-еңіреп, менімен көрісті де, қызық, мен де түсінбей жылай беріппін... Ия, менімен жылап еңіреп көрісті де, дарбазамның алдына граниттен ескерткіш құлпытас орнатып кетті. «Бұл жерде қоғам қайраткері болайын деп жүрген кезінде, облыстық мәслихат депутаты болайын деп қалған жасында, атақты кәсіпкер Итбай


 


ЖЕКСҰРЫНҰЛЫ қайтыс болған. 1968-2012жж.» деп жазып та қойды. Айқайладым, шыңғырдым, жалындым, көздеріне де қыстырмады. Амал жоқ, әйелім екеуміз таңертең ескерткішке құран бағыштап шығатын болдық. Көршім «Джипінен» аударылып түсіп жатып:


--Мына үйің нәстірениемді түсіріп жүр, үйіңді сат та, көш!—дейді.


--Көшпеймін! Осы жерде өлемін!---деймін мен.


Ертеңіне әйелім жұмысына кетіп бара жатып, үйге артынан алты жүз албасты қуып келе жатқандай ентігіп кірді.


--Есік алдында, есік алдында...—дей береді.


--Немене, есік алдында тағы біреу өліп қалыпты ма? Бәрі біздің үйдің алдына келіп жан тапсырады екен де!


Әйеліммен бірге дарбазаның есігін ашсам, аяғымның астында екі аяғы аспаннан келіп өліп жатыр екен! Артынша, қарсы беттегі қаржы полициясы бастығының әйелі жүгіріп келіп, алып кетті. Сол күні күйеуі дарбазамның алдына ескерткіш құлпытас орнатып үлгерді. Әйелім екеумізді адам құрлы көрген жоқ. Биіктігі бір метр құлпытаста: «Дәл осы жерде баламның төбелескіш қоразы қайтыс болды. 2011-2012 жж.» деп жазылған еді... Дарбазамнан шыға алмай қалдым. Біз ғой нанға ақша таба алмай жүрміз, ал халықтың қалтасынан байып алғандар, төбелескіш қоразы қай жерде өлсе, сол жерге ескерткіш орната салады... Әділдік қайда, ағайын? Жылап-сықтап жүріп, қорғанымыздың артқы жағынан есік ашып алдық. Дарбазамыздың есігін қорқа-қорқа ашатын болдық. Бір күні таңертең әйелім жылап келе жатыр.


--Ойбай, тағы не болды?—деп сұрадым мен.


--Өліп қалыпты!


Жүгіріп барсам, шынымен өліп қалыпты... Сол күні қарсы беттегі прокурор болып істейтін көршім сол өлген жерге көмді. Жылап-сықтап, күмбез орнатты. Айналасын қара темірмен қоршады. Сыртқа шыға алмай қалдық. Біздің дарбаза алдына келіп өлген сүмелектің моласына былай деп жазылған еді: « Бұл жерде Австралияда туылған алтын тісті, асыл тұқымды итіміз Док өмірден озды. 2010-2012 ж.ж» Құдайым –ау, айналасы бір жылдың ішінде айналамыз ит пен құстың, мысық пен тышқандардың моласына айналды. Арыз айтып, қала әкімшілігіне де бардық. Әкімшіліктегілер: «Өмір бар жерде қаза бар...» деп күрсініп шығарып салады. Оларға: «Сыбайлас жемқорлық—ауызбіршілік!»деп айта алмадым. Бірде, жаз айы болатын, көк есегіммен бір арба шөп әкеле жатқанмын... Салық бастығы болып істейтін көршімнің дарбазасы алдына жете бергенде... Ия,ия, жете бергенде көк есегім бір екі рет ақырып ақырып алды да, зорығып өле қалды. «Есегім-ау, есегім, неден болды кеселің?» деп еңіреп жылап, көршінің алтын жалатылған дарбазасына бормен: «Бұл жерде артында аңыратып, қодығын жетім қалдырған ардақты көк есегім қайтыс болды... 2008-2012 ж.ж» деп жазып қойдым. Есегіме ескерткіш орнататын жағдайым жоқ менде... Есесіне, ертең көшейін деп жатырмын... Ашығын айтсам, көшірейін деп жатыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу