07.02.2022
  141


Автор: Мұхтар Шерім

ТЫРАЙЫП ҚАЛДЫ...

 


 


(Сахналық нұсқа)


Машинаның шиқылдаған даусы естіледі де, сахнаға бір кісі домалай түсіп, шалқасынан жатты... Сықия киінген шенеунік қасынан өтіп бара жатып, тоқтай


 


қалды.


Шенеунік:--Қайырлы таң!


Жаралы:--Ім... мәшине қағып кеткен адамға «қайырлы таң!» дегені несі... Шенеунік:--Адамдардың ажалы жолдан болып жатыр...


Жаралы:--(қолын созып) Мырза... Өмір сүргім келеді...


Шенеунік:--(ары-бері жүріп) Үстіңіздегі киіміңіз де жұпыны екен. Мына плащты жиырма жыл киген боларсыз... шалбарының тізесін жамап қойыпты...


Жаралы:-- Су...


Шенунік:--Көшеде шалқасынан жатып, су ішуге ұят болады. Тұра аласыз ба? Жаралы:--Қиналып барамын, мырза...


Шенеунік:--Аяғыңыз айналып кетіпті ғой... Қағып кеткеннен кейін тоқтап, «как дела?» десе болады ғой...


Жаралы:--Сіз... сіз қайда істейсіз?


Шенеунік:--Осы маңдағы жер комитеті бастығының орынбасарымын...


Жаралы:--Тәңір жарылқасын, мен өліп барамын, қала шетіндегі қорымнан жер бөліңізші маған... Жер ала алмай жүргеніме жиырма жыл...


Шенеунік:--(тізе бүгіп) Арызыңызды жазып келсеңіз... Жаралы:--Өліп барамын...


Шенеунік:--(орнынан тұрып) Бейшара бала-шағаңызды асыраймын деп басыңызды тауға да тасқа да ұрдыңыз. Ендi мiне, жан тапсырғалы жатырсыз...


Жаралы:--О, жарық дүние...


Шенеунік:-- Жағдайыңыз қалай?


Жаралы:--(қиналып жатып) Шүкiр, мәшинеге мыжылып қалдық...


Шенеунік:-- Ештеңе етпейдi, адам деген үш күннен кейін молаға да үйренеді....


Жаралы:-- Мәссаған! Шенеунік:-- Не болды?


Жаралы:--Менiң жүрегiм тоқтап қалды!


Шенеунік:--Қойыңыз, өлейiн деп жатып, өтiрiк айтпаңыз, ұят болады! Жаралы:--Менi қағып кеткен “Мерседес” қайда?


Шенеунік:-- Қашып кеттi.


Жаралы:-- Бензині таусылып қалсын!.


Шенунік:-- Қойыңыз, ұят болады. Ол да адамның баласы. Кiсiнi сонша балағаттауға бола ма? Бүгiн өзі ауа-райы тамаша екен...


Жаралы:--Не дедіңіз?


Шенеунік:--Жәй, көңіліңізді көтерейін дегенім ғой...


Жаралы:--(сандырақтап) Өмір... О, жарық дүние... Терезенi ашып қойыңызшы, әлемдi көргiм келедi!


Шенеунік:-- О, бейшара, сандырақтап жатыр! Кешiрiңiз, сiз далада жан тапсырғалы жатырсыз...


Жаралы:--«Бір түрлі» банктен несие алған едім... Ұят болды-ау...


Шенеунік:-- Атыңыз кiм?


Жаралы:-- Немене, езiп iшейiн деп пе едiңiз?


Шенеунік:-- Жоға, танысып қоялық дегенiм ғой. Жаралы:-- Танысқанда, тайқар мiнейiн деп пе едiңіз?


Шенеунік:-- Сiзге көп сөйлеуге болмайды. Сiз ажал алдында жатырсыз. Қиналып қаласыз ғой...


 


Жаралы:-- Ойпырмай,ә, сiз сияқты шенеунiктер қашан қарапайым адамға жанашыр бола қалып еді?


Кенет алтын сырғалы келiншек жүгiрiп келдi.


Келіншек:--(құшақтай алып, жаралының басын көтеріп) Әке! Әкетайым! Жаралы:-- Ойбай шырағым, духиiңнен тұншығып барамын!


Шенеунік:--Әкеңізді машина қағып кетті...


Келіншек:--Сіз неғып тұрсыз? «Жедел жәрдем» шақырмайсыз ба? Сізде аз да болса адамгершілік бар ма? Ұятсыз!


Шенунік:--Тақылдамаңыз! Қиналып жатқан әкеңіздің көңілін көтеріп, анекдот айтқалы жатқанымда жетіп келіпті ғой!


Келiншек:-- (сөмкесінен фото сурет шығарып): Ой... Кешiрiңiз, менiң әкеме ұқсайды екенсiз. Менi бiр жасымда, шешемдi он жетi жасында тастап кеткен әкемді іздеп жүр едім... Қателесiппiн, кешіріңіздер... (Сөйттi де, онсыз да қиналып жатқан бейшараның басын сылқ еткiзiп жерге тастай салып, жөнiне кеттi.)


Шенеунік:--Танысып қоялық, менiң атым Жербай. Жаралы:-- Кофе... Бiр жұтым кофе...


Шенеунік:--Кофеде басыңыз қалсын, бiр жұтым су десеңшi! Сізге жаным ашып тұр. Қараңыз, жанарым жасқа шыланды. Неге үндемейсіз? Кеудеңізде жан бар ма? Айтпақшы, қайда тұрасыз?


Жаралы:--Үйде.


Шенеунік:-- Үңгiрде тұрмайтыныңыз маған мәлiм, айтқан жерден аулақ, олай-бұлай болып кетсеңiз, хабарлауым керек.


Жаралы:--Немене, сүйiншi сұрап барасыз ба?


Шенеунік:-- Жоға, мен зиялы қауымнан боламын. Қаланың қай шетiнде тұрасыз? Жаралы:-- Әдiресiмдi бiлiп алып, тонап кететiн қарақшы шығарсыз?


Шенеунік:-- Қойыңыз, менi ренжiтiп қойдыңыз ғой. Кешiрiм сұрауыңызды өтiнемiн. Жаралы:-- Немене, әйелiңiздiң бетінен сүйіп алып па едім? Ойбай...


Шенеунік:-- Тым дөрекi екенсiз, қымбаттым. Әдiлiн айтқанда, жарқыным-ау, менiң әйелiмнiң бетінде сiздiң қандай ақыңыз бар? Ұялмайсыз ба?


Жаралы:--(аяқ-қолын созып) Өмір қымбат, мырзалар...


Шенеунік:--(жүрегін тыңдап) Байғұс... Соңғы сөзін айтты да, тырайып қалды. (сағатына қарап) Жұмыстан кешігермін... Топырағың торқа болсын, бейтаныс пақыр! Кеттім!


Жаралы:--(орнынан атып тұрып) Мен де кеттім! Өлуге уақыт жоқ, қол тимейді!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу