07.02.2022
  1111


Автор: Мұхтар Шерім

ӘЙЕЛІҢІЗДІ ШАҚЫРЫП ЖІБЕРІҢІЗШІ...

 


Әйелдер мерекесі күні кешке қарай есікті біреу сыртынан сипалады. Қаққан жоқ, сипалады... Естіп тұрмын, құлағыма құмырысқа кіріп кеткен жоқ.


Еңіретіп есікті ашсам, көршім Мыжбан екен. Қипақтап, қиылып тұр.


--Не болды?—деп сұрадым мен.


 


--Әйеліңізді шақырып жіберіңізші.


Мен есікті жауып, оны бұрышқа тықтым.


--Әйелімді қайтейін деп едің?


--Жұмысым бар...


--Ол қандай жұмыс?


--Құпия енді...


--Айт деймін, осы сен неге күн ара әйелімді іздейсің де жүресің?


--Қашан?


--Кеше?


--Кеше тұз сұрадым.


--Әйелің келіп сұраса, сырғасы түсіп қалады ма, не?


--Әйеліңіз әйеліме бермейді...


--Неге бермейді?


--Ұрысып қалған...


--Жоғалып қалшы! Жоқ болып кетші, а?


--Әйеліңіз керек еді...


--Сен жындымысың? Менің әйелімде не жұмысың бар деймін?


--Кешіріңіз, сіздің әйеліңізді аса құрметтеуші едім...


--Құрметтесең қайтейін?


--Жақсы әйел.


--Оны өзім де білемін.


--Біздің әйел сияқты емес.


--Құдая сенің әйеліңнің беті құрысын! Көкбет.


--Сосын ғой, сіздің әйеліңізге келіп тұрғаным...—деді ол. Жыным келіп жағасынан ала түстім. Қызғаныштан өртеніп бара жатырмын. «Неге менің әйелімді шақырып алмақ? Бірдеңелері бар ғой! Ұятсыз, мені жұмсап тұр тағы да!»


--Мыжбан, айт шыныңды, менің әйеліммен кездесіп жүрсің бе?


--Ия. Көңілі қаласа бере салады...


Мен оның бетіне шапалақпен салып жібердім.


--Немене бере салады?—дедім мен қалшылдап.


--Неге ұрасыз?—деген ол артына жасырған қолын көрсеткісі келмей, кері шегінді.


--Өлтіремін сені!


--Сіз бермейсіз ғой, апай кейде: «басым сынып тұр, бір  «чекучкаға» жетпей тұр, елу тиын...» десем, бере салады...


--Қазір неге келіп тұрсың, құрметті маскүнем?


--Біздің әйелді білесіз ғой, көк бет. Гүл сыйлап едім, бетіме лақтырып жіберді. Сосын...


--Немене сосын?


--Апайды сегізінші наурыз мерекесімен құттықтай салайын деп...—деген ол артына жасырған бір шоқ гүлін көрсетті... Қуанып кеттім. Жаңа ғана әйеліме «Мерекеңмен!» деп гүл салатын ваза сыйлап едім, жақсы болды ғой. Оның қолындағы гүлін жұлып алдым да, ашылып қалған аузына жүз теңгелікті тастай салдым.


--Бар, басың сынып тұр ғой, жоғал!—дедім. Ол жүз теңгені көріп, қуанып кетті. Құлағына сыбырлап: «Мына гүлге мен тапсырыс берген болайын, сен айтып қойма!» дедім. «Аха» деп ол кетті. Әйелімді гүлмен құттықтап, бөлме ішінде ыңылдап жүр едім, біздің есікті біреу жәймен тоқылдатып, артынша сипалады.. Қоңырауы бұзылып қалған еді... Есікті жұлқып ашсам, көршім қисалаңдап тұр.


 


--Не болды тағы?—деп сұрадым.


--Әйеліңізді шақырып жіберіңізші...


--Әй, саған не керек, а?


--Гүлімді қайтып алайын деп едім, біздің әйелді білесіз ғой, бетон бет. Жаңа ғана:


«Алмаймын, дені дұрыс адам әйеліне иіс су, алтын сырға сыйлайды, сенде ондай ақша да жоқ!» деп қуып шыққан еді ғой.


--Енді?


--«Гүліңді қайда құрттың? Әкел деймін ойбай, мамама барып, құттықтап келеміз!» дейді... Құдай үшін, әйеліңізді шақырып жіберіңізші, ол мені түсінеді...


Мен оның бетіне быттиған қолымды жауып, итеріп жібердім. Мұндай көршіні көрсем, көзім шықсын! Айқай- шуды естіп, әйелім есіктен басын қылтитты. Қолында «мен сыйлаған» гүл шоғы. «Бәрін естідім. Мыжбан көрші, гүліңді ала ғой...» деді де, маған ала көзімен зеңбірек атып, есікті тарс жапты. Мыжбан болса, гүлін алып, айран асыр үйіне кіріп кетті. Мен тұрмын подьезде пияз жегендей тыжырынып... Қазір «Ұлы Отан соғысы» басталатын болды... Нем бар еді, көрші алқаштың гүліне құмартып? Өмірімде әйеліме гүл сыйлап көрмеппін... Вазаны кабинетімнен ала шығып едім... Есіктің сыртынан сипаладым... Үнім де әрең шықты: «Қатипаш, хал... халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын!» «Әй, Ахмет, ілтипатыңа рахмет!» деген әйелімнің даусы шықты іштен. Бірақ есікті ашпады. Ойбай, неғып тұрмын? Қырғыз министрінің өзі, митингіге шыққан әйелдерге гүл сыйлады емес пе? Гүл іздеуге кеттім! Айтпақшы, мен танитын, танымайтын қыз-келіншектер! Мерекелеріңіз құтты болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу